Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жедел жәрдем қандай жағдайда кешігеді?
Күндіз, мейлі түнде күтпеген, оқыс оқиғаға ұрынбасыңа ешкім кепілдік бере алмайды. Былайғы күні еңбегін елемегенмен, жан қысылғанда дүние атаулыны ұмытып, алғашқы медициналық көмекке жүгінесің. Жедел жәрдем жедел жетсе дейсің. Біз осы жолы қауырт шақ, қиын сәтте адам жанын арашалап қалуға тырысатын мамандардың жұмысымен танысуды ойлап, Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасына аялдадық.
Қоғам болған соң ел арасында түрлі сын-пікір айтылады. Соның бір ұшы ара-тұра медицина қызметіне, жедел жәрдемге тиіп жатады. Қызмет көрсету сапасына, маманның жұмысына сын көзбен қарайтындар табылады. Десек те сұрақтың көбі жедел жәрдемнің жедел келмейтініне қатысты. Жедел медициналық жәрдем стансасына барғанымызда мамандықтың қыр-сырын, қиындығын көрсетумен шектелмей, көптің көңілінде жүрген сауалдарға да жауап алуға тырыстық.
Жедел жәрдем стансасының кіреберісінде қызметтік көліктер қаз-қатар тізіліп тұр. Бірі шақыртуға асығып-үсігіп, жедел шығып бара жатса, енді бірі тұраққа аялдап жатты. Сол маңда шақыртудан енді келіп, құрал-жабдық, дәрі-дәрмектерін түгендеп жүрген фельдшер Азат Рахматулинмен жүздесіп, пікірлестік. Ол – жедел-жәрдем стансасында 10 жылдан бері еңбек етіп жүрген білікті маман. Әдетте түске дейін шақырту аз түсетіндіктен, осы сәтті біз де тиімді пайдаланып, жедел жәрдемдегі құралдарды маманмен бірге түгендеп шықтық. Көліктің кіреберісінде есіктен сәл жоғары маңдайшада ілулі тұрған «дефибриллятор» деген құрылғыны байқадық. Түр-түсін ескі телефон аппаратына ұқсаттық. Сөйтсек, бұл қысқамерзімді күшті электрлік импульспен жүрекке әсер ететін арнайы құрал болып шықты. Жүрек бұлшықетінің жиырылуын және релаксациясының жиілігін қалыпқа келтіруге арналған екен. Сосын оттегі аппараты, акушерлік көмек көрсетуге арналған жиынтық, реанимация кезінде қолданатын монитор, электркардиограмма, науқас ауыр жарақат алғанда, аяқ-қол сынғанда таңатын, тіпті күйік шалғанда қолданатын құралдар көзге түсті. Ал акушер үнемі алып жүретін сары қорапша адреналиннен бастап физраствор, ауырсынуды басатын ношпа, кетоналдан басқа да дәрі-дәрмекке толған. Жедел жәрдем қызметінің қыр-сырынан бейхабар біз үшін көліктің іші шағын емхана секілді көрінді. Осы арада Азат Рахматулинді әңгімеге тартып, жедел жәрдем қызметіне қатысты бірнеше сұраққа жауап алып үлгердік.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай, жедел жәрдем көлігінде алғашқы медициналық көмекке қажеттінің бәрі бар. Оның үстіне жылдан-жылға техника, құралдар жаңарып жатыр. Кейбір құралдардың көмегімен бір емес, бірнеше қызметті қатар атқаруға болады. Сұраққа тоқталсам, шынында, жедел жәрдемнің кешігуіне бір емес, бірнеше себеп бар. Әсіресе кешқұрым тұрғындардан шақырту көп түседі. Дәл сол мезгілде қалада кептеліс басталады. Кей-кейде дабыл белгісін қосып жүргенімізге қарамай, жол бермейтін жүргізушілер кезігіп қалады. Негізі бізде шақыртудың 4 түрі бар. Мысалы, бірінші деңгейлі, яғни жедел шақыртуға 10 минутта жетуіміз керек. Екінші деңгейлі шақыртуға – 15 минутта, үшінші жеделдіктегіге – 30, төртінші деңгейлі шақыртуға бір сағат көлемінде баруымыз қажет. Түсінгендеріңіздей, шақыртулар реті науқастың хал-ахуалына байланысты бекітілген. Жол-көлік оқиғалары орын алса, науқас ес-түссіз жатса, биіктен құласа, басқа да ауыр жағдайға тап болса, барынша 10 минутта жетуге тырысамыз, – дейді А. Рахматулин.
Ауру-сырқау жасарып тұр
Жедел жәрдем құрамы кептелістегі қарбаласқа аптаның соңына немесе мереке күндері ғана емес, күнделікті кезігеді. Әсіресе кешкі 18.00-ден түнгі 12.00 аралығында шақырту әдеттегіден көбірек түседі. Бізбен пікірлескен жедел жәрдем құрамы алдыңғы түнде таңға дейін 16 шақыртуға барыпты. Оның ішінде жедел және төртінші деңгейлі шақыртулар болған. Кешкі 17.00-ден таңғы 8.00 аралығындағы 15 сағатта 16 мекенжайға барып, қызмет көрсету деген расымен де оңай шаруа емес. Бір жағы қыс мезгілінде жіті респираторлы вирустық инфекциялар күшейетіндіктен, тұмау және басқа да жұқпалы аурумен сырқаттанған балаларға көмек көбірек керек болады. Қыс, көктайғақ, оқыс оқиғалар жиілейді. Мамандар соның барлығына дер кезінде жетіп, алғашқы көмек көрсетіп, қажет болса, ауруханаға жедел жеткізуге тырысады. Кейде науқасты қалай да аман алып қалуды ойлап, қанша жерден арпалысқанмен, дәм-тұзы таусылуға таяған жандардан айырылып қалатын жайттар да кездеседі. Мұндай жағдай жедел көмек көрсетуге тырысқан медицина қызметкерінің де жанына батады.
– Кез келген қиын, күрделі, қолайсыз жағдайда жақсы нәрсе ойлап, барлығы дұрыс болады деп үміттенеміз. Әркез сергек болуға тырысамыз. Абдырап қалмай, нақты іске көшеміз. Қолдан келетін шараның барлығын жасаймыз. Науқастың хал-ахуалына қарай жағдайы тәуір болса, үйде қалдырып, кеңесімізді айтамыз. Ал жағдайы күрделі болса, диагнозы бойынша әртүрлі ауруханаға апарамыз. Жарақат алса – травматологияға, жүрегі сыр берсе – кардиологияға, бала сырқаттанған болса, балалар ауруханасына зулаймыз. Жедел жәрдемде жүргеніме 10 жылға жуықтапты. Осы аралықта аурулардың жасарып жатқанын байқадым. Бұрындары көбіне ересектерде кездесетін аурулар жастардан да анықталып жатыр. Бұған енді тұрмыс-тіршілігі, стресс, басқа да факторлар әсер етсе керек. Себебі бұл – бізде ғана емес, әлемде болып жатқан жағдай, – деді А.Рахматулин сөзін түйіндеп.
Жедел жәрдем бригадасында екінші фельдшер қызметін атқаратын Әлібек Қожамқұлов жас та болса жұмысына ұқыпты екенін байқатты. Оның жедел жәрдемге келгеніне жылға жуықтаған. Фельдшерлердің қасына ілесіп, көмектесіп, тәжірибе шыңдап жүр.
– Осы мамандықты таңдаған соң, қыр-сырын толық меңгеремін деген ниеттемін. Біраз тәжірибе жиып, шыңдалып, фельдшер болсам деген ойым бар, әрине. Қазір фельдшерлерге қолғабыс етіп жүрмін. Менің жұмысым көліктегі құрал-жабдықтарды реттеп, дәрі-дәрмектерді дер кезінде түгендеуден басталады. Мысалы, бүгін біз қандай дәрі-дәрмек, құралдарды қолдансақ, соның орнын жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін түгендеп қоямыз. Себебі келесі бізден кейінгі топтың алаңсыз шақыртуға кетуіне жағдай жасалуы керек. Иә, жыл ішінде түрлі шақыртуға бардық. Алғашында жұмыс қиын болғанын жасырмаймын. Бірақ уақыт сәтімен үйреніп кеттік, – дейді Әлібек.
Жүргізушілердің жол беру мәдениеті
Қыста шақыртуға сақадай сайланған көліктер дамылдамайды екен. Жүргізуші тұраққа келіп аялдаған уақытта да көлікті өшірмейді. Себебі сала мамандары қай кезде жедел шақырту түсетінінен бейхабар. Мұндай жағдайда көлікті қыздырып отыруға уақыт жоқ. Әрі күннің суығында көліктегі құрылғылар, дәрі-дәрмек қатып қалуы мүмкін. Осы арада біз жедел жәрдем жүргізушісі Ғарифолла Жұмаділовпен пікірлескенді жөн көрдік.
– Санамаласам, жедел жәрдемде жүргеніме 6 жыл болып қалыпты. Осы аралықта жұмыс барысында небір оқиғамен бетпе-бет келдік. Ұрыс-керіске жетіп, жанжалдасып қалған сәттер болды. Енді кешегі әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадағыдай жағадан алып, жұдырықтасып қалған сәттер өз басымнан өткен жоқ. Өтпей-ақ та қойсын. Адамның барлығы бірдей емес қой. Ішімдік ішкендермен қоса ашуға булығып тұрған адамға тап келуің мүмкін. Мамандар адамды бөліп-жармай, бәріне бірдей жәрдемдеседі. Міндетіміз ғой. Ішімдікке сылқия тойып алып, басы жарылып жатқан науқастар кездескен. Ол бізбен қанша текетірессе де, тастап кете алмаймыз. Көмектесеміз. Оқыстан қаза тапқандарды көресің. Мысалы, менің алғаш жол-көлік оқиғасына барғаным есімнен кетпейді. Жүрексініп қалғанмын. Қазір үйреніп кеттік. Жүргізуші мәдениетіне тоқталар болсам, астаналықтар барынша жол беріп, өткізіп жіберуге тырысады. Әйткенмен көліктің арнайы дабыл үдеткішін қоссақ та, елемей, жол бермейтіндер кезігеді. Науқастың жағдайы күрделі болса, кейде бағдаршамның қызыл түсіне, қарсы жолаққа да шығып кетіп жатамыз. Бірақ еш себепсіз ереже бұзбаймыз. Барынша жедел жетуге тырысып келе жатқанда қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің алаңшасынан көлік қоятын орын табылмай қалады. Ал бізге мүмкіндігінше подъездің маңында тұру керек. Сосын қаладағы көптеген тұрғын үй кешендерінде шлагбаум орнатылған. Көлікпен өту қиын. Мұндайда фельдшерлер күтіп тұра ма, көліктен түсе салып жаяулатады, – дейді жедел жәрдем жүргізушісі.
Шақыртудың да шақыртуы бар
Жедел медициналық жәрдем стансасының бас ғимаратында симуляциялық оқыту орталығы бар. Онда үйренсем, білсем дейтін жас мамандар көп екен. Бір емес, бірнеше кабинетте жас мамандар алғашқы көмек ишараларын арнайы адам пішіндес құралдарда пысықтап жатыр. Жедел медициналық жәрдем мамандарын оқыту бойынша талаптар халықаралық стандарттарға сай екен. Қала берді оқыту орталығындағы инструкторлардың барлығы халықаралық инструкторлардың қатарында. Бұдан әрі біз көп кідірмей, қала бойынша жедел жәрдемге түскен қоңырауларды қабылдап отыратын операторлар жайғасқан бөлімшеге беттедік. Қаз-қатар тізілген операторлар бір қоңыраудан соң кідірмей, лезде келесі қоңырауды қабылдап жатыр. Енді бірі телефонның арғы жағындағы науқастың жақынына жедел жәрдем жөнелтілгенін айтады. Қашықтан алғашқы көмек көрсетуге тырысқан операторлар да осында. Мұндағы қарбаласты көріп, операторлардың біріне-бірі кедергі келтірмей, өз жұмысына ұқыптылықпен кіріскеніне тәнті болдық. Роза Жақыпова жедел жәрдемде шақыртуларды қабылдау фельдшері болып еңбек етеді. Тәжірибелі маман, жедел әрі нақты сөйлейді, өзі ширақ.
– Астаналықтар 103-ке қоңырау шалғанда бірінші біз жауап береміз. Алдымен қазақ тілінде жауап қайтарамыз. Егер шақыртушы ресми тілде сөйлесе, орысша жауап береміз. Науқас туралы толық мағлұмат сұраймыз. Мекенжайынан бастап қандай сырқат мазалайтынын, бәрін-бәрін біліп аламыз. Нақтылаған соң, ол мәліметті қаладағы бес аудан бойынша жауапты диспетчерлерге жібереміз. Олар сол заматта мәліметті жедел жәрдем бригадасына жолдайды. Науқас есінен танып қалса немесе басқа да төтенше жағдайда біз қасындағы адам арқылы науқасқа жәрдемдесуге тырысамыз. Көп жағдайда сырқаттанған адамға жедел жәрдем жеткенше көмектескің келеді. Әйткенмен кейбір сәттерде пациенттің туыстары айғайға басып, жылап, тіпті өзара бірімен-бірі ұрысып кетеді. Бізді тыңдаса, алғашқы көмек көрсетуге жәрдемдесер едік. Әсіресе кішкентай балалар есінен танып қалса, анасы айғайға басып, баланы бір қырына қаратып жатқызбай, селкілдетіп кетеді. Мұндайда ата-ана барынша сабыр сақтаса, біздің көмегіміз тиеді. Күніне бір фельдшер-оператор 160-200 шақыртушыға дейін қабылдайды. Кешкі ауысымда шақыртулар бұдан да көбірек түседі. Қоңыраудың да түр-түрі болады. Бұдан бір-екі ауысым бұрын маған қала тұрғыны қоңырау шалды. «Удушье, удушье, екі жастағы қыз», деп айқайға басты. «Есінен танып жатыр ма?» дегеніме «Жоқ», деді. Мекенжайын нақтылап, бірінші деңгейлі шақырту бойынша лезде көмек жібердік. Содан жедел-жәрдем құрамы мекенжайға жетсе, қала тұрғынының иті ауырып жатыр екен. Осындай келеңсіз жайттардың өзі уақытымызды алады, – дейді фельдшер Р.Жақыпова.
«103» қызметіндегі мамандардың басым көпшілігі күндіз жұмысқа шығып, ертесіне түнде қайта қызметіне кіріседі. Есесіне екі күн демалады. Күндіз орта есеппен 10-12 шақыртуға жетсе, түнде шамамен 16-20 пациентке барады. Осының есесіне фельдшерлер орта есеппен 300 мың теңгенің көлемінде жалақы алса, жүргізушілердің табысы 200 мың теңгенің төңірегінде. Мұнда енді маманның еңбек өтілі, нақты жұмысқа шыққан күндері ескеріледі.
Бүгінде Астана қаласы бойынша 90-95 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетеді. «Алматы», «Есіл», «Байқоңыр», «Сарыарқа» подстансалары бар. Енді «Нұра» подстансасын іске қосу жоспарланыпты. Астана қаласы бойынша жедел медициналық жәрдем стансасында арнайы жабдықталған қызметтік көліктер жеткілікті деңгейде болғанымен, ескіріп қалғаны да көп. Бұған жоғарыдағы «көліктердің тәулік бойы дамылдамай қызмет көрсететіні» туралы келтірілген пікір мысал.
Жедел жәрдемге тәулігіне Астана қаласының тұрғындары және қонақтарынан шамамен 8 мыңға жуық қоңырау түседі. Бұған енді маусымдық жұқпалы аурулардың көбейіп жатқаны әсер етіп отыр. Жедел жәрдем топтары күнделікті орта есеппен 2 500 шақыртуға барса, қалған қоңыраулар бойынша мамандар қашықтан кеңес береді.
Бір қарағанда жұмысын көпшілік елеп-ескере бермейтін жедел жәрдем қызметінің тіршілігі, міне, осындай. Халық саулығы үшін күн-түн демей, тыным таппай қызмет етіп жүрген сала мамандарының еңбегі қашанда бағалануы керек.