Экономика • 07 Желтоқсан, 2023

Орны толған шығын

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың қаңтар-қара­ша айларында отандық өнер­кә­сіп кәсіпорындарына 717,8 млн теңге көлемінде шығын­дар­дың бір бөлігі өтелді. Бұл кезең­де «Qazindustry» қазақ­стан­дық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-ға еңбек өнім­ділігін арттыру және өнім­ді ішкі нарыққа ілгерілету ба­ғыт­­тары бойынша жалпы са­ны 600-ге жуық өтінім келіп түскен.

Орны толған шығын

Өңірлік бөліністе еңбек өнімділі­гін арттыру бағыты бойынша ең көп өтінім Алматы (75), Астана (65) және Шымкент (48) қалаларынан жолданған. Салалық бөліністе мем­лекеттік ынталандыру шараларына өтініштердің басым бөлігі  маши­на жасау (100), агроөнеркәсіп ке­шені, азық-түлік пен сусындар (61) және жеңіл өнеркәсіп (50) кәсіп­орындарынан келген.

Өнімді ілгерілету бағыты бо­йынша ең көп өтінімді Қарағанды об­лысының (62), Алматы (35) және Ақтөбе облысының (26) кәсіп­орын­дар­ы, ал салалық тұрғыда жеңіл өнер­­кәсіп (72), машина жасау (68), химиялық және фар­ма­цевти­калық бағыттағы (51) кәсіп­орын жіберіпті.

Есепті кезеңде QazIndustry ма­ман­дары кәсіпорындардың шығын­дарының бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 550-ден аса ауызша кеңес берген. Сондай-ақ мамандар түрлі кон­фе­рен­ция мен форумға қаты­сып, ашық есік күндері, өндіріс өкіл­­дерімен кездесулер және өңір­лер­де арнайы семинар-кеңестер ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, QazIndustry өнер­кәсіпті ынталандыру және кәсіп­орын шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қызметтер көрсетеді.

Мұндай көмек кәсіпорындардың мүмкіндігін молайтып, өрісін кеңейте түсуге үлкен септігін тигізеді. Мы­салы, орталық алматылық тігін фаб­рикасының үнемді өндіріс эле­менттерін енгізу үшін кеткен шығы­нының 40 пайызын өтеп берген. Ком­пания мәліметінше, бұл көмек фаб­рика жұмысындағы кемістіктерді азайтып, тұрақтылық пен жұмыс үдерісінің жүйесін сақтай отыра еңбек өнімділігін 12 пайызға арт­тыруға мүмкіндік берген. Атал­ған алматылық тігін фабрикасы ар­найы киімдердің 100-ден аса тү­рін шығарады. Киімдер заманауи қытайлық құрылғылардың көме­гімен тігіледі.

Дегенмен компания басшылы­ғының айтуынша, жүйелі проблемалар компания имиджіне ұзақ уа­­қыт бойы кері әсерін тигізді. Өз ке­зегінде бизнес-стратегия сабақ­­тары мен QazIndustry-дің ішкі на­рықты алға жылжытудағы қол­дауы кәсіпорындағы жағдайды айтар­лықтай өзгерткен.

«Жұмыс киімін тігу цехында жа­пондық Кайдзен философиясы­ның енгізілуімен жұмыс сапасы тұрғысынан болсын, жеке уақытын басқару тұрғысынан болсын әрбір қызметкер өзін-өзі тәртіпке келтірді. Жұмыстың мәні арта түсті. Еңбек өнімділігі күшейді және кемшіліктер азайды. Мемлекеттің біз секілді өнеркәсіптік өндіріс ошақ­тарына қолдау көрсетіп жатқаны қуантады», дейді компания басшысы Әділжан Тұрғанов.

30 пайыз көлеміндегі өтемақыны «Astana Ceramic» ЖШС да алған. Соның нәтижесінде кәсіпорындағы өндірістің тұрып қалу көрсеткіші 32 пайыздан 7 пайызға төмендеп, керамикалық кірпіш өндірісі 15 пайыз­ға ұлғайған.

«Зауыт жылына 30 млн керами­калық кірпішті үш түрде өндіреді. 2018 жылы кәсіпорынға модернизация жасалды және біз белгілі функционалдық қызмет көрсету қиындықтарына тап болдық. Тезірек ретке келтірмесек, үлкен шығынға батып қалудың аз-ақ алдында едік», дейді кәсіпорын басшысы Серік Қожаханов.

Айта кетейік, шығындарды өтеу көмегі экономиканың басым сек­торларында индустриялық-инно­вациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі.