Кәсіпкер • 29 Желтоқсан, 2023

Бизнесті қолдау жалғасады

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жыл­дың 11 айында жалпы субсидиялау құралы аясында 9 мыңнан астам кәсіпкер жалпы сомасы 680 млрд теңгені құраған несиемен қамтамасыз етілген. «Мемлекет тарапынан кепілдеме беру» құралы бойынша 7 мыңға жуық кәсіпкер 270 млрд теңгеге несие алған. 370-ке жуық кәсіпкерге 1,4 млрд теңге грант берілген және жетіспейтін инфрақұрылым бойынша мемлекет тарапынан 23 жобаға қолдау көрсетіліпті.

Бизнесті қолдау жалғасады

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қол­дау және қорғау депар­та­мен­тінің директоры Нұрбол Жана­бе­ковтің мәліметінше, қазіргі уа­қыт­та өңдеу өнеркәсібіне, азық-түлік өндірісіне, аргоөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеуге баса назар аударылып отыр.

«Мемлекет басшысының Жо­л­­­­­­дауы аясында бағдарламаны же­­тіл­­діріп жатырмыз. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын «Қа­рапайым заттар экономикасы»­ бағ­дарламасымен бірік­тіріп, өң­деуші өнеркәсіпке ба­сым­дық­ берілмек», дейді. Ве­домс­тво өкілінің айтуынша, мем­ле­­кеттік қолдау шараларымен креа­­­тивті индустрия жобалары да қамтылған.

«Біз ұсынған қолдау құ­рал­­­дары инвестициялау­ды­ не­месе операциялық шығын­дар­ды жабуды қажет ететін кәсіп­керлерге бағытталған. Біз мөл­шерлемелердің қазір айтарлықтай жоғары екенін білеміз. Банктердің қаржы құралдарын пайдалана алатын бизнес көп емес. Бағдарламаның шарттарына сәйкес келсе,­ кә­сіп­кер «Даму» қорына жүгіне алады, ал біз пайыздық мөл­шер­леменің бір бөлігін субсидия­лай­мыз. Банкке өзінің бизнес-жоба­сымен жүгінген, бірақ кепіл­мен қамтамасыз етудің жеткі­лік­сіздігіне тап болған немесе банктің кепіл саясатына сәйкес келмейтіндер үшін де қор тарапынан көмек бар. Атап айтқанда, сұралған несие сомасының 85 пайызына дейін кепіл бола алады және кәсіпкер ұсынған жобасын толық көлемде қаржыландыра алады», деп түсіндірді «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ Астана қаласы бойынша өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюк.

Нұрбол Жанабеков соңғы жыл­дары шағын және орта бизнестің дамуында белсенділік байқалады, өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 18 пайызға өсіп, 2,41 миллион болды дейді.

«Осы салада жұмыспен қам­тыл­ғандар саны 13,5 пайызға өсті және 4,272 млн астам адамды құрады. Өнім шығару көлемі былтырмен салыстырғанда жал­пы 23 пайызға ұлғайып, 28,7 трлн теңге болды. Мұндай көр­сет­кіштерге мемлекетте жүзе­ге асырылып жатқан қар­жы­лық және қаржылық емес бағ­дар­ла­малар ықпалын тигізуде. Бұл бағ­дарламаларды салалық мем­ле­­кеттік органдар мен оператор­лар­ жүзеге асырады», деді спикер.

Айтуынша, субсидиялау­ арқылы жеңілдетілген несие, ішінара кепілдеме және қай­тарымсыз мемлекеттік грант­тар беру, ақпараттық-консуль­та­циялық қызметтер, кәсіпкерлік қыз­метті жүргізуге сервистік қол­дау көрсету, іскерлік байланыстар, кәсіптік оқыту сияқты қар­жылық емес қолдау түрлері жүзе­ге асырылады.

«Субсидиялау – сұранысқа ие құрал. Бұл жеңілдетілген несие­ алуға бағытталған. Яғни кәсіпкер 21 пайызбен несие алса, оның 13 пайызы субсидияланып, 8 па­йызбен, ауылдық жерлерде 7 па­­­йызбен жеңілдетілген несие бері­леді. Жеңілдетілген несие 3 млрд теңгеге дейін 5 жылға бері­леді. Бұдан басқа, субсидия «Қара­пайым заттар экономика­сы» бағдарламасында да бар. Несие­лер 8 пайызбен, қызметтер сала­сына 10 пайызбен 5 жылға дейін беріледі», деді.

Жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілері 1,4 млрд теңге сомасына 364 грант алыпты. Сонымен қатар 2021-2025 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті да­мыту жөніндегі ұлттық жобаға қа­ты­сушылардың да белсенділігі жоға­ры. 1 желтоқсандағы жағдай бо­йынша ұлттық жобаға 686,2 мың­ адам қатысқан. 488,2 мың адам жұмысқа орналасып, оның 292,3 мыңы тұрақты табыс көзін тапқан.