Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Екінші жағынан жоғары оқу орындары арасындағы бәсекені қалыптастыру арқылы әлсіз, әлі де дамытуды қажет ететін тұстарды анықтауға, соның нәтижесінде сапаны арттыруға септеседі. Бізде осындай рейтинг бар ма? Университеттердегі білім сапасы қаншалықты әділ бағаланады? Онда мамандықты, оқу орнын таңдауға көмектесетін ақпарат бар ма? Мамандар мен нәтижелер «сөйлесін».
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім бағдарламаларына бағалау жүргізіп келеді. Ұлттық палата «тәуелсіз» деп айдар таққан бағалауды Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен, тіпті сол ведомствомен бірлесіп жүргізеді. Бағалауға кәсіпкерлердің қатысатыны, университеттер даярлаған кадрлардың кәсібилігіне жұмыс берушілердің баға беретіні тәуелсіз деуге себеп болса керек.
Жақында «Атамекен» палатасы мен министрліктің бағалауы бойынша 2023 жылғы білім бағдарламаларының, жоғары оқу орындарының рейтингі жарияланды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев аталған бағалау 19 өлшемшарт бойынша жүргізілгенін айтты.
– Өлшемшарттардың негізгілеріне түлектердің жұмысқа орналасуы, білім бағдарламалары сапасының көрсеткіштерін, жетістіктерін, мазмұнын бағалау, университеттердің жалпы көрсеткіштері жатады. Рейтинг әдістемесі жоғары оқу орындары және қоғамдық қызмет сарапшыларымен ашық талқылау нәтижесінде қабылданған болатын. Білім беру бағдарламаларының басым бөлігі жұмыс берушілермен келісілді. Талдауға тәжірибелі мамандар тартылды. Осы үшін министрлік қажетті жағдайды жасап, тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді. Бұл рейтинг талапкерлерге көптеген құнды ақпарат береді. Соның нәтижесінде болашақ студенттер әртүрлі мамандық бойынша шамамен қандай жалақы ала алатыны, қаншалықты тез жұмысқа орналасуы мүмкін екені туралы мәліметтер алып, рационалды таңдау жасайды, – деді Ә.Тойбаев.
Оның айтуынша, бағалауда ең бірінші жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларының сапасы мен өзектілігі талданған. Жұмыс берушілердің қанағаттануы 67,5%-ды құрады. Аталған көрсеткіштің біршама өскені байқалады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 33% болған еді.
– Бұдан соң бағалау жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша талданды. 2023 жылы түлектердің 77%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Былтыр жұмыспен қамтудың орташа пайызы 3,3%-ға өсіп, 82,8%-ды құрады, 2021 жылы бұл көрсеткіш 78,4%, 2022 жылы 79,5% болды. Ал жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы – 79 күн, яғни 2 айдан аса уақыт кетеді. Сұранысқа ие білім бағдарламалары бойынша бітірген түлектер бір айдан аспайтын уақытта жұмыс тапқан. Талапкерлер мен олардың ата-аналарына болашақ мамандықты таңдауға мұқият, назар салып қарау керек екенін айтқымыз келеді. Ал жоғары оқу орындарының рейтингі талапкерлер мен олардың ата-аналарына, жұмыс ұсынушыларға және білім беру мекемелеріне ақпарат беру үшін жасалады, – деді министрлік өкілі.
Иә, түлектердің жұмыс табу көрсеткішінің артқаны қуантады. Ә.Тойбаев бағалағандай, жұмыс берушілердің қанағаттану деңгейі бойынша да жақсы нәтиже тіркелген. Дегенмен өзімізде даярлаған кадрлардың кәсібилігіне жұмыс берушілер әлі де толықтай қанағаттанбайтынын білуге болады. Бағалау қорытындысына сүйенсек, бағдарламалардың 68%-ы (1 294 білім бағдарламасы) жұмыс берушілердің талаптарына сай екені, 30%-ы (571) талаптарды қанағаттандыратыны, бірақ жетілдіруді талап ететіні және 2%-ы (38) талаптарға сай келмейтіні анықталды.
Бәрінен бұрын рейтингтің шынайылығы, бағалаудың әділдігіне қатысты сұрақ көпшілікті, әсіресе ата-аналар мен талапкерлерді толғандырады. Осы сауалға жауап берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов аталған рейтинг тек объективті деректерге негізделгенін айтты.
– Біздің әдістеме барлық көрсеткіштің тек объективті деректеріне сүйенеді. Мысалы, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін, олардың жалақысын талдаған кезде біз түлектердің жұмыс орнынан алып келетін анықтамаларын есепке алмаймыз. Бұл талдауға 2022 жылдың тамызынан бастап (түлектердің барлығы диплом алған кезде) 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңдегі түлектердің ай сайынғы зейнетақы аударымдары туралы ақпаратты қолдандық. Біздің рейтинг талапкерлерге көптеген құнды ақпарат береді. Бұл болашақ студенттерге рационалды таңдау жасауға көмектеседі, – деді А.Бейсенбенов.
Палата өкілінің дерегіне ден қойсақ, 2023 жылғы рейтингке 95 жоғары оқу орны бойынша 121 мамандық, 2 090 білім беру бағдарламасы қамтылған. 100 235 түлектің деректері талданып, еліміздің барлық өңірінен 190-нан астам салалық сарапшы тартылыпты. Талдауға қатысқан білім бағдарламалары түлектерінің арасында 8 380 (8,4%) магистратурада оқуды жалғастырған, 5 404 (5,4%) үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста отырған, 1 411 (1,4%) шетел азаматы бар.
– Түлектердің жалпы саны да жылдан-жылға артып отыр: 2021 жылы олар 73 071, 2022 жылы – 81 393, 2023 жылы 100 235 адам болды. 100 235 түлектің 45 787-сі – ер (47%), 51 522-сі – әйел (53%). Бұл ретте талдауға жататын еңбекке қабілетті түлектердің (71 864 адам) қатарынан (бала күтімі бойынша демалыстағыларды, шетелдіктерді, күштік құрылымдардың қызметкерлерін және басқа да талдауға қосылмайтын санаттарды есепке алмағанда): әйелдер арасында түлектердің 86%-ы тұрақты жұмыс істейді, 8%-ы шартты түрде жұмыс істейді және 6%-ы жұмыс істемейді; ерлер арасында 80%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған, 13%-ы шартты түрде еңбек етеді және 7%-ы жұмыс істемейді. Түлектердің орташа жалақысы да біршама өскен. 2021 жылдан 2023 жылға дейін жалақының орташа деңгейі 114 067 теңгеден 168 156 теңгеге дейін көбейді, – деді департамент директоры.
А.Бейсенбеновтың сөзіне сенсек, өңірлік талдау барысында түлектердің жалақы деңгейін, жұмысқа орналасуын және жұмыс іздеуге кететін уақытын ескере отырып, әр аймақ бойынша олардың орташа көрсеткіштері шығарылған. Нәтижесінде, жұмысқа орналасудың ең жоғары деңгейі Алматы облысы (91%) түлектерінде, ал ең төмен деңгейі Жамбыл облысы түлектерінде (74%) анықталды. Жоғары жалақыны Ұлытау (336 679 теңге), Қостанай (183 741 теңге), Павлодар (193 081 теңге), Шығыс Қазақстан (181 922 теңге), Атырау (191 786 теңге), Алматы (227 458 теңге) облыстарының және Алматы қаласының (186 038 теңге) түлектері алады екен. Ал ең төменгі жалақыны Шымкент қаласының (117 468 теңге), Қызылорда (110 822 теңге), Түркістан (117 468 теңге), Жамбыл (132 549 теңге), Абай (147 152 теңге) облыстарының түлектері қанағат тұтып жүр.
– Бағыттар бойынша талдауға келсек, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағытының түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі жоғарғы – 89%, ал ең төменгі көрсеткіш «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағытына тиесілі – 76%. Талдауға сәйкес, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағыты түлектерінің медиандық жалақы көрсеткіші де ең жоғары мәнге ие болып, 212 797 теңгеге тең болды. Ал ең төменгі медиандық жалақы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағытының түлектеріне тиесілі – 122 458 теңге. Жалпы рейтинг бойынша түлектердің медиандық жалақысы 168 156 теңгені құрады. Осы сәтті пайдаланып, талапкерлерге мынаны айтқым келеді: университет пен мамандықты таңдау – болашақты анықтайтын маңызды кезең. Сондықтан таңдау жасамас бұрын қызығушылықты бағалау, кәсіптік бағдар беру тестілерін қолдану, бағдарламалардың мазмұны мен мансап әлеуетін зерттеу маңызды. Оқу орны деңгейін салыстыру да – орынды қадам. Мұнда ұйымдастырылатын жәрмеңкелер мен ашық есік күндеріне қатысу, ата-аналармен, педагогтермен және мансап кеңесшілерімен кеңесу де қажетті дүние. Ең бастысы, барлық аспектіні ескеріп барып сенімді шешімдер қабылдаған абзал, – деді А.Бейсенбенов.