Аталған турнирге Алматы және Абай облысынан, сонымен қатар өз өңірімізден жүздеген адам қатысты. Тіпті додадан шығып қалғандар да болды. Мұнда баптан гөрі, бақтың басымырақ жүретіні белгілі. Қарттармен қатар жастар да сайысқа түсіп, шеберлігін көрсетті.
Көпшілік жазда Алакөлдің шипалы суына шомылса, көл бетіне мұз қатқан қыс мезгілінде балық аулағанды ұнатады. Осы орайда Алакөл аудандық әкімдігінің бастамасымен тұрғындар арасында «Алакөл-2024» мұз асты балық аулау турнирі өтті. Турнирді ұйымдастыру жұмыстарын «Балқаш-Алакөл облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ мен «Причал» аңшылық дүкені атқарған.
Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жалпы саны 51 адам қатысқан турнир аса тартысты өткен. Көл жағасына алыс-жақын өңірлерден келген балықшылар топтасқан. Келер жылы шетелден келуге ниетті туристер де бар екен. Оны ұйымдастырушылар да жасырмады. Олар алдымен қатысушыларға жарыс ережесі мен қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, сайыста сәттілік тіледі. Турнир басталардан бұрын қатысушылар тіркеуден өтіп, арнайы реттік нөмірлер алды.
«Жарыс үшін жағалаудан радиусы 200 метр болатын жер белгіленді, оған арнайы жалаушалар қойылып, турнир қатаң түрде осы радиус аумағында өткізілді. Талап бойынша жарысқа қатысушылардың қолданатын қысқы құралдарының саны үштен аспауға тиіс, сондай-ақ жемнің кез келген түрін қолдануға және балықты азықтандыруға рұқсат етілді. Жарыс аяқталды деген белгі берілген сәтте қатысушылар ауларын судан шығарып, нәтижесін көпшілік алдында көрсетіп, қорытындысын хаттамаға енгіздік. Орындарды бөлу ауланған балықтың жалпы салмағы бойынша белгіленді. Жарыс қорытындысында негізінен қармаққа алабұға көп түсті, тек бір адам ғана көксерке балығын алып шықты. Осы турнирде жалпы салмағы 3,7 кг балық ауланды», деді турнирді ұйымдастырушылардың бірі, жарыстың бас төрешісі Максим Кошкин.
Жарысқа қатысушылардың жасына шектеу қойылған жоқ. Тіпті жалғыз өзі емес, отбасымен бірге қатысқандар да бар. Мәселен, аудан тұрғыны Жәнібек Смағұлов жарысқа ұлымен бірге келген.
«Өзім де, балам да балық аулағанды жақсы көреміз. Біз оны қыстың шыңылтыр аязында таза ауадағы белсенді демалыс деп санаймыз. Бүгін 30 метр тереңдікке қармақ лақтырып, балық ауладық. Ең алғашқы балық менің қармағыма түсті. Көңіл күйіміз керемет, біз үшін тамаша демалыс болды», дейді жеңімпаздардың бірі Ж.Смағұлов.
Жарыс қорытындысы бойынша 1 кг 150 гр балық аулаған Абай облысы Үржар ауданының тұрғыны Қалибек Ерсін бірінші орынды иеленді. Ал екінші және үшінші орындар үшаралдықтар Оксана Филонова мен Ярослав Ивановқа берілді. Сол сияқты «Ең бірінші ауланған балық», «Ең бірінші ауланған алабұға», «Ең бірінші ауланған көксерке», «Ең кішкентай балық» аталымдары бойынша қармағы қара судан бос қайтпағандар да марапатталды. Ең алғашқы балық та, ең алғашқы алабұға да Жәнібек Смағұловтың қармағына іліккен. Ал ең алғашқы көксеркені Василий Суслов ауласа, ең кішкентай балық Алматы облысының тұрғыны Жомарт Сәрсенбековтің қармағына түсіпті.
Атап өтсек, ауланған ең ірі алабұға балығының салмағы 500 граммнан асса, ең кішкенесінің салмағы – 85 грамм. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімдігінің алғысхаты мен турнирге демеушілік көрсеткен «Причал» дүкені мен «Ник Ойл» ЖШС мекемесінің арнайы сый-сияпаттары табыс етілді.
Жалпы, мұз асты балық аулау турнирі Алакөл жағалауында биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл іс-шара саламатты өмір салтын насихаттау, Алакөл көліне деген халықтың ықыласын арттыру мақсатында жүзеге асқан. Қатысушылардың қызығушылығының көптігіне байланысты турнир алдағы жылдары да жалғасады деген жоспар бар.
Жетісу облысы