«Қаланы өзім талай аралағанмын. Сонда есірткіні қайдан алуға болатыны туралы белгілерді жол бойындағы нысандардан, көпқабатты үйлердің қабырғаларынан көп көрдім. Мұның алдын алмаса болмайды. Негізінен синтетикалық есірткіні бір жерде жасайды. Ол қала ішіндегі немесе сыртында орналасқан жасырын зертхана болуы мүмкін. Есірткі дайындайтын орын кезінде Түлкібас ауданында да анықталған еді. Жалпы, тек қабырғадағы белгілермен есірткі тауып, тұтынып жүрген тәуелді азаматтарды ұстай бермей, оларды таратушыларды, қоймаларды, зертханаларды, ол жерге шикізат қайдан келіп жатқанын анықтап, нағыз кінәлілерді жазаға тарту керек. Полицияның жедел әрекет ету қызметі мен әкімшілік полиция жұмысын күшейту қажет. Есірткіге қарсы күрес полицияның, қала әкімдігінің басты міндеті болуға тиіс. Өйткені адамды санасынан айыратын психотропты зат қоғам, әсіресе жастар үшін өте қауіпті», деді Б.Нажметдинұлы.
«Қылмыстың көбірек ашылғаны жұмыстың жүріп жатқанын көрсетпей ме?» деген сұраққа депутат: «Көрсеткіштің өсуі қалаға келіп жатқан есірткі санының артқанын білдіреді. Бұл жерде салдармен күреспей себебін анықтап, көрсеткіштің өсуіне жол бермеу мақсатында алдын алу шараларына көп көңіл бөлу керек», деп жауап берді. Сонымен бірге ғимараттардағы есірткіге қалай қол жеткізуге болатын жазба белгілерді анықтау полицияның емес, коммуналдық қызмет саласының жұмысы болу керек дегенді айтты.
Мәжіліс депутаты өз сөзінде құқық қорғау саласына қомақты қаржы бөлініп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, 2012 жылы мегаполис әлі еншісін алмай тұрған кезде Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бюджеті 11 млрд теңге болса, осы күнде бір ғана Шымкенттің құқық қорғау қызмет саласына 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен бірге халық қалаулысы 1 млн 200 мыңнан астам халық тұратын мегаполисте басқа да заң бұзушылық түрлерінің алдын алу керектігін еске түсірді. «Айталық, заңсыз көлік тасымалы. Былтыр Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Шаян ауылына бара жатқан жолда жолаушылар көлігі өртеніп кетіп, 9 адам күйіктен қаза болған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін заңсыз көлік тасымалын реттеу қажет», деп мәлімдеді депутат.
Сондай-ақ Мәжілістің тағы бір депутаты Данабек Исабеков «Amanat» партиясының Шымкенттегі сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылыс жұмысымен танысты.
Мердігер мекеме – «BI-Global» серіктестігі. 500 орынға арналған ғимарат биыл наурыз айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Құрылыс нысанының жалпы құны – 9,5 млрд теңге. Жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Компания өзінің 3 млрд теңге қаражатына біраз құрылыс жұмыстарын жүргізді. Алайда әрі қарай қаражаттың дер кезінде түспеуінен нысанның құрылысы тоқтап қалған еді. Осы орайда депутат қаржы мәселесін шешіп беруге уәде берді. Өз кезегінде мердігер компания да жыл аяғына дейін ғимаратты толық салып бітіруге уағдаласты.
«Партияның сайлауалды бағдарламасындағы үлкен басымдыққа ие бағыттардың бірі – білім саласы. Бағдарламада жаңа Оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, балалар технопаркі, музыка, өнер мектептері бой көтереді деп көрсетілген. Әр бала спорт секциясына, шығармашылық студияға, техникалық үйірмеге тегін қатысуға құқылы. «Арт спорт» бағдарламасы да жалғасады. Жалпы, Шымкент секілді миллионнан астам халқы бар мегаполисте Оқушылар сарайы көп болуға тиіс деп есептеймін. Оның үстіне бүгінгі таңда шаһар бала туу көрсеткіші бойынша өңірлер арасында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал Тұран шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайы балалар мен педагогтер үшін инновациялық алаңға айналады деген үміттемін. Жастар болашақ мамандығын өз қалауымен таңдай алатын, креативті, белсенді әрі азаматтық ұстанымы биік болуға тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті. Біз осыны ұмытпауымыз керек», деді Мәжіліс депутаты.
ШЫМКЕНТ