Суретті түсірген – Руслан ҚАДЫРОВ
Бұлай асқақтата жазып отырғанымыздың бір себебі соңғы уақытта есерсоқ эстрадалық әндерден жалыға бастаған едік. Домбыраның шанағынан шыққан сарын көңілімізді қайта байыта түсті. Рухани күш берді. Оған кешке келген әрбір қонақ куәгер бола алады. Енді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен жүзеге асқан жарқын іс-шара ай сайын ұйымдастырылады.
Халық әуендерімен нақышталған мюзикл жанрындағы концертке Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның елге танымал мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Сонымен қатар қала және аудандардан келген дәстүрлі әншілер де құлақ құрышымызды қандырды.
«Жетісу дәстүрлі ән мектебі – қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналады, орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне өте ұқсас, сондықтан бұл мектептің өкілдерінің репертуарында Арқа сазгерлерінің әндері де кең орын алады. Жетісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтарды атай аламыз», дейді филармония директоры Самат Жексенбаев.
Аталған ән кешіне арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары ұлттың ұлы өнерін асқақтатқан осындай кештің жиі болып тұруын тілеп, тарқады.
Жетісу облысы