Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2023

Қолмен ұстап, жүрекпен сезін

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зағип жандардың көзі көрмесе де, көкірегі ояу екеніне шүбә жоқ. Олар да айналаны таны­ғысы, танымын арттырғысы ке­леді. Жамбыл облысында көзі көр­мейтін немесе нашар көретін 5 173 тұрғын бар. Оның 1 612-сі об­лыс орталығында ғұмыр ке­шіп жатса, қалғаны аудандарда қоныстанған.

Қолмен ұстап, жүрекпен сезін

Өңірде зағип жандарды қоғам өмірі­нен қалтарыс қалдырмау мақса­тында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасының ұйытқы болуымен алғаш рет Жамбыл облысында «Тифломузей» жобасы қолға алынды. Жоба аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінен «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін» тақырыбында арнайы бұрыш ашылды.

«Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеген соң, олардың пси­хо­логиялық жағдайына, өмірге бейім­де­луіне, қоғамнан алыстамауына мән береміз. Бұл бағыт бойынша кітапханада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Зағип адам өз қиялындағы сюжеттермен өмір сүреді. Сондықтан қазіргі таңда кітапхана мамандары инклюзивті білім беру және қолжетімді орта қалыптастыру, әлеуметтік ақпаратқа қол жеткізу жұмыстары және жаңа технологияны меңгеру тәрізді түрлі жобаларға басымдық беріп отыр», дейді облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.

З.Дүкенбаеваның айтуынша, жоба аясында ашылған бұрышқа көне Тараздың ықылым заманнан бергі тарихынан сыр шертетін ондаған жәдігер қойылған. Экспозицияға орналастырылған әр жәдігерге Брайль қарпімен атауы жазылып, QR-код арқылы аудиожазба бастырылыпты. Нәтижесінде, зағип жандар өздерінің жеке смартфонымен музейді аралап, гидтің көмегінсіз ақпарат алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Кітапхана қызметкерлері мен облыстық тарихи өлкетану музейінің бірлесіп қолға алған жобасы олардың көкейіне қонады.

«Бұл жоба қазіргі кезде аудан орта­лықтарындағы музейлерде де жалғасын тауып отыр. Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Мойын­құм аудандық тарихи-өлкетану музейлерінде тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар, қолжазбалар мен баспа құжаттары, бейнелеу және сән­дік өнер туындылары және өзге құн­дылықтар зағип жандардың назарына ұсы­нылса, Қордай аудандық әдеби-ме­мориалдық музейі қордайлық оқырмандар үшін Кенен Әзірбаевтың өмірі мен өнеріне арналған арнайы бұрыш ашты», дейді З.Дүкенбаева.

Еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында қолға алынған жоба мүм­кіндігі шектеулі азаматтар тарапынан зор қызығушылық туғызып отырғаны анық. Соған қарағанда «Тифломузей» жобасы алдағы уақытта да жалғасатын көрінеді.

 

Жамбыл облысы