Аймақтар • 07 Ақпан, 2024

Мұғалім сабақ үстінде оқушыға қол көтерген (видео)

1125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы мектептердің бірінде сабақ үстінде мұғалімнің оқушыға қол көтерген сәті видеоға түсіп қалған. Әлеуметтік желілерде тараған видеоны желі қолданушылары қызу талқыға салды, деп жазады Egemen.kz.

Мұғалім сабақ үстінде оқушыға қол көтерген (видео)

фото: видеодан скриншот

Мұғалім оқушыға екі парақ алуды бұйырған. Бірақ оқушы қолында ондай парақтардың жоқ екенін жеткізді. «Сен мені түсінбедің бе? Қос парақ аласың ба, жоқ па?», деген мұғалім оқушыға айқайлап, қол көтерді.

Облыстық білім басқармасы бұл оқиға бойынша полицияның тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Мұғалімге қатаң сөгіс жарияланды.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның 25 қаңтарда болғанын атап өтті. Тәртіп сақшыларына 43 жастағы баланың әкесі Қосөзен ауылынан хабарласқан.

«Аталған фактіні учаскелік полиция қызметкері тіркеп, ұстазға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың ата-анасының уәждері негізінде соңғы процессуалдық шешім қабылдау үшін сараптама тағайындалды», деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Ал желі қолданушылары видеоға қатысты түрлі пікірлер қалдырып жатыр. Кейбіреулер мұғалімді мұндай хәлге жеткізген баланың өзі кінәлі деп санаса, кейбіреулері нендей жағдай болса да ұстаз өзін-өзі бақылауда ұстап тұруы қажет екенін айтты.