Баяндамада дұрыс инвестициялар мен стратегиялық шешімдер жасалған жағдайда 2030 жылға таман Транскаспий бағыты бойынша сауда көлемінің үш есе ұлғаятыны және бұл ретте маршрутпен жүріп өту уақытының екі есе қысқаратыны айтылады. Мұндай нәтиже жергілікті және өңірлік экономиканың дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын құру, көмекші салаларға сұранысты ынталандыру және бизнесті тарту тұрғысынан халықтың кең тобына пайда әкеледі.
«Орта дәліздің өміршең ғана емес, маршрут бойында жағалай орналасқан елдердің экономикасы үшін ерекше маңызды екенін біздің жаңа деректеріміз растай түседі. Әзербайжан, Грузия және Қазақстан басқа елдермен бірге осы дәлізді ілгерілетудегі өз көзқарасын келісуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Дүниежүзілік банк маршрут бойындағы елдердің үкіметтерімен және басқа да көпжақты ұйымдармен серіктестікте орта дәлізді дамытуға қолдау көрсетуге дайын», дейді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани.
Орташа дәліздің басты маңыздылығы мен артықшылығы ретінде аймақішілік сауда дәлізі ретінде бере алатын пайдасын айтуға болады. Әзербайжан, Грузия, Қазақстан және Еуропа арасындағы сауданың кеңеюі сұраныстың негізгі факторы болып отыр.
«Дәл қазір Транскаспий дәлізінің бәсекеге қабілеттілігін, оның өткізу қабілетін арттырудың, тиімділігін көбейтіп, шығындарын қысқартудың тамаша сәті туып тұр. Институционалдық және операциялық шаралар есебінен тиімділікті қысқамерзімді арттырудың ортамерзімді инвестициялармен қатар үйлесуі көлік дәлізінің жұмыс істеуін нығайтуға және оның әлеуетін жандандыруға мүмкіндік береді», деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі инфрақұрылым бойынша өңірлік директоры Чарльз Кормье.
Баяндамада көлік қызметтеріне сұранысты қанағаттандыру және Қазақстанда, Әзербайжанда және Грузияда экономикалық дамуды қолдау үшін қажетті негізгі стратегиялық шешімдер мен инвестициялар айқындалған. Оларға мыналар жатады:
- Үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін дәлізге қатысты тиімді логистикалық шешімдер ұсыну;
- Мультимодальды инфрақұрылым сипаттамалары, деректермен алмасу және транспорттың кедергісіз қозғалысы үшін, әсіресе шекаралас аумақтарда процедуралар мен үдерістерді жеңілдету және реформалау;
- Жол бойындағы жүк ағындарын бақылауды жақсарту және шекарадағы кідірістерді азайту мақсатында цифрлық шешімдерді синхрондау. Бірыңғай және үйлесімді құрылым аталған дәліздегі үдерістер мен операциялардың цифрлық трансформациясына ықпал ете алады;
- Кемелердің болуын қамтамасыз етудегі тежегіш факторларды жоюға және порттардың өнімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, Каспий және Қара теңіз арқылы тасымалдау кезінде операциялық тиімділікті арттыру;
- Инвестицияларға басымдық берудің бірыңғай жүйесін келісу. Баяндамада олардың басымдылығын анықтау үшін қосымша бағалауды қажет ететін бірқатар инвестициялық мүмкіндіктер қарастырылады.