Спорт • 23 Ақпан, 2024

Тайпейдегі тартыс

67 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

26 ақпан мен 3 наурыз аралығында Тайпейде мәнерлеп сырға­наудан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Бұл жарыстың жекелеген сайысында Қазақстанның екі өрені өнер көрсетеді. Олар – Олег Мельников пен Екатерина Балюба.

Тайпейдегі тартыс

1976 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан жарыста Қазақстан құрамасы командасының мүшелері тек бір рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ондай бақ Михаил Шадоровқа бұ­йырды. Алматының тумасы 2022 жылы Эстонияның астана­сы Таллинде өткен байрақты бәсе­кеде күміс медальды олжалады.

Өзгелерді айтпағанда, Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваға да жастардың әлем біріншілігінде жүлде алу бақыты бұйырған жоқ. Мәселен, Тен жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы бәсекелерге бес мәрте қатысты. Ең үздік көрсеткіші – 4-орын. 2015 жылы Элизабет Тұр­сынбаева 4-орыннан аса алмады.

ва

Есесіне ересектер дуына еркін қосылған қос жерлесіміз өздерінің асқан шеберлігімен жаһан жанкүйерлерін тәнті етті. Денис Тен 2014 жылы Сочи Олимпиадасында күміс алса, 2013 жылы Лондон және 2015 жылы Шанхайдағы әлем чемпио­наттарында екінші және үшінші орындарды иеленді. Дүниежүзілік Универсиада, Азия ойындары және Төрт құрлық біріншіліктерін ұтты. Кім білсін, егер 2018 жылдың шіліңгір шілдесінде жол торыған жауыздар Денисті өлтіріп кетпегенде, атағы алысқа жайыл­ған спортшының тұғыры бүгінгіден де биік болар ма еді?!

Элизабет 2019 жылы Сайта­мадағы әлем чемпиона­тын­да, Красноярскідегі Дүние­жүзілік Уни­версиадада және Ана­хайм­дағы Төрт құрлық бірін­шілігінде күміс медальды мойнында жар­қыратты. Жоғарыда аталған жа­рыстарда Элизабеттің мұз айдын­­дағы мың бұ­ралған биі мен өрелі өнеріне сүйсінген төрткүл дүние жанкүйерлері құлшына қол соқты. Ең өкініштісі, ескі жарақаты жиі-жиі мазалағаннан соң, 2021 жылы нағыз кемелденген 21 жасында сұлу да сымбатты қыз үлкен спортпен түбегейлі қош айтысты.

Жастар арасындағы соңғы әлем біріншілігі 2023 жылы Кана­даның Калгари қаласында өтті. Ұл­дардың бәсекесінде Жапонияның жас жұлдыздары Као Миура алтын алса, Надзому Есиока қолаға қол созды. Швейцарияның туы астын­да өнер көрсететін тағы бір жапон жігіті Наоки Рос­си күміспен күптелді. Қыз­­дардың сайысында Күншығыс елінен келген Мао Симада бас жүл­дені олжаласа, Ами Накай үздік үштікті түйін­деді. Оң­түстік Корея­ның өкілі Син Джиа күміс медальды мой­нына ілді. Жұптық жарыс­та аме­рикалық София Барам мен Дэниел Тюменцев топ жарса, спорттық биде чехиялық Катержина Мразкова мен Да­ниэль Мра­зек­тің ме­рейі үс­­тем болды.

Үйеңкі жа­­пы­­рақтар елінде Қазақ­стан­ның мә­нерлеп сыр­ға­нау­шы­лары арасынан Диас Жиренбаев пен Рахат Бралин қысқа бағ­дар­ламада тәуір сырғанап, фи­налдық кезеңге өтті. Бірақ шешуші тұста олар кеңінен көсіле алмай, қалың топтың арасында қалып қойды. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша Диас 16-орынға тұрақтаса, Рахат 20-сатыға жайғасты. Ал Олег Мель­­ников пен Анна Лев­ковец 35-орын­ды қанағат тұтты.

Тайпейдегі біріншілікте екі отандасымыздың бақ сынайтынын жоғарыда айттық. 18 жас­тағы Олег Мельников 2022 жылы Түркияда өткен Босфор кубогінде үшінші орынды иелен­ді. Бұл – оның халықаралық жарыс­тардағы оның ең үздік нәтижесі. Сонымен қатар Мельников былтыр Калагаридегі бәсекеде бақ сынап, сол сапардан біраз тәжі­рибе жинап қайтқан. 14 жастағы Екатерина Балюба үшін бұл – алғашқы дүбірлі дода. Ол елі­шілік жарыстарда жүлде алып, Ма­жарстандағы «Jegvirag Cup» тур­нирінде үздік үштіктің қатарынан көрінді.