Білім • 25 Желтоқсан, 2023

Жылдың үздік ТикТокер мұғалімдері анықталды

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрлігі TikTok платформасымен бірлесе ұйымдастырған «Қазақстан мұғалімдері» байқауының жеңімпаздарын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жылдың үздік ТикТокер мұғалімдері анықталды

Фото: ашық дереккөз

Байқауға еліміздің әр өңірінен мұғалімдер қатысып, гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық пәндер бойынша қысқа форматтағы бейнероликтерін жариялады. Қатысушылар жобаның ресми хэштегтерін #Қазақстанмұғалімдері мен #УчителяКазахстана пайдаланды, соның арқасында қаралым саны 800 миллионнан асып түскен.

Мұғалімдердің TikTok-тағы бейнероликтері сарапқа түсіп, жекелей аталым бойынша үздіктер анықталды.

«ТикТок мұғалімі 2023»
Бұл санатта белгілі бір пән бойынша ақпарат нақты және креативті көрсетілген бейнеролик бағаланды. Аталым жеңімпазы - Алматыдағы физика пәнінің мұғалімі Хайдар Мурзахметов. Ол қазақ тобының танымал әнін орындап, белгілі физик Исаак Ньютон мен оның заңдарына арнап бейнебаян түсірген. Хайдар TikTok-ты физика сынды күрделі пәнді де жалықтырмай, шығармашылық тұрғыда көрсетуге болатын edutainment-форматы үшін мінсіз платформа екенін тағы да дәлелдеді.

«ТикТок оқытушысы 2023»
Бұл номинация бойынша университет оқытушылары арасынан ең креативті бейнеролик ұсынған автор жеңімпаз атанды. Жеңісті алматылық робототехника пәнінің мұғалімі Хамза Дәулетбек иеленді. Ол екі минуттық бейнероликте Arduino платформасында роботты өз бетінше құрастыру жолын анық түсіндіре алды.

«Мұғалім-жаңалық»
Байқау аясында жасалған бейнероликтері ең көп қаралған мұғалім «Жаңалық» деп есептелді. Бейнебаяндары 8 миллионнан астам қаралым жинаған Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Достық ауылының тұрғыны, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Омарова жеңімпаз атанды. Оның ережелерді қарапайым түрде түсіндірген позитивті бейнебаяны қазірдің өзінде 3 миллионнан астам рет қаралды.

«Үздік бейнеролик»
Бұл номинацияда TikTok-та ең көп қаралған танымдық бейнероликтің авторы Игорь Гноев жеңімпаз атанды. Оның логикалық жұмбақ туралы түсірген бейнеролигі 5 миллион қаралым жинаған.

Оқу-ағарту министрлігі байқаудың жеңімпаздарына iPhone 15 Pro Max смартфондарын табыстайды. Бағалы сыйлық мұғалімдерге миллиондаған TikTok қолданушылары үшін бұдан да сапалы бейнероликтер түсіруге мүмкіндік бермек.

«TikTok-пен бірге жүзеге асырылған жобамыздың арқасында еліміздегі педагогтер жастармен, түрлі буындағы интернет қолданышуларымен бірге өз білімдерін шығармашылық тұрғыда әрі қызықты үлгіде бөлісу мүмкіндігін алды. Ұстаздардың да шет қалмай, интернет платформаларын игілікке пайдаланып, ғылым мен мектеп пәндерін кеңінен насихаттауы қуантады. #Қазақстанмұғалімдері бастамасының мақсаты – педагогтерді оқытудың жаңа шығармашылық әдістерін ашуға шабыттандыру, сабақ оқыту қызықты әрі тартымды екенін көрсету және еліміздегі білім беру мазмұнына қызығушылықты арттыру», деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.