11 Маусым, 2010

“КІШІ АРАЛ” ҚАШАН КҮШ АЛАР?

952 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Әріге ой жүгіртсек  ақ бас тол­қындары жарыса жүйткіп, жағаны ұрғылап жататын Арал теңізінің кешегі келбеті көз алдымызда көл­беңдей тұра қалады. Сонау 1970 жылдары даланың сәнін, адамның әрін кіргізген Арал теңізі сағымдай жоғалып құрдымға кете барды. Балық шаруашылығы кә­сіпорын­дары бірінен соң бірі жа­былып, кеме жолы қатынас­тары тоқтай бастады. Кеме жөндеу зауытының да күні өтіп, көптеген алып кемелер теңіз жағалауында қайраңдап қалып жатты. –Ашығын айтсам, – дейді мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, байырғы балықшы Нарғали Де­меуов, – кеткен теңіздің қайтып келуіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей септігі тиді. Сол үшін де Елбасымызға айтар жүрекжарды алғысымыз шексіз. Кіші Аралымыз келе жатыр, бізге бұдан артық бақыт жоқ. Иә, айтса айтқандай, Кіші Аралымыз келіп, көк теңіздің ақ бас толқындары жағалауды сүйер шаққа да санаулы ғана уақыт қалған сыңайлы. Осы күндері кезінде құрдымға кеткен сары сазандар мен ақ тырандар Кіші теңіздің төскейін тілгілей жүзіп жүрсе, ақ шағалалар шаңқылдай ұша бастады. Елбасымыздың басты наза­рын­да тұрған САРАТС жобасы бастау алып, Көкарал бөгеті салынды. Көкарал бөгеті қалай салына баста­ды, солай Кіші теңіз толысып, ақ сорға айналған алып аймақ сумен сусындады. САРАТС жобасының 1-кезе­гінде Солтүстік Арал теңізінің деңгейі 38 метрден 42 метрге дейін көтеріліп, бұрын Арал қала­сынан 120 шақы­рымға қашықтап кеткен теңіз жағалауы 70 шақы­рымға жақындауы тиіс болатын. Десе де, бүгінгі күні Көкарал бөгетінің алдындағы су деңгейін 41,3 метрге көтергеннің өзінде теңіз жағалауы Арал қаласына жобада көрсетілген 70 шақырым­ның орнына 18 шақырымға жа­қындап отыр. Оны 42 метр деңгейіне көтерген жағдайда одан да жақындар еді. Мамандардың пайымдауынша, 46 метрге көтер­генде Кіші Арал то­лы­сып та болған болар еді. Солтүстік Арал теңізі САРАТС жобасы бойын­ша 6-7 жылда толады деп болжан­ғанмен, ол 1,5-2 жылда толып, оны айта­сыз, ағымдағы жылы үлкен көлем­дегі таза су Үлкен теңізге ағып, ысырап болуда. Бір ғана мысал. Үстіміздегі жылдың өзінде Үлкен теңізге 2206 млн. текше метр таза су ағып кеткен. Бұл жағдай Сыр аймағы тұрғын­дарын селт еткізбей қалған жоқ. Содан да облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалы­ғы­мен САРАТС-2 жобасының 2-ші кезегі бойынша атқарылуы тиіс жұмыс­тар­ды қайта сараптаудан өткізу мақсатында су шаруашы­лығы ма­мандары мен экологтар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан кеңес өткізілді. САРАТС-2 жобасына бетбұрыс жасалған шақта, яғни 2009-2010 жылдары су тапшылығы болатыны туралы мәселе көтерілген болатын. Десе де, болжамдар теріске шығып отыр. Нақтылай айтар болсақ, бүгінде Шардарадан төменге қарай 1400 текше метр су келуде. Мұндай молшылық қайдан келіп жатыр? Айталық, Елбасы бастамасымен салынған Көксарай су реттегіші әу баста “САРАТС-2” жобасында қарастырылмаған еді. Уақыт өте келе жоғарыдағы жоба осындай тиімділігі дәлелденген ірі-ірі өзгерістермен толығып жатыр. Сөз реті келгенде Көксарай су реттегішінің Сыр аймағына әкеліп отырған орасан байлығын да айта кетпесек болмас. Елбасының тікелей нұсқауымен Көксарай су реттегіші құрылысы өткен жылы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілді. Бұл құрылыс арқылы Кіші Аралға таза судың толассыз баруына жол ашылды. Мамандардың пайым­дауын­ша, Көксарай су реттегішіне 3 млрд. текше метр су сыйғызылмақ. Демек, Кіші Аралды қайтып алып келуге бірден-бір себебі тимек. Сондай-ақ Қызылорда облысы жыл сайын су басып қалу қаупінен біржолата арылмақ. Ең бастысы, Көксарайға көктемде арнадағы ар­тық суды жинап, ала жаздай аяқсу­дан тапшылық көретін Сыр диқан­дарын қажетті мөлшерде қамтама­сыз етуге мүмкіндік те туып отыр. – Елбасының батыл бас­тамасы­мен қолға алынып, әлемдік қауымдастықтан “ғасыр ғаламаты” деген баға алған САРАТС жобасы­ның екінші кезегінде Солтүстік Арал теңізінің Сарышығанақ бұғазында құрылыстар кешенін салу ұсынылған болатын,– дейді облыс әкімі Б.Қуандықов.  – Оның орнына Көкарал бөгетінің алдына жиналатын су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 50 метр деңгейіне көтеру жұмыстарын енгі­зуді жан-жақты зерттеу қажеттігін Сенатта өткен дөңгелек үстелде, Үкімет басшысының бірінші орынбасары қабылдауында тол­ғақты мәселе етіп көтердім. Осы толғақты мәселеге бай­ланысты САРАТС-2 жобасы бойынша атқарылар жұмыстарды зерттеу және Көкарал бөгетінің алдына жиналатын суды 50 метр деңгейге дейін көтеру мәселесін сараптау үшін жұмыс тобы құ­рылып, бүгінде шұғыл іске кірісіп те кетті. Жобаның 2-кезегінің техника­лық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді Нидерланды елінің Arcadіs Euroconsult, Данияның DHІ Water & Envіronment, Ұлыбританияның Jacobs-Badtіe компаниялары және “Қазгипроводхоз” институты қолға алды. Жоба бойынша Сарышы­ға­нақ бұғазында салынатын құры­лыстар кешені құрамына ұзындығы 10,3 шақырым, орташа биіктігі 7,4 метр болатын бөгет, секөнтіне 50 текше метр су өткізетін ұзындығы 46 шақырым болатын канал салу. Арал қаласындағы кеме портына дейін баратын ұзындығы 25 шақырым канал салу, 40 шақырым 35 кв.электр жүйесін жүргізу, су өткізгіштігі секөнтіне 50 текше метр болатын 3 су құрылыстарын салу, бөгеттен Арал қаласына дейін 50 шақырым және ұзындығы 46 шақырым қызметтік жолдар салу қарастырылған. Сонымен Кіші Арал келе ме, жоқ әлде?.. Көпшілік көкейінде жүр­ген осы сауылға “Кіші Арал келеді” деп нүкте қоюға әбден болады. Жоғарыда айтқандай, САРАТС-1 жобасы негізінде қыруар жұмыстар атқарылып, қайтқан теңіздің қайтып келуіне бетбұрыс жасалса, САРАТС-2 жобасы бастау алып, Кіші Аралды алып келеді. Кіші Арал келе жатыр... Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. ҚЫМЫЗ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СУСЫНҒА АЙНАЛУЫ ТИІС Семейлік танымал кәсіпкер Төлеуғазы Иманғалиев 1991 жылдан бері құрылыс жұмысын жүргізетін “Сәуле” ЖШС-інің бас директоры. Ол “Асау боттлер” серіктестігін құрып тамақ өнімдерін өндірумен де шұғылдануда. Халқымыздың қадірлі сусынын заман талабына сай сауда айналымына шығару өте нәзік шаруа болғандықтан оны екінің бірі қолға ала бермейді. Сол себепті бүгінде құтыға құйылған қымызды Қазақстанның бес қаласына шығарып отырған Төлеуғазы ИМАНҒАЛИЕВТАН осы бір күрделі кәсіп жөнінде әңгімелеп беруін сұрадық. – Шадыр мінезді жылқыдай ыңғайға көне бермейтін қымызды замана көшіне ілестіру қанша­лықты мүмкін болып жатыр? –Расында, қымызды өндіру жұмысы қаншалықты күрделі болса, арнайы құтыға құйылған қымыздарды сауда айналымына енгізіп жіберу де оңай шаруа емес екен. Өйткені, қымыз басқа өнім түрлері секілді бұрын сауда айналымына енбеген әрі бизнес тұрғысынан зерттелмеген. Тыңнан түрен салу қашанда қиын. Біз де басында қымызды құтыға құятын қондырғы әкелеміз де, шетінен сата береміз деп ойладық қой. Сөйт­сек, олай емес екен. Мамыр айында қымызбен шұғылдан­ғанымызға тура бір жыл болды. Осы бір жылда сауда орындарын­да қымыздың орын алу мүмкін­діктерін қолдан келгенше зерттеп, жіберген кемшіліктерімізді қал­пына келтірдік. Нәтижесінде біз өндіріп отырған “Шыңғыстау” қымызы еліміздің Қарағанды, Екі­бастұз, Кереку, Өскемен, Семей қалаларында сатылады. –Жаңа жіберген кемшілік­терімізді қалпына келтірдік деп қалдыңыз. Ол қандай мәселе? –Біздің жіберген ағаттығымыз – қымыздың сауда айналымын-дағы сұранысын нақты анықтап алмай, үсті-үстіне өндіре беруде болды. Саумалдың әр литрін 100 теңгеден сатып алып отырған-дық­тан, өнімнің өтіңкіремей тұ-рып қалуы шаруамызды қиында-тып жіберді. Соған қарамастан оның себеп-салдарын іздедік. Маркетинг мамандар іздедік. Әу баста қымыздың өте қоймауы өнімнің кемшілігінен емес, өнім жарнамасының, насихат жұмысы-ның әлсіздігінен екен. Алғашқы қарқынмен қымызды 3 айда 90 тоннаға дейін өндіріп жібердік қой. Бастапқы өнімнің өтімі баяу қозғалғанда “Қалай болады екен?” деп абыржып қалған кез болғанын жасырмаймын. Біз әуелде қымыз­ды өңдейміз, дүкендерге шыға-рамыз, содан соң болды деп ойладық. Олай ойлаған себебіміз – азық-түлік бизнесінде шикізат­ты біреу шығарады, келесі біреу өңдейді, тағы біреуі сатады. Біз соның өңдеуі мен сатуын таң­дадық. Өйткені, өз алдымызға жылқы шаруашылығын ашу біраз уақытты, көп қаражатты талап ететін болды. Саумалдай сатып алуға тоқтадық. Өніміміздің өтімі неғұрлым ұлғайған сайын соғұр­лым саумалға сұраныс болады, сол арқылы жылқы малының көбеюіне септігімізді тигіземіз деп есептедік. Өмірдің заңдылығы сол  бәрі  бірден болмайды. Қазір қымызға сұранысты арттырудың барлық мүмкіндіктерін қарас­тырып жатырмыз. –Төлеуғазы Сейітқазыұлы, ұлттық тағамымызды рыноктың ұлы дүбіріне ілестірсем, оның керемет сусын екендігін әйгілесем деген қадамыңызға билік тара­пынан, тиісті мекемелер тарапынан қолдау байқалды ма? – Бұл көтеріп отырған мәсе­леңіз өте орынды. Десе де, біздің мемлекет нарықтық экономика заңдылықтарымен өмір сүріп жатқанын ескеруіміз керек. Нарықтық экономика талабында кәсіпкер өзі меңгере алатын биз­неспен ғана шұғылдануы керек. Нарықта “анау маған көмек­тес­педі” деген өкпе жүрмейді.  Соған қарамастан мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдар­ламалар баршылық. Қымыздың бұрын-соңды тех­но­логия үр­дісімен үндесіп көрме­генін көлденең тартып біз ешкімді мазалаған емеспіз. Бір жыл ішін­де өз күшімізбен ты­рысып келе жатсақ та, бірқатар көмек­тің керек екенін сезіндік. Әсіресе қа­лалық, об­лыс­­тық, респуб­лика­лық дең­гейде ақ­параттық, жарна­малық қол­даудың қажет екендігі бі­рінші ке­зекте тұр.  Осы тұр­ғыдан біз ал­дағы уа­қытта үлкен-үлкен ақпарат орта­лықта­ры­ның бас­шылығына, минис­тр­ліктерге ұсыныс жасап, жарнама жағынан патриоттық танытуларын сұрамақпыз. Біздің көз жеткізгеніміз – жарнама мәселесі тиісінше қолға алынса, қымыз жалпыхалықтық сусынға айналғалы тұр. Ал, қы­мыздың жалпыхалықтық сусынға айналуы бірінші кезекте ауыл шаруашылығына серпіліс әкеледі. Ауыл шаруашылығының серпілуі ауылдың түлеуіне мол септігін тигізетіні айтпаса да түсінікті. – Әлгінде “Қымыздың жал­пыхалықтық сусынға айналуға мүмкіндігі мол” дегеніңіздің белгілі бір себептері бар шығар? – Әрине, егер біз қымыздың шипалы сусын екенін, оның адам ағзасына беретін қуатын дәйекті жеткізе алсақ, ол міндетті түрде жалпыхалықтық сусынға айна­лады. Былтыр Астанада ұлт­тық тағамдардың рес­публикалық бай­қауына қатыстық. Біздің “Шың­ғыстау” қымызы екінші орын алды. Сонда және Семейде қымыздың дегустация ша­ра­ларын өткіздік. Ба­й­қа­ғаным, қымыз іш­ушілердің ішінде өзге ұлт өкіл­дері көп қызығушылық таныт­ты. Мысал келтіре кетсек, өзіміздің ұлттың өкілдері қымыз-ды алғаш  жұтқанда ашырқанып әрі онысын айналасына байқатып тұрады. Ал, орыстар қымыз ішкенде бәлендей ашырқанбайды екен. Сонымен бірге тағы бір мысал, ТМД бо­йынша қымызды ең көп па­й­да­ланатын жер – Мәскеу қаласы. Сен­сеңіз, Мәскеу тұрғындары тәулігіне 15 тонна қымыз ішеді екен. Ресейдің орта­лық қаласына қымыз негізінен Башқұртстаннан және Қырғыз­станнан тасымал­данады. Әрине, Мәскеу маңында да қымыз дайындаумен шұғыл­да­натындар аз емес көрінеді. Қы­мыздың жалпы­халықтық сусынға айналуына толық мүмкіндігі бар деуімізге, міне, осындай деректер негіз бола алады. – “Шың­ғыстау” қымызын бір жыл­дың ішінде еліміздің 5 қала­сында сатылатын дәрежеге жеткізіпсіздер. Өнімдеріңізді тара­туды осы ауқымда шектейсіздер ме, әлде кеңейте түсесіздер ме? –Дәл қалай болатынын уақыт көрсетер. Десе де, алға қойған мақсатымыз жоқ емес. Артта қал­ған бір жыл бізді қымыз бизнесі­нің қыр-сырына үйретті. Алға­шында бар күшімізді қымызды құтыға жабуға жұмсадық дедім ғой. Біз шығара берсек, басқа кә­сіпкерлер көтерме бағамен әкете береді деген дәмеміз далада қалды. Еріксіз сату мәселесімен шұғылдандық. Бі­рінші кезеңде сауда айналымына айына 1 тонна қымызды әрең өткізсек, қазір бір айда 8 тонна қымыз еркін өтетін болды. Қазір Қазақстанның 5 қаласында сауда нүктелерін тұрақтандырдық. Енді Ресейге шығармақ ойымыз бар. Көршілес екі қаладан әріптестер іздес­тірудеміз. Бұйырса Ресейдегі алғашқы сатылымды Омбы қала­сынан бастамақпыз. Ресейге жол салуға сенімді болған себебіміз – ол жақта қымызды шахтерларға арнаулы сүт ретінде беруге рұқсат етілген. – Сіздің әңгімеңіз бұл шаруа­ның даму үстіндегі кәсіп екенін аңғартып тұр. Жалпы, қымыз өндірумен қатар қала ішінен үлкенді-кішілі қымызханалар ашуды ойластырып көрдіңіздер ме? –Қымыз өндіруді дамыту мен қымызхана ашу екеуі екі мәселе. Қымыз өндіруді дамытуға қатысты айтпағым – бір жылдан бері біздің қымыз бір литрлік ыдысқа ғана құйылуда. Алдағы уақытта бұл ыдыс түрін 300 грамнан 5 литрге дейін өзгертпекпіз. Дамыту демекші, қымызымыздың тарату шеңберін шетелмен байланысты­рамыз ба деген де ниетіміз бар. Былтыр Қытайға із салып, бір мәрте 10 тонна қымыз жөнелттік. Биыл Ресеймен байланыс орна­тып жатырмыз. Ал, қымызханаға келсек, ол біздің ойымызда болғанымен, оған әзірге күш жеткіліксіз. – Қымыз ұлттық сусын деген­де, оның арғы жағында ұлттық намыс жатады. Сол ұлттық намы­сымызға сын секілді қазақ қымы­зының замана көшіне ілеспек қадамы болашақта қаншалықты пәрменді болады деп есептейсіз? – Егер қымызға ұлттық намыс ретінде қарағымыз келсе, оның кең таралуына әркім өз мүм­кін­дігінше атсалысуы керек. Әсіресе ғалымдарымыз, дәрігер-маман­да­рымыз қымыздың адам ден­сау­лығына пайдасы мен емдік қ­а­сиеттерін көбірек на­сихаттаса. На­сихат, ақпарат, жарнама жұмыс­тары неғұрлым жан-жақты жүргізілмей, қымыздың ұлттық дең­гейге көтерілуі күмәнді. Сон­дықтан қазақ қымы­зы қанатын кеңге жайсын десек, халқымыз­дың қастерлі сусынын басқа жұртқа мойын­датудың түрлі амалдарын қарас­тыруымыз қажет. – Осы орайда сұранып тұрған бір сұрақ, қымыз өніміне мемле­кеттік тапсырыстар қарастырылған ба? Бұрын туберкулез ауруха­нала­рында қымыз берілетін дегендей… –Ол дәстүр кейінгі жылдары үзіліп қалған секілді. Біз былтыр Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктерінен бастап облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармаларына, облысқа қарасты туберкулез ауруханала-рының барлығына қымыз өніміне тапсырыс берулерін сұрап ұсы­ныс-хаттар жолдағанбыз. Еш-қайсысынан хабар болған жоқ. Жалғыз-ақ Зырян аудандық ауру­ханасынан ғана тапсырыс болды. Жаңа жоғарыда айттым, қымыз шахтерлерге арнайы сүт ретінде беріледі деп. Сол секілді, қымызға қорғаныс, спорт және ту­ризм саласы да тапсырыс бе­рулеріне болады. Мысалы, Қы­тай­да қымыз спортшыларға тұрақты беріледі. Оның бәрін олар жан-жақты зерттеп барып қол­данып отырғаны түсінікті. – Сөз соңында өнім сапасы туралы және қолдың қымызы мен өндіріс қымызының айырмашы­лығы туралы айтып берсеңіз. –Сіз айтып отырған екі қымыз да бір саумалдан жасала­тындықтан, арасында көп айыр-машылық жоқ. Айырмашылық – өндірісте бір технология, бір стан­дартпен жабдықталады. Қолдың қымызын әркім өз ыңғайы, өз тәжірибесі бойынша ашытып дайындайды. Сондықтан қолдың қымызының өзі бір-біріне ұқсай бермейді. Санитарлық жағдайлары да бірыңғай бола бермеуі мүмкін. Сақталу мерзімі де қысқа. Өнді­рісте жасалатын қымыз бір тех-нология тәртібіне бағынатын­дықтан, қолдың қымызынан сәл қышқылдау келеді. Бұл жерде мән беретін нәрсе оның пайдалану тәртібінде. Қымыз басқа сусындар секілді сатып алған бетте тығы­нын ашып іше салуға келмейді. Қымыз ежелден көбірек сапыруды талап етеді. Неғұрлым көп сапырған сайын “ашуы” тарқай түседі. Қышқылдығына келсек, қымыз – негізі қышқыл­дығымен қымыз. Қышқылдықты ұнат­па­ғандар болса, қымызға бал, қай­мақ, мейіз, қант қосып жұм­сар­тып ішулеріне болады. Келешекте бал қосылған қымызды  өндіреміз бе деген үмі­тіміз де жоқ емес. Біз­дің қымызды Алматыдағы Ұлттық тамақтану академиясы өз зерт­ха­насынан өткізіп, ең сапалы қымыз ретінде бағалап отыр. Осы ака­демия мамандарының айтуына қараған-да, ең құнарлы қымыз Арқа жерінікі. Сонымен қатар Се­мей қымызын да айрықша бағалайды. –Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескендер  Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. ТҮРКІМЕН РЫНОГЫНА ҰМТЫЛЫС Үстіміздегі жылдың 26-27 мамыры аралығында отандық тауар өндірушілерді мемлекет тарапынан қолдау көрсету шеңберінде “KAZNEX ІNVEST” экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі” АҚ екіжақты сауданы жандандыру миссиясымен Түркіменстанға барып қайтты. Бұл шараға аталмыш елдің сауда-өнеркәсіп палатасы да қолдау көрсетті. Мұндай мақсат үшін Түркіменстан елінің таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені қазақстандық бизнес өкілдерінің бұл елге қызығушылығы айтарлықтай. Оған қоса, Қазақстан Түркіменстанға тауар әкелетін негізгі тауар жеткізушілердің ішінде 6-орынды алады. Екі елдің ішкі сауда айналымындағы өнімдердің негізгі саласын азық-түлік тауарлары,  мәшине, жабдықтар, көлік құралдары, металл, минералды өнімдер, құрылыс материалдары, химиялық өнімдер құрайды. Қазақстандық делегация құрамында қазақстандық экономика секторы, ауыл шаруашылығы, тағам, жеңіл, мұнай-газ, мәшине жасау, құрылыс өнеркәсіптері саласынан 30-дан астам кәсіпкерлер қатысты. Бұл сапар қорытындысы бойынша қазақстандық 15 компания өз өнімдерін Түркіменстан рыногына шығаруға келісті. Бұл елде ұн, жарма, кондитер бұйымдары үлкен сұранысқа ие. Бизнес-форумның жұмысы мен екіжақты келіссөздер нәтижесінде ұн, кондитерлік бұйымдар, сүт өнімдері, металл құбырлар жеткізуге байланысты құны 7 млн. долларды құрайтын 4 келісім-шартқа қол қойылды. “KAZNEX ІNVEST” АҚ-тың басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Мәйкеновтің айтуынша, Түркіменстан еліне жасалған сапар қорытындысы үлкен үміт күттіреді.  Бұл ел Қазақстан тауарларын Орталық Азия елдеріне шығаруда серпінді дамып келе жатқан, әрі болашағы бар рынок болып есептеледі. Бүгінде Түркіменстанда өздерінде өндірілмейтін өндіріс өнімдеріне деген қажеттілік байқалуда. Түркімен кәсіпкерлері өкілдерінің атап өтуінше, екі ел арасындағы сауда әріптестігі өте қажет және маңызды. Ашхабад сапары бизнес үшін сұхбат алаңын ұйымдастырудың жақсы үлгісін көрсетті. Бұл құрал – экспортты кеңейту шеңберінде атқарылар жұмыстарға тиімділік береді. “KAZNEX ІNVEST” түркімен компанияларының өкілдерін сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түсу мақсатымен осы сапарға жауап ретінде елімізге келіп қайтуға шақырды. Венера ТҮГЕЛБАЙ. КӨП ПІКІРІНІҢ КӨМЕГІ КӨП Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен алдағы 1-2 шілдеде ІІІ Астаналық экономикалық форум өтетіндігі белгілі. Онда әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі даму проблемалары, сондай-ақ мемле­кет-жеке меншік әріптестігі мәселелері, инновациялық экономиканың дамуы, инвестиция тарту мүмкіндіктері талқылаудың басты тақырыптарына айналмақ. Биылғы өткелі отырған ІІІ Астаналық экономика­лық форум әлемдік жетекші ғалымдарды, шетелдік және қазақстандық беделді іскер топ өкілдерін, мемлекеттік құрылымдарды біріктіре отырып кең көлемді интеллектуалды тұғырнамаға айналғалы отыр. Оған БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссия­сының ықпалдастық бөлімінің басшысы Джефри Гамильтон, Израйль математигі, “Қақтығыс проблемаларын түсінуді кеңейту және ойындар теориясы шеңберінде анализ көмегімен кооперациялау” үшін 2005 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлы­ғының иегері Исраэль Роберт Джон Ауманн, америкалық эконо­мист, “Макроэкономикалық саясатта уақытаралық алмасу анализі” үшін 2006 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері Эдмунд Фелпстің қатысуы күтілуде. Аталған жиын шеңберінде әлем мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталықтарының конференциясын өткізу көзделуде. Онда бүгінгі таңда инфрақұрылым дамуына жеке меншік инвестицияларын тарту, осы саланың заңнамалық базасын жетілдіру, институттық жүйені күшейту, сондай-ақ мемлекет-жеке меншік әріптестігі жобаларына мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселелері де күн тәртібінде көтерілмек. Әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі кезеңде орнықты даму тетігін пысықтау мақсатында конференция бағдарламасы ғылыми және практикалық бағыттағы іс-шараларды да қоса қамтуды да көздеп отыр. Бұл басқосудың Президенттің биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауының шеңберінде “Қазақстандық мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталығы” АҚ әзірлеп жатқан “МЖМӘ дамуының 2010-2014 жылдарға арналған тұжырымдамасы” жобасының жетік бір үлгіде әзірленуіне тың серпін берері сөзсіз. Форум жұмысының бірінші күнінде “Әлемдегі мемлекет-жеке меншік әріптестігі орталықтарының конференциясы” тақырыбы талқыланып, пікірталасқа МЖМӘ орталықта­рының, орталық және жергілікті органдардың өкілдері қатыспақшы. Конференция соңында МЖМӘ халықаралық орталығын құру туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Қазақстанның мемлекет-жеке меншік әріптестігі саласында жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтатындай болғанымен, жылына 40-қа жуық МЖМӘ жобаларын іске асыратын Жапония, Ұлыбритания, Үндістан немесе Корея деңгейіне жету үшін көп тәжірибе алмасудың пайдасы да мол болмақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,АСТАНА. БОРСЫҚ – ОРМАН ҚОРҒАУШЫСЫ Халықаралық деңгейде қалыптасқан дәстүр бойынша әр елдің өз орман алқаптарын өрттен қорғау шараларын білдіретін өздеріне тән эмблемалары бар. Мәселен, Ресейде ол аю болса, Канадада – бобр, Индонезияда – маймыл, Мексикада – шибөрі, ал АҚШ-та кәдімгі қонжық. Осы аталған аңдардың суреттері бейнеленген эмблемаларды орман өскен алқаптардың көзге көрінетін тұстарына орнатып  қою арқылы ол елдер өз тұрғындарына жасыл желекті көздің қарашығындай сақтап, оларды өрттен қорғау қажет екенін ескертеді. Осы мәселеге Ауыл шаруашылығы министрлігінің  Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті де соңғы кездері көңіл бөліп, Қазақ еліне тән эмблема ойлап табу ісін қолға алған болатын. Ақыры сол істің де орайы келген сыңайлы. Таяуда аталған комитеттің сараптама комиссиясы ұсынылған жұмыстарды қарай келіп, Қазақстан эмблемасы ретінде борсықтың алынғанын хабарлады. Олардың айтуларына қарағанда, борсық еліміздің бүкіл аумағында дерлік таралған. Орманды дала, дала және шөлейтті аймақтарда, сол сияқты сексеуілді және тау бөктеріндегі ормандарда  өмір сүреді. Сонымен бірге борсық зиянкестерді жоя отырып ауыл шаруашылығына да елеулі пайда келтіреді. Оның сыртында түнгілік ерекше белсенділік танытатын аңның осы бір түрі еңбекқорлықтың да символы болып есептеледі екен. Қазақстандық орманшылар таңдауының борсыққа түсуіне де оның осындай ерекшеліктері себеп болса керек. Сөз ретінде осы айтылғандарға бір ғана ойды қоса кеткіміз келеді. Эмблеманың ауызекі атауын борсық деп бадырайтпай-ақ майтабан деп еркелете атасақ жарасатын сияқты. Оның үстіне халықтың  жүрген жеріне жақсылық ала келетін адамдарды кейде “ол бір майтабан ғой” деп іштарта атайтын ежелден келе жатқан дәстүр де бар. С.АЛМАСОВ. Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі                                                           www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Статистика агенттігі                            www.stat.kz Жер ресурстарын басқару агенттігі                                        www.auzr.kz