Пікір • 15 Қаңтар, 2024

Мемлекеттілікті нығайту

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көзі қарақты жұрт аңғарса керек, қазіргі уақытта мемлекетіміздің барлық саласында елеулі өзгерістер болып жатыр. Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, билік пен халықтың арасында ашық диалог орнады. «Еститін Үкімет» жасақталып, әлеуметтік салада қордаланып қалған түйінді мәселелер жүйелі шешімін таба бастады. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.

Мемлекеттілікті нығайту

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында саясатқа, рухани өсуімізге, мәдениетке, экономикаға, жалпы елімізді жаңа бағытта дамытуға қатысты ойларын ортаға салып, маңызды мәселелерді көтерді. Көлемді сұхбатты оқып, көкейдегі сан сауалға жауап алдық.

«Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын», деген екен ғұлама-ғалым әл-Фараби бабамыз. Сұхбаттан елдік пен бірлікті нығайту бағы­тындағы сұрақтарға тұшымды жауап алдық. Мәсе­лен, Жошы ұлысының 800 жылдығын дәйектеп, мыңжыл­дықтармен сабақтасқан тарихымызды тереңдетуді нұсқады. Еуразия құрлығында империя деңгейіндегі қағанатты төл тарихымыздың бір бөлшегі ретінде дәріптеп, тарихи сананы дәйектеп мемлекетшілдікті арттыру маңызды деп білеміз. Осы орайда бізді, ұстаздар қауымын тағы бір ерекше жайт қуантты. Яғни тарихи ірі тұлғалар тағылымымен табыстыратын іс-шараларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың – 125, қазақтың батыр ұлдары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы аталып өтпек.

Сұхбатта атап өтілгендей, биыл елімізде Дүние­жүзі­лік көшпелілер ойыны өтеді. Бұл – Түркі әлемін жақын­дастыратын, тамырлас елдердің рухани ынтымақ­тастығын жандандыратын игілікті бастама дер едім. Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын одан әрі арттыру – баршамызға абыройлы міндет.

Президенттің жалпыұлттық құндылықтар, сапалы ұлт қалыптастыру жолдары туралы айтқан ойлары да ішімізді жылытты. Мемлекет басшысы Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы екенін, сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керегін айтты. Яғни бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал ететіні анық.

Салиқалы сұхбаттың салмақты тұсы аз емес. Елдің қазіргі жағдайы мен келешегі жөнінде көп мағлұматқа қанықтық. Мемлекет басшысы ерекше атап өткендей, «еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жаңашылдық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар». Осы қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру – басты борышымыз. Бұл орайда еліміздегі білім саласының ұстаздары, оқытушылары, профессорлары мен ғалымдары терең сезініп, абыроймен атқаруға күш-жігерімізді, бүкіл тәжірибемізді жұмсауға міндеттіміз.

 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, композитор