Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толуына және 22 желтоқсан Архившілер күніне арналған «Батыс Қазақстан облысының тарихы архивтерде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы жоғары деңгейде өтті. 20 желтоқсан күні конференция өтсе, 21-22 желтоқсан күндері меймандар Орал қаласынан 550 шақырым жердегі «Хан ордасы» тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығына сапарлап, керемет әсерге бөленді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде сөйлеген сөзінде «Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар» деген болатын. Бүгінгі іс-шараға көршілес Ресей елінен келген Пятигорск мемлекеттік университетінің тарихи және әлеуметтік-философиялық пәндер, шығыстану және теология кафедрасының доценті Жұмағұлова Айгүл Темерханқызына, Астрахань облыстық халық мәдениетінің ғылыми-әдістемелік орталығы АҚ дәстүрлі халық мәдениеті бөлімінің жетекші әдіскері Қабдиев Жамбыл Насихатұлына, Түркия елінен Викара университеті «Тілдер және тарих география» факультетінің жалпы түрік тарихы бөлімі бастығы келген Гундогду Абдуллах мырзаға, Өзбекстан Ғылымдар Академиясы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері Гүлбаев Низомддин Нормаматұлына, Әзербайжан Техникалық Университетінің гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гасымов Шикар Магамедалиоглына, еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарихшы ғалымдар мен зерттеушілерге, архив саласында көп жылдар еңбек еткен майталман ардагерлер мен архив мамандарына алғыс айтамыз», деді конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар бұл күндері Орал қаласына Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева, Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының орынбасары Жәмила Әбдіқадырова, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сатаева, Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Қаржан Татбай, архив саласының ардагері, тарих ғылымдарының кандидаты Рысты Сариева, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің экс-директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров, тағы басқалары Ақ Жайық архивінің ғасырлық тойы қуанышына ортақтасты.
Орал өңіріндегі мемлекеттік архив қорының қалыптасу үрдісі жайында «Ғасырлық ғибратхана» атты мақала жарияланған болатын.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде 2453 қор және 643 704 сақтау бірлігі бар. Бүгінгі күні ғасырлық тарихы бар. Бұл еліміздің, облысымыздың тарихын қалыптастырушы аса құнды құжаттарды сақтайтын бірден бір орын.
Соңғы жылдары Батыс Қазақстан архивінің қызметінде айтарлықтай өзгеріс болды. Әсіресе ақпараттық технологияларды қолдану, экономика салаларын, әлеуметтік саланы цифрлық трансформациялау, электрондық құжаттар қорының молаюы Қазақстан бойынша алдыңғы қатарға шықты. Бұл Мемлекет басшысының «Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Кең ауқымды жаңғыру іс жүзінде барлық салалар мен бағыттарды, оның ішінде архив ісін де қамтуда» деген сөзімен үндесіп жатыр. Атап айтсақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің базасында «Электрондық архив» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізуге облыстық бюджеттен 110,0 млн теңге қаражат бөлінді. Осының нәтижесінде «Электрондық архив» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ) іске қосылып, бүгінгі таңда барлығы 97 707 іс немесе 14 550 567 парақ электронды форматқа көшірілді.
«Архив құжаттарын электронды форматқа көшіру, электрондық оқу залы мәселесі республика бойынша алғаш біздің облысымызда бастау алып, бүгінде республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп отырғанын мақтанышпен айта аламыз», дейді өңір басшысы.
Дегенмен архив саласының қордаланып қалған мәселелері де аз емес болатын. Әсіресе архив ғимараттары тозып, сақтау қоймалары толып, құнды құжаттарды жоғалту қаупі туған еді. Бұл бағытта да жақсы жаңалық бар екенін, жақын арада архив ғимараттары құрылысы қолға алынатынын естідік.
- 2024 жылы әлеуметтік-инвестициялық жоба аясында Батыс Қазақстан облысының 5 ауданында (Ақжайық, Бәйтерек, Бөкейордасы, Жәнібек, Сырым) сыйымдылығы 200 мың сақтау бірлігіне арналған типтік үлгідегі аудандық мемлекеттік архив ғимараты құрылысы салынады. Ал 2025-2026 жылдары барлық ауданда жаңа архив ғимараттарын салу жоспарда бар. Облыстық мемлекеттік архив ғимаратының құрылысы да күн тәртібінде тұр, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Архив саласы қызметкерлерінің жалақысы 2020 жылдан бастап 50%-ға дейін көтерілген болатын. Жыл сайын бұл көрсеткіш 20%-ға өсіп, 2025 жылы сала қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға дейін жететін болады. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерінде қызмет ететін архив қызметкерлерінің жалақысына 25%-ға дейін үстемақы тағайындалды.
Бұған қоса Батыс Қазақстан академиялық колледжінде орта арнаулы білімді архив мамандары дайындалып жатыр. Жыл сайын 25 маман мемлекеттік грант есебінен білім алып, ведомстволық және басқа да архивтерде еңбек етеді.
Батыс Қазақстан облысы