Руханият • 06 Желтоқсан, 2023

Қара өлеңге дес бермеген Мұрат Мөңкеұлының айтыскерлік шеберлігі

427 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мұрат Мөңкеұлының біз қараған жазба деректерде жеті айтысы ғана бар. Айтыс ауызша таралатын өнер болғандықтан кейбір айтыстары бізге жетпеген болуы да мүмкін. Мәселен, Бәленей мен Қалнияз, Шолпан ақындармен сөз таластырғаны деректерде болғанымен мәтіні сақталмаған. Кейбір мәліметтерде алты айтысы бар делінген. Оның төртеуі бір қайырыммен, яғни Мұраттың қарсыласын алғашқы кезекте сөзден тоқтатуымен аяқталады. Осы жеті айтысының өзінен-ақ оның заманында алдына жан салмаған өлең жүйрігі, айтыстың абаданы болғаны көрінеді. Мұрат Мөңкеұлын алғаш зерттеген Халел Досмұхамедұлы: «Мұрат бала күнінен-ақ өлең айта бастаған. Он бестен асқан соң той-тобырда өлең айтуды мүсе етпей, заманындағы айтқыштардың барлығын айтысып, жеңген. Айтысқа өте шебер болған. Мұраттың өмірінде айтыстан жеңілген орны болмаған. Айтыстың көбі Мұраттың жігіт күнінде болған», деп жазады.

Қара өлеңге дес бермеген Мұрат Мөңкеұлының айтыскерлік шеберлігі

Ақынның шығармашылығын зерттеген академик Бауыржан Омаров Мұраттың анасы Қырықжылқы мен ағасы Матайдың  да ақын болғанын атап өтеді. Ауызша деректерде Жылқышы ақынмен айтысқа алдымен Мұрат емес, Матай дайындалған көрінеді. Бірақ Есет бидің ұйғарымымен айтысқа Мұрат шыққан.

Мұраттың алғашқы айтысқа талпынысы жеті жасында байқалады. Қаратоқай руының Барахат деген белгілі адамымен сөз қағысы – соның дәлелі. Қайым айтыс үлгісіндегі бұл қағысуда бала Мұраттың суырыпсалма өлеңге ес жиып, етек жапқан кезінен бейім болғаны байқалады.

Айтыстың заңдылығында айтысатын қар­сыласы даңқты болса айтыстың да, ақын­ның да бағасы биіктей түседі. Бұл ретте Мұрат­тың үш жүзге аты мәлім Қашаған Күр­жі­ман­ұлымен кездесуін айтуға болады. Бұл айтыс дегеннен гөрі сөз қағыстыруға келеді. Бір қайырыммен, бір-бір шумақпен ғана аяқталған қысқа қағысуда Мұраттың:

 «Аман-есен жүрмісің,

 Қашаған аға – заңғарым,

 Қайдан білсін мына жұрт,

 Қашаған мен Мұраттың

 Анттасып дос болғанын.

 Біліп келе жатырмын,

 Кейбір жылпос қулардың,

 Айдап салып біздерді,

 Айтыстырмақ арманын», деген­ сөзі­­нен сол уақыттағы екі даңқ­ты ақын­ды айтыс­ты­рып, қызық көрмек бол­ған қулардың әре­ке­тіне наразылығын, Қашағанға деген ерекше құрметін аңға­рамыз. Бұл сол уақыттағы кеу-кеуле­ген кей­біреудің Балуан Шолақты Қажы­­мұ­қанмен күрестірмек болған әреке­ті­не ұқсас. Қашағанның да Мұраттың ақын­ды­­ғын ерекше бағалағаны өлеңінен аңға­ры­­лады:

 «Бармысың менің жүйрігім,

 Алдыңа қара салмаған.

 Айыбым бар, білемін,

 Іздеп сені бармаған...

 Қу тірліктің қамымен,

 Ініден хабар алмаған».

Кейбір зерттеушілердің есебіне енбей жүрген – осы айтыс. Ақындардың бір-біріне тілектестігі, жүз көріскенде дәстүр бойынша өлеңмен амандасқаны деп есептесе керек. Бұл сөз қағысында басқа айтыстарындағыдай сауалға уәж қайтарып, сөзбен шарпысу жоқ.

Ғалым Бауыржан Омаровтың Мұрат­тың айтыскерлігі туралы: «Мұрат есейе келе айтысқа ден қойған. Ол туып-өскен Атырау өңірі айтыс ақындарынан кенде емес еді. Жасынан ойын-сауыққа араласып, сал-серілерге ілесіп, жиын-тойдан қал­майтын Мұрат солардың сөз сайысынан нәр алып, айтысқа бейімділігін көрсете бастайды. Ал ақын деген қадірлі атақты алу үшін сол кездегі қазақ дәстүрі бойынша белгілі деген бірнеше ақынмен айтысып, сыннан өту, жүлде алу шарт еді. Мұраттың айтысқа шығуы үшін бойы­на біткен ақындық қабілеті, тапқырлығы аздық етеді», деп басталатын көлемді зерттеуі оның ақындық жолының қалай бас­талып, қалай өрбігенінен ақпарат береді.

Негізі, айтыс ақынының үнемі жеңуі міндетті емес. Ахмет Байтұрсынұлының: Айтысқанда екі күрескен балуандар сияқты бірін-бірі аңдиды, бірін-бірі бағады. Күрескендегі бірін-бірі жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұн­да да істейді. Айтысқанда жай сөзбен ай­тыс­пай, өлеңмен айтысады. Сондықтан өлең­мен ғана айтысу айтыс деп аталады,­ – деген тұжырымына сүйенсек, айтыс ақы­ны­ балуандар сияқты бірде жеңіп, бірде же­ңілуі қалыпты жағдай (Байтұрсын­­­­­­ұов А.­ Әдебиет танытқыш. Алматы: Атамұра, 2003.). Бірақ бұл ойымызды Мұрат сияқты мық­ты ақындарға таңа алмаймыз. Өйткені ол – үнемі жеңімпаз. Әрбір айтысында мерейі үстем тұрады. Қарсыласын салған бетте жыға салатын, жауырыны жер иіскемеген балуан сияқты ақын.

Ол алғаш Жылқышы деген ақынды сөзден сүріндірген. Жылқышы жеңіле сала­тын осал ақын емес. Ысық деген үлкен рудың сол аймаққа аты белгілі, белді ақынның бірі болған. Оны айтыстың үстіндегі:

«Мен кімнен айтар сөзге қорғалайын,

Ойықтың тізгін үзген бұлбұлымын», деген сөзінен-ақ байқауға болады. Атақты «Біржан-Сара» айтысында Біржан­ның Сараға «Сайраған Орта жүздің бұл­бұлымын» деп өз даңқын әспеттеп доқ көрсете сөйлеуі айтыс дәстүрінде ертеден бар әдіс. Жылқышы ақын соны пайдаланып Мұрат­тан мықты екенін көрсеткісі келеді. Мұрат­ты жеңетініне сенімді сөйлейді. Айтыс­­тың мазмұны Біржан мен Сараның, Сүйін­бай мен Қатағанның айтыстары сияқты әркім өз елінің мықтыларын мадақтап, қар­сы­лас елінің осал тұстарын айтумен өрбиді. Бірақ бұл жағдайда Мұраттың өле­ңінің бәсі биік болады. Өйткені ол Жыл­қышы руының осал тұстарын әбден зерттеп, үлкен дайындықпен келген. Қарсы­ла­сының рулық тарихын тарата оты­рып, адымын аштырмай сөзбен матап тастайды.

Деректерде Мұраттың екінші айтысы 1863 жылы жиырма жасында таз руының ақыны Бала Оразбен болғаны айтылады. Бұл сөз барымтасы талаптарын толық орындамаса да қайым айтыс үлгісіне келеді. Қарсыласының аты Бала Ораз болғанмен жасы Мұраттан үлкен. Оны айтыс барысындағы сөзінен аңғарамыз:

«Мұратжан бала сен бе едің,

 Жоқ еді бұрын көргенім.

 Көрмегеннің белгісі –

 Жасың үлкен аға деп,

 Көрісіп сәлем бермедің».

Дәстүрлі қайым айтыстарда он бір буынды, төрт жолды өлеңмен жауаптасады. Төрт жолды шумақтың алдыңғы екі жолын­ қайталай отырып, соңғы екі жолы­мен қарсыласқа жауап қайтару керек. Айтыс жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде болғанымен, алдыңғы алты жолында Бала Ораздың алғашқы жолдарын қайталап жауап беруі қайым айтыстың үлгісіне келеді.

 «Мұратжан бала мен едім,

 Жоқ еді бұрын көргенім.

 Көрмегеннің белгісі,

 Жасың үлкен аға деп

 Көрген соң сәлем бермедім».

 Айтыста Мұраттың жауабы нақты, уәжі мығым екені анық көрінеді. Бұл айтыс­та екі ақын да бауыр жазып, еркін көсіле алмаған. Бір қайырумен ғана тәмам болған тайталаста Мұраттың жеңісі шыққан күндей айқын көрінеді.

Дәл осы Бала Оразбен айтысы сияқты Жаскелеңмен айтысы да бір жауаптасумен тоқтаған. Деректерде айтыс 1868 жылы болғаны айтылады. Кете Бекберген жыраудың баласы Жаскелеңнің:

« Жылқыға кедей ел ме едің,

 Қаңғырған Байұлының баласы», деген шабуылына Мұрат жұлып ал­ған­дай:

 «Жылқыға кедей ел емен,

Жөніңді тап та жылқыңды ал», деп асқақ жауап береді. Ескі айтыс дәстүрінде рудың кемшілігін бетке басып айту қалыпты жағдай болған. Ол кемшіліктерге ақынның тапқыры, кемел білімдісі ғана тосылмай жауап беретін болған. Бұл айтыс­та­ да Мұрат бәсекелесінен ақындығы мен қарым-қабілеті артық екенін дәлелдейді.

Келесі Ізім ақынмен айтысы да бір қайы­ры­ммен аяқталатын айтыстарының қата­рына кіреді. Ізіммен, Жаскелеңмен айтыс­тарының құрылымы жоғарыда айтылған Бала Оразбен айтыстарына ұқсас. Ақын қар­сыласының алғашқы жолдарын іліп алып, өз сөзін өзіне жауап қылып қай­тара­ды. Бұл да – айтыста бар үрдіс. Бірақ оған ақын­ның ойының ұшқырлығы, жүйелі өлең құрауға шеберлігі аса қажет. Ізіммен айты­сында толық жеті буынмен жырлай­ды. Үш айтыста да қарсыластары сөз бас­тап, Мұрат бір дегеннен тоқтатып отыр­ған. Басқа қарсыластары бір-бірін біл­ге­ні­мен, Ізімнің салған жерден аты-жөнін сұра­ға­нына қарағанда Мұратпен бұрын таныс болмағанын, кездейсоқ жолыққанын аңға­ра­мыз.

Мұраттың Тыныштық, Жантолы, Шол­пан­ деген әйел ақындармен айтысқаны ту­ра­лы дерек бар. Алдыңғы екеуінің айтыс мә­тіндері болғанымен соңғысын таба алма­дық. Соған қарағанда, Шолпан ақынмен ай­ты­сының мәтіні сақталмаған болар деп топ­­шылаймыз. Жылқышымен, Жантолымен және Тыныштықпен айтыстары басқа айтыс­тар­­ға қарағанда кезек­тесіп, жауаптасып ай­тыс­­қан толық­қанды дәстүрлі айтыс деуге бо­­ла­ды.

Жантолымен айтысы мазмұны әзіл-қалжыңға құрылған қыз бен жігіт айтысы болғанымен, құрылымы жағынан бір шумақпен ғана жауаптасатын түре айтысқа және қарсыласының шумағының алғашқы екі жолын қайталап, соңғы екі жолымен жауап беретін қайым айтысқа да жатады. Жантолы екеуі жас күндерінен әзілдесіп айтысып, бірақ жеңісе алмаған құда бала мен құдаша екенін айтыстағы ауанынан байқауға болады. Мұрат жолаушылап кеткенде, Жантолы ұзатылған екен. Мұрат қыздың артынан іздеп барып айтысады. Жантолыны тиген күйеуінің бала кезде бұзаутаз болып ауырып, орны қалып қойғанын естіп соны бетіне басады:

 «Аз еді қыдырып көрмегенім,

 Ойымда тағы да бар көздегенім.

 Таз бенен ақбас қотыр бір нәсілді,

 Ақ басты көрмеймін бе емдегенін».

«Біржан-Сара» айтысында да адуын­ды ақын Сараны сөзден жеңу үшін Жиен­құл­дың­ кемтарлығын айтып тоқтататыны бар. Бұл айтыс та соған ұқсас.

Ал Тыныштықпен айтысы баспасөз бетіндегі кейбір деректерде қазіргі Қызыл­қоға ауданының аумағында болғаны айты­лады. Сүре айтыс үлгісіндегі бұл сөз барым­тасының қысқаша мазмұны былай. Тоқта­мыс ауылына Шеркеш руының қыз ұзату тойына шақырылған Мұратты жұрт Тыныш­тық деген әйелмен айтыстырады. Сөзді бастаған Мұрат төкпелетіп келіп былай дейді:

 «Даусымды тыңдайды әркім тосы­нын­да-ай,­

 Ай жарық, әні сұлу қосылуға-ай.

 Кемпірмен елудегі айтыс деген

 Шеркештер, қорлық білдім осыныңды-ай­».

Тыныштық та жасын айтып кем­сіт­пек болған Мұрат елінің біраз кем­ші­ліктерін біледі. Екі ақын да бір-бірінің руларындағы кейбір адамдарының жасаған іс-әрекеттерін айтып, бір-бірінің бетіне баса­ды. 1856 жылдар шамасында Тілеубай мен Шолым деген беріш руының ағайынды екі жігітінің Хан Жәңгірдің екпініне шыдамай Бөкейдегі барлық бауырларын жинап, Жайықтан өтіп Қызылқоғадағы Тайсойған құмына келіп бас сауғалағанын мін қылып айтады.

 «Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,

 Зырқырар айқын жүйрік шапқан сайын.­

 Ерікті онша Беріш мықты болсаң,

 Шолым мен қайда қаңғырды Тілеу­ба­йың?­

 Ар жақтан Шолым, Тілеубай қашып өткен,

 Нарыннан күн көре алмай сасып өткен.

 Бір жылы Баймағанбетке қоңсы қонып,

 Ішінде Қаракемпірдің кәсіп еткен.

 Қаңғырған Байұлының қорғанындай,

 Ағаңа Тәңірберген нәсіп еткен».

Тыныштықтың ағайынын қаралап сөй­ле­­геніне күйінген Мұрат бастырмалатып:

«Аржақтан Тілеубай мен Шолым өткен­

Жерінде көкжал бөрі болып өткен

Нарында хан баласын итше сабап

Ер еді дүниеге қолы жеткен.

Зырғанап хан Ордада тұра алмады,

Қаймығып Қайыпбай мен Құтым­бет­тен!

Сен Шолымды білетін бе едің, не ғып өткен?!

Жайықты талқан қылып жарып өткен

Нарында хан баласын итше сабап

Астына табанының салып өткен!» деп сөзбен тұқыртып тастайды. Мұрат интеллектісі ғана емес, мәдениеті де жоғары ақын. Әйелдің тілі тигеннен кемшіліктерін тізбектеп кеттім деп, жиналған шеркештерден кешірім сұрауы оның мәдениеттілігін көрсетеді. Тойда шапан киемін деп келген Тыныштықтан Мұрат оза шауып, осылайша ел алдында тоқтатады. Уәжден жеңілгенін білген Тыныштықтың шешесі Мұратқа шапан жауып, ерекше құрмет көрсетеді.

Айтыс ақындарына тән тағы ерекшелік әртүрлі жиындарда арнау өлең шығару. Мұраттың бірқатар арнау өлеңдері де бар. Олар елдегі атқамінерлердің жағымды-жағымсыз мінездеріне шығарылған жырлар. Халел Досмұхамедұлы: «Мұрат мақтау өлең айтып мал таппаған. Заманындағы ұлықтарға шығарған асқақ сөзі көп», деп оның арнау өлеңдерінің өзі сынға құрылған бірбеткей ақын екенін жазады. Мәселен, Мұратқа өзін мақтатпақ болған Қарақожа деген болысқа былай деген екен:

 «Әкеңіз бізге мағлұм Құлбас еді,

 Тыпырлап қолды-аяққа тұрмас еді.

 Шілдеде қой жұмырқұрт болады деп

 Көк дәрі, күкіртпенен қоймас еді.

 Тарттың да нағашыңа адам болдың,

 Сондай ұл қашқыншыдан тумас еді.

 Тартамын домбыраны қызыл күйлеп,

 Қарақожа хакім болдың елді билеп.

 Қашқыншы бес Қойыстың азығы едің,

 Қайрекем бір шығарды қырға сүйреп».

Қайранбай деген бай нағашыңның арқасында болыс болдың деп сынаған Мұратқа Қарақожа жалынып, өлең тарап кетпесін деп айып төлепті. Бірақ ауыздан шыққан өлең елге тарап кетіпті.

«Турабай болыстыққа таласқанда айт­қаны», «Бегалыға айтқаны», «Айжа­рыққа айт­қаны», «Енеғалиға айтқаны», т.б. ар­нау­­­лары да айтыс өлеңдерінің қатарына жата­ды.

Мұрат Мөңкеұлының өлеңдері көркем әрі әсерлі. Адамның жан дүниесінің бұлқы­ны­сы да айқын бейнеленіп отыратын шебер ақын. Академик Қажым Жұмалиев: «Мұрат Мөңкеұлы – өз дәуіріндегі тілі бай, күшті ақын­дардың бірі. Әлеумет өмірінде болған әртүрлі қайшылықтарды көрсетуі, елін сүюшілігі, халықтың ісі үшін күрескен батыр ұл­дарын жыр етіп, ерлік өмірі мен ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етуі, өнегелі тіл байлығы біздер үшін керек», дейді.

Мұрат Мөңкеұлы – Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Әбубәкір Кердері ақындар сияқты заманының әлеуметтік жағдайын молынан толғаған кең тыныс­ты шайырлардың бірі. Тек әлеуметтік толғауларын ғана емес, оның айтыстарын да Сүйінбай, Орынбай, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Бақтыбай, Майлықожа сынды­ суырыпсалма саңлақтардың қатарына қоюға әбден болады.

 

Серікзат Дүйсенғазы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты