
Облыстық Қоғамдық кеңесте бас қосқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері, алаяқтардан алданған тұрғындар мен олардың қорғаушылары интернет қылмысына тосқауыл қою жолдарын талқылады. Алаяқтықтың сан тәсілін меңгеріп алған әккілердің жолын кесу оңай емес. Өзін ұялы байланыс операторы немесе банк қызметкерімін деп таныстырған алаяқ қоңырау қабылдаған адамның есепшотындағы қаржыны әлдекімдер ұрламақшы болғанын, оның жолын кесу үшін қауіпсіз есепшотқа аудару қажеттігін айтып, банк картасы мәліметін сұрайды не «Any Desk», «Team Yiewer» бағдарламаларын телефонға жүктеу қажеттігін айтады. Аңқау адам жинағынан айырылады не оның сыртынан несие рәсімделеді. Жәбірленуші өз атынан несие рәсімделгенін көбіне төлем мерзімі кешіктіргені туралы банк хабарламасы келгенде бір-ақ біліп жатады. Әрине, алаяқтардың кесірінен зардап шеккен отбасыларға оңай емес. Мәселен, алмаған несиесі үшін ай сайын бар тапқанын банкке беріп жүрген бір отбасының төрт адамы қазір 8,5 мың теңгемен ғана күнелтіп келеді.
«Қолданыстағы заңнамада күмәнді ақша аударымдары жасалған кезде банктің оны дереу тоқтата алатыны жазылса да, заң талабы сақтала бермейді. Мен интернет алаяқтығынан зардап шеккен бір зейнеткердің қорғаушысымын. Оның үстінен алаяқтар бір мезетте 10 миллион теңге рәсімдеп, ақша түскен бойы бірнеше есепшотқа бөліп аударып жіберген. Бұл жерде банк несие рәсімделіп жатқанда егде жастағы адамның 80 мың зейнетақы алатынын, жасын ескермейді, несие қаржысының күмәнді есепшоттарға кетіп жатқанына да назар аудармайды. Қария алданғанын түсінген бойда ертеңіне Полиция департаментіне барып арыз жазды. Алайда осы кезге дейін не ақша жоқ, не алаяқ та ұсталмады, жәбірленушінің смартфонында сақталған қоңырау шалған телефон нөмірі еш жерде тіркелмеген болып шықты. Осы қылмыстық іске банк қызметкерінің қатысы болуы мүмкін бе?», дейді қорғаушы Отарбай Райсов.
«Полиция департаментінде банк қызметкерінің жәбірленуші атынан несие рәсімдеуге қатысқаны туралы қылмыстық іс тіркелген жоқ. Рас, былтыр өзі жұмыс істейтін банк филиалынан 700 млн теңге ұрлаған бір қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жетті. Онлайн несие рәсімдеген азаматты банк филиалына шақыртып, онымен жеке-дара сөйлесу арқылы несиені өзі алып отырғанына көз жеткізу керек. Осы әдісті қолдансақ, интернет алаяқтығын біраз азайта аламыз. Егер жеке кәсіпкердің есепшотындағы ақша айналымы бір тәулік ішінде 1 миллион теңгеден асып кетсе, қаражаттың заңдылығын тексеру үшін есепшотты уақытша жабамыз. Ұялы телефон операторларына қоңырауларды бақылау жөнінде де ескерттік. Интернет алаяқтығының күшеюіне телефон SIM-карталарының бақылаусыз сатылуы да себеп болатынын айтпай кетуге болмас. Алаяқ SIM-картаны кез келген жерден сатып алып, қылмыстық әрекетін іске асырған соң оны лақтырып кетеді. Ақтөбе тұрғынын алдаған алаяқ басқа қалада отыруы мүмкін», дейді облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Байжанов.
Өткен жылы Полиция департаментінде криминалист, IT мамандарынан жасақталған «Киберпол» тобы құрылды. Полиция қызметкерлері қала мектептері мен колледждер, екі университет пен көптеген мекемеде кездесулер өткізіп, әлеуметтік желілерде бейнеролик, хабарламаларды таратса да, аңқаулар алдануын қояр емес, алаяқтар да айылын жияр емес. Өйткені арамызда сенгіш адам көп.
«Банк филиалдары онлайн несие беру жауапкершілігін өздеріне алып, клиенттің несие тарихын, зейнетақы аударымдарын тексергеннен кейін ғана несие беруге тиіс. Азаматтардың жас ерекшелігін, қаржылық мүмкіндігін тексермей, оңды-солды несие үлестірген микроқаржы ұйымдарына талап күшейтілгеннен бері осы салада зардап шегушілер азайды. Мұндай талапты екінші деңгейлі банктерге де қолдану қажет. Банктер несие алу тәртібін неге оңайлатты? Бәрімізді мазалайтын бұл сұрақтың жауабы – онлайн несие адамның уақытын үнемдеу, банктерде ұзақ уақыт кезекке тұратындар санын азайту мақсатында қолданысқа енді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта онлайн несиенің зиянына да куә болып отырмыз. Несие рәсімдеген адам қаржысын банкке өзі келіп шешіп алуға тиіс. Бұл – интернет алаяқтарынан қорғанудың тиімді жолы», дейді облыстық прокуратураның аға прокуроры Ардақ Тамабаев.
Расында да, екінші деңгейлі банктер азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы №33 Жарлығы мен «Қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеу енгізу туралы» №190 қаулысын ескере бермейді. Осы нормативтік құжатта азаматтың төлем қабілеті тексерілмейінше, несие беруге тыйым салынатыны көрсетілсе де, екінші деңгейлі банктер айлық табысы аз азаматтың қаржылық мүмкіндігін ескермей, көп мөлшерде несие беруін тоқтатар емес. Банк қызметкерлерінің бейқамдығының кесірінен бір жылдың ішінде Ақтөбе қаласының өзінде мыңнан астам адам алаяқтарға жем болды. Бұл – үлкен мәселе. Ұлттық банктің заңдық күші бар талаптарын орындамай жүрген екінші деңгейлі банктерді құқық қорғау органдары қатаң қадағалау керек. Ақтөбедегі алаяқтарға алданғандардың орташа жасы 40-65 жас арасында екен. Қоғамдық кеңес мүшелері жеке азаматтарға несие беру туралы микроқаржы ұйымдарына қойылған талаптарды екінші деңгейлі банктерге де қолдануды жеделдету қажеттігін айтып, нақты ұсыныстар әзірледі.
Ақтөбе облысы