Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қазіргі реакторлар – қауіпсіз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында газетімізге берген сұхбатында энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн болатынын айтты. Сондай-ақ азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап барып шешім қабылдауға тиіс екенін жеткізді.
Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Эрлан Батырбеков – елімізде АЭС салуды жақтайтын бірден-бір маман.
– Қазір еліміз ауаны көмірқышқыл газынан арылту үшін электр қуатымен жүретін көліктер мен жылыту жүйелеріне көшіп жатыр. Бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні белгілі. Ондайда еліміз болашақта электр энергиясына мұқтаж болуы мүмкін. Осы тапшылықты болдырмау үшін ел Президенті атом энергетикасын дамытуды тапсырды. Осыған орай біздің орталыққа үлкен міндет жүктелді. Біз қаншама жылдық тәжірибемізді салып, энергетика саласындағы отандық ғалымдар, инженерлер болып кешенді жұмыстар атқарып келеміз. Мәселен, «Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту» ғылыми-техникалық бағдарламасы бойынша үшжылдық зерттеу циклі мәресіне жетті. Зерттеу 4 ірі бағыт бойынша жүргізілген 25 ғылыми тақырыптан тұрды. Соның ішінде IV буын реакторларының қауіпсіздігі саласында үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, АЭС салуға қарсылық білдіріп жатқандар мен жақтауға жүрексінетіндер осыған дейін әлем тарихында болған Чернобыль, Фукусима атом электр стансаларындағы алапат апаттарды мысалға келтіреді. Бұл оқиғалар мен апаттар өткен ғасырдың 50-жылдарында жасалған екінші буын реакторларында болғанын ескерген жөн. Одан бері ғылым дамыды. Қазіргі таңда елімізде салуға 3 және 3+ буынды, заманауи, референтті, терең эшелондалған қорғаныс жүйелеріне ие реакторлар қарастырылған. Аталған реакторлар АЭС тарихында болған барлық кемшілік пен апаттық жағдайды ескере отырып жобаланған. Ғылыми дәлелдемелерге қарасақ, 3+ буындағы реакторларда ауыр апат тек 10 млн жылда бір рет кездесуі мүмкін, – деді Э.Батырбеков.
Оның айтуынша, реакторлардың қазіргі буынында кез келген апат кезінде реакторды адамның қатысуынсыз-ақ қауіпсіз күйге келтіретін қабілетке ие белсенді және белсенді емес қауіпсіздік жүйелері бар. Белсенді емес қауіпсіздік жүйелері табиғи күштер мен физикалық заңдардың әсерінен жұмыс істейді. Сондықтан ғылымның заманауи жетістіктеріне арқа сүйеп, өркениетке бет алған жөн. Жалпы, атом энергетикасына қарсылық білдіріп жатқан адамдардың көбі Семей сынақ полигонының салдарына жүгінеді. Бірақ АЭС пен атом қаруын салыстыруға мүлде болмайды. Шын мәнінде, атом энергетикасы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмейді, сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсартуға да ықпал етеді.
Балқаштан айырылып қалмайық
Қалаларда, соның ішінде Алматыда ауаның ластануын біраз жылдан бері зерттеп жүрген ғалым Насиба Байматова Алматыда ауаның ластануына бірден-бір себеп ретінде жылу қазандықтары мен тозған көліктерден бөлінетін көмірқышқыл газын атаған еді. Егер АЭС салсақ, шынымен де қалаларымыз тазалана ма? Эколог, «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк АЭС құрылысы керісінше экологиялық жағдайды нашарлататынын алға тартып отыр. Оның пікірінше, еліміз уран өндіруден алдыңғы орында тұрғандықтан, атом энергетикасы қажет деген дұрыс емес. Шындығында, мемлекеттердің бәрі бірдей АЭС салуға көшіп жатқан жоқ. Небәрі 20 ел АҚШ көтерген атом стансасы туралы бастамаға қолдау білдірген. Мұныңыз – әлемнің оннан бірі ғана. Атом энергетикасының тұрақтылығы туралы мәселеге келсек, Беларусьтің 2020 жылы іске қосылған АЭС-і былтыр жарты жылға жуық жұмыс істемеді, яғни энергияның бұл түрі біз қалағандай тұрақты емес.
– Бәрінен бұрын ядролық қалдықтар мен тритийдің қауіпі жоғары. Тритий – реактор жұмыс істеп тұрған кезде пайда болатын және ешқандай сүзгі ұстап қала алмайтын өте ауыр сутегі. Оған қоса радиоактивті заттар тіпті апатсыз кезде де ағып кетуі мүмкін. Алда АЭС құрылысына қатысты референдум күтіп тұр. Бұған дайындық ең алдымен азаматтарға шынайы негізделген ақпарат таратудан басталуы керек. Қазіргі таңда энергияны жинау мен үнемдеу жолдары дамып келе жатыр. Содан соң, климаттың өзгеруін және еліміздегі тұщы судың тапшылығын ұмытпаған жөн. Ал Балқаш көлі (станса осы көлдің маңындағы Үлкен ауылында салынуы мүмкін) – тұщы судың көзі. Демек мұнда АЭС-тің тиімділігінен қаупі көбірек. Арал аз болғандай, станса салынса, біз Балқаштан айырылуымыз мүмкін, – деді С.Могилюк.
Электр энергиясы арзандамайды
Нарық заңы бойынша тапшы тауар қымбат тұрады әрі қымбаттай береді. Ал елімізде АЭС салудың ең басты мақсаты электр энергетикасының тапшылығын болдырмау еді. Олай болса, АЭС салынған елде электр қуатының құны арзан болуы керек. Әр ай сайын коммуналдық қызметтің түбіртегіне үңілгенде ең үлкен сомаға, яғни электр энергиясының тұсындағы цифрларға бірден көз тоқтататынымыз рас. Міне, АЭС салынса, қарапайым жұрт жақсылығын көретіндей, электр энергиясының құны арзандай ма?
Энергетик әрі экономист, «Kegoc» корпорациясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев атом электр стансасы салынса, баға қымбаттайтынын айтады. Сарапшы АЭС құрылысына қарсы екенін де жеткізді. Оның бірнеше себебі бар.
– Бүкіл әлем жасыл энергия кешенінің құрылысына және жаңа технологияларды енгізуге бет бұрып жатыр. Адамзат атом электр стансасынан арзан, күн мен желден қуат алудың жылдам және қауіпсіз көзін ойлап тапты. Егер АЭС салынса, тұтынушылар жыл сайын электр энергиясы үшін 675 млрд теңге артық төлейтін болады. Өйткені атом стансаларының киловатт-сағаты үнемі қымбаттап отырады. Бұған қоса АЭС жобасы жүзеге асырылған жағдайда ядролық қалдықтарды мыңдаған жыл бойы сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Ал бұл айтарлықтай материалдық ресурстарды қажет етеді, – дейді Ә.Наурызбаев.
Оның айтуынша, инженерге электр энергияның болуын тапсырсаңыз, маманда мұны орындаудың бірнеше жолы бар. Ал атом стансасы – өте қымбат шешім. Бұл талқылауға жататын инженерлік шешім де емес, еліміздің тағдыры шешілетін мәселе. Референдум – станса немесе технология туралы емес, келешек ұрпағымыздың алдындағы жауапкершілік.
– Жаңартылған энергия үлкен апаттар болған кезде де адамдар үшін қауіпсіз. Апат болса, адамдар өліп кетпейді немесе үйлерін тастап, көшіп кетуге мәжбүр болмайды. Жаңартылған энергия улы, зиян қалдықтарды бөлмейді. Осы жағынан жаңартылған энергия әлдеқайда сенімдірек. Екінші жағынан АЭС салу үшін 10 жылдан артық уақыт кетсе, жаңартылған энергия көздерін салуға 2-3 жыл жеткілікті. Болашақтағы электр энергиясына деген сұранысты тез, арзан, қауіпсіз жаңартылған энергиямен жаба аламыз, – деді Ә.Наурызбаев.
Күн де, жел де,
топырақ та тоқ береді
Деректерге сүйенсек, АЭС салуды жоспарлауға және құрылысына 7-15 жыл, эксплуатация, яғни пайдалануға беруге 30-40 жыл, атом ядросын қолданудан қалған қалдықтарды сақтауға 2500 жылдан аса уақыт керек. Ал қуат көзін атом электр стансасынан алу 40 жылдан аспайды. Бұл деректі «Уикипедия» ашық дереккөзіндегі мәлімет те растайтындай, онда реакторлардың орташа жасы 29 жыл деп көрсетілген. Сонда АЭС салу арқылы энергия тапшылығын түпкілікті жою мүмкін емес болғаны ғой. Бұл – орта есеппен алғанда 30 жылғы тапшылықты жоюдың жолы, шешімі. Ал енді электр энергиясының тапшылығын болашақта болдырмаудың АЭС салудан өзге шешімі бар ма? АЭС-ке балама шешім бар болса, бұл қаншалықты тиімді әрі сенімді? Qazaq Green жаңғырмалы энергия көздері қауымдастығының басқарма төрағасы, Энергетика министрлігіне қарасты Жаңғырмалы энергия көздері департаментінің экс-директоры Айнұр Соспанованың пікірін сұрап көрдік.
– Қазірдің өзінде Қазақстандағы аукциондарда жаңғырмалы энергия көздері жел генерациясы 12,38 теңгеге, күн генерациясы 12,5 теңгеге бағаланады. Аукционда жеңгендер белгілі бір мерзімде стансалар салуға міндеттеме алады: жел стансалары үшін бұл шамамен 3-4 жыл, күн стансалары үшін 2 жылды құрайды. Біраз уақыттан кейін жаңғырмалы энергия тарифтерінің бағасы да жаңартылады. 10,5 теңге – Sungrow ірі Қытай холдингінің ұсынысы. Біз оларды еліміздегі желге қатысты басқа жобалар бойынша білеміз. Бұлар Астанадан аса алыс емес жерден 206 МВт нысанды салып үлгерді. Қазір аукционнан олар 50 МВт жеңіп алды. Олар электр энергиясының бағасы 10,5 теңге болатын станса салуға дайын. Бізде жаңғырмалы энергия көздері тарифтері ескі газ және көмір стансалары деңгейінде. Мен энергетикалық жүйелермен айналысатын моделист мамандардан «Біздің энергетикалық жүйелер атом стансасын қабылдай ала ма?» деп сұрадым. Олар қабылдай алмайтынын, өйткені бұл тым қымбат электр энергия көзі екенін, атом электр энергиясының құнында одан қалатын қалдықтарды басқарудың болмайтынын айтты, – дейді А.Соспанова.
Demoscope қоғамдық пікірлердің экспресс-мониторингі бюросы жүргізген сауалнама нәтижелеріне көз жүгіртсек, зерттеуге қатысқан респонденттердің 46,6 пайызы атом электр стансасын салу идеясын қолдаған екен. Ал АЭС құрылысына қарсы уәждердің 47,9 пайызы апаттар мен радиацияның ағып кету қаупін, 31,3 пайызы Балқаш көлінің таяздануын және басқа да экологиялық зардаптарды, 7,4 пайызы құрылыс кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелі, 6,7 пайызы мамандардың болмауы, тәжірибенің аздығын, сондай-ақ 5 пайызы құрылыстың қымбат құны мен ел бюджетіне түсетін салмақты алға тартқан.