Экономика • 16 Қараша, 2023

Қарағанды экономикасындағы ілгерілеу

166 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында баспа­сөз мәслихатын өткізіп, өңір­дің әлеуметтік-эконо­мика­лық даму барысын баяндады. Аймақ басшысы әуелі Костенко шахтасында қаза болған кенші­лерге көрсетіліп жатқан көмек жөнінде әңгімеледі.

Қарағанды экономикасындағы ілгерілеу

Кеншілерге көмек

Бүгінде 46 отбасы Бірыңғай жи­­нақтаушы зейнетақы қорынан жер­леу­ге біржолғы төлем алды. Кәме­лет­ке толмаған әрі 23 жасқа дейін­гі жо­ғары оқу орындарында оқи­тын ба­лала­ры бар 20 отбасына асырау­шы­сы­нан айырылу жағдайы бойынша мем­­лекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайын­далыпты.

Аймақ басшысының айтуынша, мемлекет қаза тапқан кеншілер отбасыларын әрі қарайғы қолдау шараларын атқаратын болады. Өз тарапынан «АрселорМиттал Теміртау» компания­сы 44 отбасына 10 жылдық жалақы төледі. Қаза тапқан кеншілер отбасы мүшелерінің несиелері толығымен өтелді. Мұнымен бірге жұмыс беруші  әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр пайдалы алаң есебімен пәтер сатып алады. 18 жасқа дейінгі балаларға сақтандыру төлемдері болады (оқу кезеңінде 23 жасқа дейін).

«Қазір зардап шеккен төрт адам түрлі медициналық мекемелерде ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа және жеңіл деп бағалайды», дейді облыс әкімі.

 

Өндірістегі өсім

Облыстың кейінгі 10 айдағы әлеу­меттік-экономикалық жағдайы туралы Е.Қабдулаұлы былай деді.

– Биыл 5 жоба іске қосылды. 380-нен аса адам жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы алты жаңа өндіріс ашылады, олардың ішін­де тұрмыстық техника мен автомобиль шиналарын шығаратын зауыттар да бар. 1900-ден аса қарағандылық жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді спикер.

Өңірімізде 56 инвестициялық жоба пулы құрылып, 1,5 трлн теңгеге 56 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл дегеніміз – 13 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.

Өңірде «Saran» индустриялық айма­ғы­ның дамуы сәтті жалғасып жатыр. Мұн­да инфрақұрылым жұ­мыс­тары аяқта­луға жақын. «Сары-Арқа» және «Saran» өнер­­кәсіптік ай­мақтарының аумақ­та­рында болашақ инвесторлар үшін 400 гектарға жуық бос алаң дайындалды.

Өнеркәсіп көлемі 2,8 трлн теңгені құрады. Үшінші жыл қатарынан өңірді дамытуға жеке инвесторлардың инвестициялары ұдайы ұлғаю үстінде. Аталған кезең ішінде  облысқа шамамен 641 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 86%-ы жеке инвестиция­лар санатынан.

Сондай-ақ Е.Қабдулаұлы машина жасау, жеңіл және қағаз өнеркәсібі, фар­мацевтика, қара металлургия өн­ді­ріс өрісінің көш басында екенін атап өтті.

 

Ел рейтингіндегі екінші орын

Қарағанды облысы бизнесті жеңіл жүргізу бойынша ел рейтингінде екін­ші орынға ие болды. Іскерлік бел­сен­діліктің өсуін облыс әкімі Ермаған­бет Бөлекпаев төмендегі сөзімен түсін­дірді.

– Шағын және орта бизнес субъек­тілерінің саны 12,2%-ға өсті.  Бұл –  100 мыңнан аса жаңа салық төлеу­шілер. Яғни белсенді халықтың жа­ры­мы десек жарасады. Демек, облыс­тың әрбір екінші тұрғыны шағын және орта бизнестің екі тізгін бір шылбырын тізгіндеген. Ал шағын және орта бизнес өнімін шығару 1,2 трлн теңгеге жетті, – деді өңір басшысы.

Облыс республикада бірінші болып бөлшек салық мөлшерлемесін екі есе төмендетті. Мұның арқасында өзгеріс енгізілген сәттен бастап салық төлеуші саны алты есе өсіп шыға келген. 900-ден аса кәсіпкер бизнесті қолдаудың тың мүмкіндігін қолдану мәртебесін иеленді.

Ірі компаниялар тарапына қыз­мет көрсетуге 800-ден аса ірілі-ұсақ­ты бизнес кәсіпорындары жұмыл­дырылыпты. Бұл – қосымша жұмыс орны. Сәйкесінше алты мыңнан аса тұрғын жұмысқа орналастырылды.

Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағыт­талған мемлекеттік бағдарлама­лар легі табыс арттыруға айтқысыз сеп. Мысалы, жастардың әртүрлі биз­нес-идеяларын іске асыру үшін жыл­дық 2,5% мөлшерлемемен несиені айтпағанда,   365 кәсіпкерге арналған грант мақұлданған. Ұлттық жоба негі­зін­де 212 грант иесін тапты. «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 396 бизнес-жоспар бекітіліп, жыл соңына  қарай барлық бағдарлама бойынша бизнесті қолдау жобалар портфелін 5,5 мыңға дейін жеткізу көзделді.

Ұлттық деңгейдегі жоба, бағдарла­ма және жеке бастамалар есебінен  43 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 11 мыңнан аса жас жұмысқа орна­ластырылды. Уақтылы қабылдан­ған шаралар ауқымы өңірдегі жұмыс­сыздық деңгейін 4,1%-ға дейін төмен­детуге игі ықпал етті. Өзге өңірлер арасында бұл дерек ең төменгі көрсеткіш есебінде тіркелді.

 

Қарағандыда құрылыс та қарқынды

Қарағанды облысының моноқала­лары мен ауылдарында тұрғын үй, мек­­теп пен заманауи қалыптағы меди­ци­­на­лық нысандар бой көтеру үстінде. Нақ­ты­лап өтер болсақ, 2025 жылға дейін Қа­ра­ғанды облысында қосымша 22 мек­теп салынып, оның 18-і «Жайлы мек­теп» бағдарламасы шеңберінде жү­­зеге аспақшы. Бұл орайда 10 жайлы мек­тептің құрылысы басталып та кет­­кен. Бұған Қарағандыда тағы бір за­ма­­науи оқушылар сарайын қосып қойыңыз.

Жыл соңына дейінгі мерзім ішінде 400 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа тапсыру межеленіп отыр. Есесіне кезекте тұрғандар саны 700 адамға қысқарады деп күтіліп отыр.

– Біз тек облыс орталығында ғана емес, моноқала мен ауданда да үй саламыз. Өңірде барлығы 392,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болса, жыл соңына таман осы көрсеткішті 400 мың шаршы метрге жеткізбек ниет бар, – деп жеткізді Қарағанды облысының әкімі.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету – өңір­­дегі басым міндеттердің бірі. «Жас отбасыларға арналған ипотека» бағдарламасын 97 отбасы пай­да­ланды. Осы орайда 153 несие ре­сімдеу жоспары тұр. Еске салып өтелік, кенші мен металлург үшін жеңілдетілген ипо­теканың өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді. Дәл осы тарапта  2 млрд тең­геге 121 ипо­текалық несие берілді.

Денсаулық сақтау нысандарын са­лу­ға және ауылдық аудандар мен мо­но­­қалаларға дәрігерлерді тартуға да же­те көңіл бөлініп отыр. Ауылдарда 92 ден­­­саулық сақтау нысаны салынып, оның 14-і осы жылдың соңына дейін аяқ­­талуға тиіс. Балқаш пен Те­міртауда ор­­та­лық ауданаралық ауруханалар ашылады.

Ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту үшін қосымша қаржылық қол­дау көрсетіліп,  әрбір медицина қыз­меткеріне 5 млн теңге сомасында қа­ра­­жат ажыратады. 69 маманымыз ше­тел­де оқудан өтті.

Мұнымен қоса, аймақ басшысы Қарағанды облысында 10 мил­лиард теңгеге инвестициялық жобалар іске асып жатқанын қоса кетті. Агро­өнеркәсіптік кешен аясында 24 жоба табысты аяқталып, бар-жоғы 10 млрд теңгеге 28 инвестициялық жоба бас­тау алды. 193-ке тарта жаңа жұмыс орны құрылмақ.

 

Жылу жүйесіндегі жұмыстар 

Қарағанды облысы жылу маусымына дайын. Қазір­гі уақытта өңірде­гі бар энергия көз­дерінің штаттық режимдегі жұ­мы­сы қалыпты. Жылу желілерін салып, реконструкциялау бойынша 17 инфра­құрылымдық жоба жалғасын тапты. Брифинг барысында аймақ басшысы Е.Бөлекпаев тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстармен де бө­лісті.

Мәселен, Қарағандыда ұзындығы 21,5 шақырым жылу желісін жөндеу әрі жаңғырту амалдары аяқталды. Есе­­сіне 70-ке жуық тұрғын үй мен 13 әлеу­­меттік нысанды жылумен жаб­дық­­тау сапасын жақсартуға мүмкіндік туған.

Ал металлургтер қаласы Темір­тауда 28 шақырымға жуық жылу желі­лері жөнделді. Осының арқасында 500-ге жуық тұрғын үй мен 50 әлеу­мет­тік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.

Бұған дейін Шахтинск жылу электр орталығында бірқатар түйткілдер туындағаны мәлім еді. Мұнда да негізгі қосалқы жабдықтар, үш қазандық және екі турбина жөнделді. Жылу көзі штаттық режімдегі бірқалыпты  жұмыс қарқынына көшті.

Аймақты газдандыру да табысты жалғасып жатыр. Газ тарату желілері 5,5 мың жеке үйге жеткізілген. Қара­ған­ды мен Теміртаудағы үшінші іске қосу кешені бойынша құрылыс-мон­таждау жұмыстары аяқталуға жа­қын. Бұл орайда қос қала тұрғын­да­ры арасындағы әлеуметтік осал топтар­­дың баспанасын газға қосу үшін бір реттік төлем бөлінді. Жалпы сомасы – 86 млн теңге. Бұл игі шараға 225 отбасы қол жеткізді. Жеке сек­­тор тұрғындарын газға қосуға ар­нал­ған пайызсыз қарыздың арнайы бағдарламасының пайдасын жергі­лікті жұрт жылы қабылдады.

 

Автобус паркі жаңартылады

Қарағандыда қоғамдық көлікті жаңарту үдерісі үдемесе, кемімеді. Жыл соңына дейін 195 автобус сатып алу межеленсе, оның 187-сі күні бұрын жеткізілді. «Нәтижесінде, Қара­ғанды маңына қызмет көрсе­тетін авто­бус­тардың 50 пайызы жаңар­тыла­ды», деп атап өтті облыс басшысы. Сон­­дай-ақ биыл 1354 шақырым авто­жол жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» жо­ба­сы бойынша 22 ауылдық елді ме­кен­­де жол жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.

 

Сан сауалға жауап

Аймақ басшысы Е.Қабдулаұлының баяндамасынан соң кезек сұрақ-жауап­қа келді. Бірнеше БАҚ өкілдері Қара­ғанды өңіріне қатысты түйткілді мәселелер жөнінде сауал жолдады. Мәселен, Теміртаудағы жылу мәсе­лесі көтерілді. Өз кезегінде аймақ басшысы құрыш қалада жылу құбырын ауыс­тыру жөнінде қыруар жұмыс атқа­рылып жатқанын атап өтті. Жол мә­селесіне қатысты сұрақтар да қойыл­ды. Балқаштағы қалаішілік жол­­­дар­­дың сапасыздығы сөз етілді. Об­­лыс әкімі туристер қаласында су және жылу құбырлары ауыстырылып жатқанын, 2-3 жылда жұмыс аяқталып, көшелер асфальтталатынын жеткізді. Онымен қоса келер жылы Ақтоғай мен Ақсу – Аюлы арасындағы жолдың да 40 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деді. Сонымен қатар Қара­ғанды облысындағы электр желіле­рінің 60 пайызы тозғанын, дегенмен бұл саладағы жұмыстар да шешімін тауып жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта екінші электр стансасын салу жоспарда барын жеткізді.

 

Қарағанды облысы