Автор бұл кітапты жазу барысында Еуропа, Ресей және Қазақстандағы архив пен осы тақырыптағы ғылыми еңбектер мен әдеби-көркем шығармаларды назардан тыс қалдырмаған. Ғалым тарихи құжаттар арқылы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап, 1950 жылға дейінгі халқымыздың тауқыметті тағдырының кең панорамасын жасаған.
Жиынды Назарбаев университетінің оқытушысы, тарихшы Михаил Акулов жүргізді. Ол өз сөзінде аталған кітаптың құндылығы мен мазмұнына тоқталып, жазылу ерекшелігін атап өтті. Автордың өмір жолынан қысқаша мәлімет берді.
Бұл тақырып Берлин еркін университеті Шығыс Еуропа институтының Шығыс және Орталық-Шығыс Еуропа тарихының профессоры Роберт Киндлерге бұрыннан таныс. Ол 2006 жылы патшалық Ресейдің соңғы кезеңі мен Кеңес одағының алғашқы кезеңіндегі Қазақстандағы отырықшыландыру саясаты туралы жобамен жұмыс істеген. Сол кезде отызыншы жылдары елімізде болған аштыққа баса назар аударып, кейін осы тақырыпта диссертация қорғап, «Сталиндік көшпенділер» атты кітап жазды. Бұл жинақ алдымен ағылшын тілінде, одан соң орыс тілінде басылған. Ал қазақ тіліне аударуға «Фолиант» баспасы ұсыныс жасаған.
«Шынымды айтсам, қазақстандық баспадан осындай ұсыныс түскенде таңғалдым. Бір жағынан, қуандым. Алайда кітаптың қазақша нұсқасын оқи алмағаныммен, оны оқыған азаматтар өте сапалы аударылғанын айтты. Сол үшін аталған баспаға, аудармашыға шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл еңбекті жазу барысында көп архив деректеріне үңілдім. Осы тақырыпта жазылған әдеби көркем шығармаларды қарадым. Қазақстандағы аштық оқиғасының себеп-салдарын барынша зерттеуге күш салдым. Қаншама адам осы зұлматтың кесірінен құрбан болды. Меніңше, бұл ашаршылық қазақ халқына қасақана жасалды дей алмаймын. Бұған сол кезеңдегі Кеңес одағы жүргізген халықты отырықшыландыру, ұжымдастыру секілді науқандар басты себеп болды. Сондықтан бұл оқиғаға геноцид деп баға беру қиын. Егер басқа зерттеушілер оны геноцид деп қарастырса келісем. Талай жанды жалмаған зұлмат қазақтардың демографиялық дамуын шегерді. Халық саны кеміді. Шын мәнінде, осы оқиғаның қылмыскері кім? Біреулер Сталинді, енді біреулер сол жылдары Қазақстанды басқарған Голощекинді жазғырады. Жергілікті функционерлердің де кінәсі болды деп айтады», деді неміс ғалымы.
Ғылыми монография қазақшаға өте жатық аударылған. Жазушы, аудармашы Өтен Ахмет автордың еңбегіне жоғары баға беріп, отызыншы жылдардағы зобалаң туралы айтты.
«Қазақстандағы секілді алапат аштық басқа жерде болған жоқ деп ойлаймын. Бірақ соның бағасы толық берілген жоқ. Өйткені халқымызды қынадай қырған зұлмат толық зерттелмеді. Роберт Киндлердің осы оқиғаға қатысты кітабын аудару барысында көптеген жайтқа көз жеткіздім. Автордың әрбір сөзі, сөйлемі тарихи фактілермен нақтыланған. Фактінің қайдан алынғаны анық көрсетілген. Бұдан зерттеушінің еңбекқорлығы мен өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын аңғарасыз. Мен шетелге көп шықпасам да, өз елімді түгел аралағанмын. Осы жинақта көрсетілген елді мекендер, ауылдар, қалалар, кенттер – көзіммен көрген жерлерім. Бәрі көңілімде сайрап тұр. Жас күнімізде бұл тақырып біз үшін жабық болды. Бірақ әке-шешеміздің, ауылдағы үлкендердің бір-бірімен сыбырлап айтқан әңгімелерінен аштықтың халқымызға қандай зардап әкелгенін, бір отбасы ғана емес, тұтас ауылдар мен рулардың жойылып кеткенін естідім», деді жазушы.
Өтен ағамыз осы аштық зұлматы туралы одан әрі сөзін жалғай келіп, оны айтқанда көкейде үнемі бір сұрақ тұратынын баяндады.
« Ол қандай сұрақ? Бұл геноцид пе? Кітап авторы өз ұстанымын айтып, геноцид емес деді. Біздің кейбір тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз геноцид деп есептейді. Енді қараңыз: Көшпелілер өмірі – басқа өркениет еді. Оның барлық саласы қамтылған, реттелген болатын. Билік басына большевиктер келгеннен кейін сол өркениеттің беломыртқасын үзді. Тас-талқанын шығарды. Бұрын қазақ даласында аштық болмаған. Жұт деген ғана болған. Бірақ онда адам емес, мал қырылған. Бір жағынан, бізде әлі күнге дейін осы жантүршігерлік оқиғаға қойылған дұрыс ескерткіш жоқ. Содан кейін Екінші дүниежүзілік соғыста оралмаған жауынгерлерге арнап, әр аймақ шығарған мемориалдық кітаптар бар. Ал аштан қырылған қазақтардан тізімі жинастырылған жинақ бар ма? Біз неге соны жасамаймыз. Қысқасы, бұл кітапты оқу керек», деді қаламгер.
Сондай-ақ басқосуда журналист Әлия Әшім аштық туралы жаңа көзқараста деректі фильм түсіруді көздеп отырғанын айта келіп: « Біз оны зарлы, қайғылы сипатында емес, осындай апаттан аман қалып, ерік-жігер танытқан халқымыздың биік рухы идеясында түсіргіміз келеді», деді ол.
Іс-шара соңында университет жастары неміс тарихшысына аштық тақырыбына қатысты өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, емін-еркін сұхбаттасты.