Еңбек • 16 Қараша, 2023

Тракторшы келіншек

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шет ауданы, Жоғары Қайрақтыға қарасты Майбас қыстағында Арайлым есімді келіншек трактор тізгіндеп, шөп шабады. Онымен қоса, үйіндегі шаруасын да шашау шығармай өзі атқарады. Күнделікті тамағы, сауатын сиыр-биесі бар, тартатын сүті, шайқайтын майы, жаятын құрты бар дегендей...

Тракторшы келіншек

Күнделікті осынау тірлікті шаңырақ­тың келісті келіні Арайлым атқарады. Біз­дің таң қалғанымыз мынау: арасын­да уақыт тауып, жары Дарын Ізтілеу­ұлына қолғабыс етеді. Қасында жүріп, жұмсағанға жарап тұрса, аса таңырқамас едік. Ал Арайлым өздеріне тиесілі ша­ғын шаруашылықтың үлкен жұмысын жүйелеп отыр. Жаз бойы көк тракторды мініп алып, шөп шабады. Оны жинайды. Қыста қымтанып алып, мал жайғауға шығады.

Мұндай қыстақтың қара жұмысына барған себебі мынада екен. Күйеуі Да­рын – үйінің жалғыз ұлы, яғни қара­шаңырақтың иесі.

«Осының бәрін түйсінген соң, саналы түрде, өзім өтініш жасадым. Әйтпесе, шаруашылыққа жалғыз өзі үлгермей жатады. Бір жағынан өрістегі малды қарау керек, онымен қоса, шөп науқаны бар. Содан маған «Ауди» көлігінен бастап, мотоцикл, трактор жүргізуді үйретті», дейді тракторшы келіншек.

Алғашында Арайлым мотоциклмен қырда жүрген күйеуіне көже-қатық апарып тұрған. Мал қайырысады. Үйдегі тір­лікке қарайласады. Қысқасы, тыным жоқ.

Ал Дарын қазір келіншегіне әбден сеніп алған. Тракторын, көлігін жөндесе Арайлымсыз аттап баспайды-мыс. Неге десеңіз, жас келін кілт-сайманның бәрін жаттап алыпты. Ендігі мақсаты да мынау: жөндеп үйреніп алсам, алаңсыз қырда шөп шаба беретін.

Арайлымның қыстаққа келін боламын дегені үш ұйықтаса, түсіне кірмепті. «Болашақ» колледжін тәмамдаған соң, Жылжымайтын мүлік орталығына жұмысқа тұрады. Сол кезде осындай қыстақтарды аралап, үйдің, жердің, баздың өлшемін жасайды екен. Сондағы бастығы Арайлымға әзілдеп «Ертең осындай қыстаққа келін боласың», дейді екен. Ал Арайлым болса, «Алла сақтасын» деп, ат-тонын ала қашқан көрінеді.

Бастығының айтқанын Алла қабыл етіп жібереді де, көп ұзамай қыстақтың қара домалақ келіні болып шыға келеді.

«Енемнің мектебі ғой», дейді өзі. Ауылда өскенімен, сиыр-бие сауа алма­ған көрінеді. Мал сауа алмаған соң, бел­­гілі сүт тартып, ірімшік қайнатуға да жат­тығы бары. Бірақ Арайлым мұ­ның бәрін бір көрсеткеннен-ақ қағып ала­­ды. Қазір қыстақта отырып-ақ, қы­мыз-құртын, май-қаймағын Астана мен Алматыдағы тұтынушыларына жөнелтеді.

Шағын шаруалықтарында 50 қазақы сиыр, бір үйір жылқысы бар. Мемлекет тарапынан қолдауға жүгіне қоймапты. Тек, жаңа трактор алғылары келіпті, алайда кепілдік болмаған соң, оған қол жеткізе алмапты. Ендігі ой-мұраттары – екеулеп еңбек отырған соң, шаруашылықты әрмен қарай үлкейту, өрісті малға толтыру.

Еңбек көріп өсіп келе жатқан үш ұлының да ыңғайы шаруашылыққа келеді екен. Күні ертең олар да мыңғырған қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр айдаса, таңырқамаймыз.

«Келіншегіммен танысқанымызға үш ай уақыт өткен соң, отбасын құрдық. Жар таңдаудан қателеспеппін. Үйдегі жалғыз ұл болған соң, бүкіл жүк маған түсетін еді. Қазір сол жүгім жеңілдеді. Жарым Арайлым өзі маған жаны ашып, көмектескісі келді. Барлығын тез үйреніп алғанына өзім де таңмын. Қысы-жазы даланың шаруашылығы бітпейді ғой. Бұрын малдан сыртқа мүлдем шыға алмайтынмын. Қазір келіншегіме тапсырып, алаңсыз кете беремін. Осындай адал жан жолыққан мен шыныменен бақыттымын», – дейді жолдасы Дарын.

– «Май-май болып трактор жүргізгені несі?», деп сөз қылғандар табылды. Бірақ нағыз адал еңбек, маңдай тер осы деп ойлаймын. Күні ертең үш ұлымыз өскен соң, шаруамыз дөңгелеп кетеді деп сенеміз. Ал оған дейін күйеуіміз екеуміз еңбек ете береміз, – дейді тракторшы келіншек.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы