Ақтоғай ауданына апарар жолдың бұған дейін сыны біршама кеткен болатын. Осы жолы аудан орталығына дейінгі шамамен жарты жолды асфальттап қойыпты. Алғашқыда тағайындалған Руслан Айткенұлы қызметіне кірісе сала, тозығы жеткен тасжолдың жөндеу жұмыстарына күш салыпты. Жаңа әкімнің сайлауалды бағдарламасында да алғашқы мәселелердің тізімінде көш бастап тұр екен. Келер жылы бұл жұмысты Ақсу-Аюлы аулына дейін жеткіземіз деп отыр.
Ақтоғайдағы шалғай ауылдарда ауыз су мәселесі әлі де өзекті. 2025 жылға дейін барлық елді мекенді орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтуды жоспарлап отыр. Бүгінгі күні шағын ауылдарға су тартылу жұмыстары жүруде.
«Биыл Қуаныш (409 млн) және Үшарал ауылдарына (312 млн) су тартылды. Ал 364 млн теңге қаржы қарастырылған Жалаңаш аулына су тарту жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Бұл жұмыстарға облыстан да, республикадан да қаржы бөлінген. Келер жылы 343,6 млн теңге бөлініп отыр. Ақтоғай 4 кезек, Қарасу, Ақжайдақ елді мекендеріне су тартамыз. Жобаны іске асыруға құжаттар толығымен әзірленген», дейді Руслан Айткенұлы.
Биыл Шашубай кентіндегі 100 пәтерлік үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталып қалыпты. Ақтоғай аулында жеке инвестициялар есебінен салынған 10 пәтер құны 150 млн-ға сатып алынды. Пәтер кезегін төмендету үшін осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты жаңа әкім.
«Аудан бойынша тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету де – маңызды мәселе. Нысандарды «ЖезРЭК» АҚ иелігіне өткізу үшін келіссөздер жүргізіліп, арнайы жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес «ЖезРЭК» АҚ-ға құжаттар тапсырылды. Бүгінгі күні нысандарды күтіп ұстау, тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, «ЖезРЭК» АҚ мамандарымен бірлесе отырып электр желілерін түгендеу және құжаттарын сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттарды реттеу, өзгеріс енгізу бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып келеді», дейді әкім. Демек жел үп етсе, жалп етіп сөнетін жарықтың сапасы артатынына үміт бар.
Сонымен қатар аудан басшысы биыл Қызыларай аулында фельдшерлік-амбулатория құрылысы басталса, келесі жылы осындай ФАП Айыртас, Қусақ, Ақжайдақ, Ортадересін, Қуаныш, Ақтас, Үшарал, Кежек, Нүркен ауылдарынан салынатынын жеткізді.
Сарышаған кентіндегі мектеп-интернатқа және «Айгөлек» балабақшасына, Шашубай кентіндегі мектеп-балабақша кешеніне, Қ.Нұржанов атындағы мектепке, Ә.Ермеков атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Келер жылы «Қазақстан халқына» қоры арқылы Шашубай кентінде шамамен 250 млн теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешені салынбақшы.
«Ауданға инвестиция тарту, тау-кен өндірісін дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылғалы тұр. Былтыр бастау алған «Ирказ Металл Корпорациясы» ЖШС «Борлы» кен орнында катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы 9,0 млрд теңгеге іске қосылып, 125 адам жұмыспен қамтылды. Биыл «Balqash Resources» ЖШС «Қаратас 2» кен орнында 4,3 млрд теңгенің темір және түсті металл өңдеу өндірістік кен-байыту кешені құрылыс жұмыстарын бастады, жоба толық күшіне 2025 жылы енеді. 303 жаңа жұмыс орны ашылып қалар деп күтіп отырмыз. «SAQ-NS» өндірістік кооперативінде заманауи неміс технологиясы бойынша қымыз өндіру цехы салынды. Өнімділігі тәулігіне 1200 литр. Жоба құны 82 млн теңгені құрайды. «SAQ-NS» өндірістік кооперативі тәулігіне 5 тонна ет өндіретін модулді мал сою цехын ашпақшы. Жартылай фабрикатты ет өнімдерін шығарады. «Qazaq steppe sheep» ЖШС 9 мың мал өсіретін мега-ферма құрып, жылына 420 тоннаға дейін ұсақ малдың етін өңдеуге арналған ет комбинатын салу жоспарда бар. Ал «Global Beef Products» ЖШС 2 мың асыл тұқымды ангус ірі қара малын өсіріп жатыр. Осындай, ірі жобалар ауданымыздың экономикалық өсімін арттырады», дейді әкім.
Игерілмей жатқан жайылымдық және шабындық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де белсенді жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша биыл 192,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Жерлерін пайдаланбай отырған 18 шаруа қожалығы, яғни 73212 гектар жер теліміне мониторинг жүргізіліп, облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне тексеріс жүргізу үшін жолданды. Сайланған әкімнің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі мәселелер реті осындай.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет қанатқақты режімде өткен аудан мен қала әкімдерінің сайлауында алғашқылардың бірі болып Ақтоғай ауданының тізгінін ұстадым. Аудан тұрғындары маған зор сенім білдірді. Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды парыз. Жерлестерімнің қолдауымен ел тізгінін ұстау – ең биік мәртебе», деп әңгімесін түйіндеді Р.Кенжебеков.
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы