Театр • 06 Ақпан, 2024

Алдар көсе мюзиклді бағындырды

137 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрында «Алдар көсе» қойылымы көрерменге жол тартты. Қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері, ақылды айлакер, зерделі қудың жиынтық бейнесін музыкалық жанрда қойып, алғаш тәжірибеге барған режиссер Есләм Нұртазин болса, композиторлары – Ербол Нариманұлы мен Ақжол Өмірзақов.

Алдар көсе мюзиклді бағындырды

Тарихқа шегініс жасасақ, театр және кино өнері туындыларында көрініс тап­қан халық ауыз әдебиетінің кейіпкері Алдар Көсе ең алғаш рет 1942 жылы пьеса, 1964 жылы көркем фильм ретін­де көрермен назарына ұсынылса, ара­ға сексен жылдан астам уақыт салып алғаш рет мюзикл жанрында қойы­лып отыр екен. Тәуелсіз Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы тұңғыш мюзикл театрының бұл қадамы әлбетте құптарлық. Себебі шетелдік анимация­ның небір айшықты кейіпкерлерін көріп, соларға тамсанып өсіп келе жатқан кіш­кентай көрермендеріміз үшін «Алдар көсенің» сахнаға шығуы, оның үстіне мюзикл тілінде үн қатуы әрине жаңалық болғаны сөзсіз. Ауқымды декорация, арнайы тігілген костюмдер, жарқ-жұрқ жарық – мұның бәрі көрерменін арбамай қоймайды. Спектакльден соң балалар жазушысы, журналист Серікбол Хасан:

– Тамаша қойылым екен, балалар­дың бастан-аяқ езуі жиылмады. Алдар­дың «Арманың қандай?» деген сұрағына дәу: «Димаш сияқты әнші болғым келеді», – деп жауап берсе, Айдаһар: «Наубайхана ашқым келеді. От өзімнен, газ керегі жоқ», – деп бір күлдірді. Мюзикл авторлары баршаға белгілі ертегіні барынша қазіргі заманмен байланыстырыпты. Қазіргі ұғымдар, қазіргі әндер, тіпті бүгінгі қоғамдағы жағдайлар да қамтылған екен. Актерлер де тамаша ойнады, сахна декорациясы да ерекше, деп қойылымнан алған әсерін жеткізді.

Ал режиссердің айтуынша, аталған мюзикл жасөспірімдер арасында халық батырының мәңгілік бейнесін жасауға септігін тигізеді.

– Алып бәйтерек. Қасиетті тайқазан. Қазақы ою. Астарлы әзіл. Ойлы әуен. «Қара жорға» биі. Сиқырлы таяқтың құ­пиясы мен судың сиқыры. Мыстан кем­пірдің айлакерлігі. Заманауи Алдар көсе бейнесі. Ержүрек батырлардың дәумен шайқасы. Мұның барлығы балалар үшін арнайы базарлық десек болады. Балаларға арналған ертегіні музыкалық драманың тілімен, мюзикл жанрымен жеткізуге тырыстық. Қойылымның сценарийі де жаңадан жазылды. Өйткені біздің жас көрермендерімізге ұлттық мұрамызды заманауи тілде түсіндіру маңызды деп ойлаймын. Қазіргі ақпараттық технология дәуірінде Marvel-дің қаһарманда­ры­мен бәсекеге түсуіміз керек. Ұлттық құн­­дылықтарымызды сақтай отырып, мюзиклдің сахналық декорациясын да ерекше етіп жасадық, – деді қойылым ре­жиссері Есләм Нұртазин.

Рас, техникалық мүмкіндіктерді игеру жағынан қойылымның ұтқан тұсы мол. Заманауи театр өнерінің озық тәсілдерін қолдануда да режиссер ізденісі жемісті. Әйтсе де жанрын мюзикл деп жар сал­ған соң, дәл сол жанр табиғатына һәм талаптарына сай қойылым күткеніміз рас. Оның үстіне ресми атауы бар кәсіби мюзикл театры болғандықтан да бұл үміті­міз бен талабымызды қисынсыз демес едік. Осы тұрғыдан келгенде қойылым­ға әлі де жүйелі ізденістер қажеттілігі бай­қалды. Әсіресе ертегіні мюзиклден­ді­ру үдерісінде тереңнен кәсіби бойлау жағының кемшін түсіп жатқандығын да баса айтқымыз келеді. Себебі жанр заңдылығына сай жіктейтін болсақ, бұл «Алдар көсені» мюзикл деуден гөрі музыкалық спектакль деп тану әділетті болады. Ал жанр ерекшеліктерінен хабары бар көрермен, әлбетте, екі аралықтағы айырмашылықты бірден таныры сөзсіз.

Мюзиклге әуен жазған мамандар із­де­нісінен де анау айтты жарқын жаңа­лық байқалмады. Ескі әндерді өңдеумен шектелген композиторлар партитура­сын­да мюзикл атмосферасын жеткізу­дегі жаңашылдыққа сұранып тұрған сахналарды әлі де дамытып, жетілдіру жа­ғына мән берілсе, ертегінің ерекше кө­ңіл күйі одан әрі көркемделе түсері анық.

Негізі кейіпкерлеріне келсек, актер­лердің дауыспен жұмыс істеу, сахна тілін игеру жолындағы ізденісінен жада­ғай­лықты байқауға болады. Арнайы үн ұл­ғайтқыш құралдарының көмегіне жү­гіну де тіл анықтығы мен тазалығын то­лық сақтай алмады. Пьеса авторлары – Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Есләм Нұртазин, Әннәс Бағдат одағының заманауи бағытта қайта қарап, жаңашыл стильде жазып шыққан сюжетінде қазіргі қоғамның көрінісі шынайы берілген. Бірақ бұл талпыныстың Алдар көсе бейнесін екінші планға ысырып, көмескілендіріп алғанын да айту парызымыз. Бас кейіпкердің көркем­дік желісі, мінез бояуы, пьесаның жалпы мақсатқа жету жолындағы шешімдері шашыраңқылыққа ұрынған. Тағай хан мен Айсұлу бейнесіне басымдық беріліп, Алдар көсе көмескілік көлеңкесінде қал­ғандай әсер сыйлады. Одан бөлек, әртістердің күлкі шақырамыз деп арзан әзілдерге баруы, қисынсыз қалжыңдары, сондай-ақ орынсыз жерде орыс тілін де тым-тым жиі қолдануы, жарық қоюшы маман Михаилды да қайта-қайта тілге тиек ете беруі құлаққа түрпідей тиіп қана қоймай, көрерменін жалықтырады да. Сол секілді «Балалар танымына пара беру, жеңісті сатып алу сынды саяси астарлы кейбір кержақ әдеттерді сіңіруге басымдық бергенде қойылым тобы не ұтты екен?» деген де сан сұрақтың көкейде қалғанын жасырмаймыз. Жалпы, заманауиландырудың жөні осы екен деп сүзгісіз суреткерлікке бара берудің соңы ертеңгі бала танымына сызат түсірмесіне кім кепіл? Күлген жақсы әрине, бірақ ас­тарлы, мағыналы күлдіре білгеннің бәсі бәрібір биік екендігін шығармашылық топ қаперден шығармаса игі деген тілектің де көкейде қылтиғаны рас.

Егер әлемдік мюзикл қою талапта­рын алға тартсақ, рас, мюзикл – ең қымбат жанрлардың бірі. Оның жауапкершілігі де үлкен. Себебі мюзикл қою – әні мен сәні келіскен шоу жасау деген сөз. Оған өткен жылы ғана «Роза Бағланова» мюзиклімен Оңтүстік Корея республикасының Тэгу қаласында өткен мюзикл фестиваліне қатысып келген ұжым айқын көз жет­кізсе керек. Сондықтан да алдағы уақыт­та шығармашылық құрамнан жаңа­шыл­дығымен қатар, жанр талаптарына то­лыққанды жауап беретін мінсіз туындылар күтеміз. Бұған талантты труппаның әлеуеті толық жетеді. Оның айқын дәлелі – залды лық толтыра көрермен жинап, балдырғандарды қуантқан бүгінгі «Алдар көсе» мюзиклі.