Таным • 29 Ақпан, 2024

Шоқан туралы шедевр

195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарсы алдымыздан қасқая қарсы алған бейнеден көз алмай тұрып қалыппыз. Керілген кенепте кескін­делген керім картинадан сұлулықпен қатар суық­тық­тың да салқын лебі қатар есетіндей. Бірде таңғалдырып, бірде бойды тоң­дырған бейненің бар құпиясын қылқа­лам ұшына сый­дырған суретші талай сырды сөй­леткісі келгендей ме? Қай жағы­нан келіп қарасаң да, буырқанған бояу астарына жасырынған ақиқат сырт­­қа ақтарылардай атқақтап тұр. Тыл­сымына бойлап, жұмбағын шеше алсақ, қанеки!

Шоқан туралы шедевр

«Өлімді сезіну». Қазақтың біртуар перзен­тінің бейнесін мәңгілік еткісі кел­ген суретші Мағауия Аманжолов қыл­қала­мынан туған картинасын әу бас­та осы­­лай таныстырғысы келіпті. Бірақ соңында «Шоқан Уәлиханов Айша бибі мовзо­лейінде» деп аталған туынды бәрібір өзіне телінген таңғажайып тылсымнан ажырамады.

Картинада өмірінің соңғы сәттерінде Айша бибі мавзолейіне сапарлап келген Шоқан бейнеленген. Байқасаңыздар, жас адам өзінің өлетінін сезініп тұрғандай. Қоштасып тұрғандай. Анау қураған сексеуіл де тегін салынбаған. Барлығы Шоқанның көңіл күйінен хабар береді. Суретшінің жары Күлбайраш Сүлейменқызының ай­туынша, Мағауия Аманжолов бұл жұмысын алғашында «Предчувствие», яғни өлімді сезіну деп атаған.

Бұл картина шынымен Шоқан тағдырын баян ете ме? Әлде Шоқан бейнесі арқылы ұғындырғысы келген суретшінің өз сыры ма? Себебі сонау бір жылы жаздың жаймашуақ күнінде құпия жағдайда жоғалып кеткен қылқалам иесі сол қаралы, қасіретті түнді алдын ала болжағандай да әсер қалдыратыны жасырын емес. Өнерін «Өлімді сезіну» деп атап, өзінің де тағдырын сездіргендей...

Мағауия Аманжолов «Шоқан Уәлиханов Айша бибі мовзолейінде» картинасын 1984 жылы салды. Жарының айтуынша, суретші кеңес дәуірінің өзінде қазақтың аспанынан жұлдыздай ағып түскен Шоқан Уәлихановтың өмірі жайлы көп толғанатын. «Ол Шоқанға жан бітірді. Көп ізденетін. Данышпанның өмірін зерттеп, бірде мұражайдан Шоқанның фотосуретін та­уып алды да, ол туралы картина жазды. 40 жыл бұрын салынған сурет әлі күнге дейін көзінің көркемдік құндылығын құлдыратқан жоқ», дейді Күлбайраш Молдабева.

Тарихи һәм эпикалық суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрларының (пейзаж, портрет) хас шебері ретінде сол кездің өзінде сурет әлеміндегі құбылысқа айналған суретшінің қаламынан Шоқан бейнесінен бөлек Абай  Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова сынды хас таланттардың парасатты портреттері туды. Бірақ бірінен бірі асып түсетін карти­налардың ішіндегі көңілді ерекше толқы­татыны да, тұңғиық ойға жетелейтіні де, шоқтығы биігі де осы Шоқан бейнесі.

Картинаға мұқият зер салсаңыз, суретші өз жұмысында қоңыр түсті жиі пайдаланған. Өнертанушылардың айтуынша, өз туындыларында қоңыр түсті көп пайдалануы оның шыдамды, байсалды жан екенін аңғартады. Бұл түс оның мінезіндегі тұрақтылықтың, еркіндік пен сабырлылықтың көрінісі іспеттес. Десе де суретші қылқаламына шабыт сыйлаған қоңыр түс көңілдің басқа да қатпарларын қатар суреттейтіндей...

Мағауия Аманжоловтың туындылары – тұнып тұрған философия. Замандастары­ның айтуынша, әр шығармасын жазарда ғалымдарша ізденіп, архивтерді ақтарып, кітап­ханаларды қопарыстырады екен. Соның нәтижесінде суретшінің суреткерлік қол­таң­басы көп ішінен дараланды. Шоқан сынды біртуар тұлғалар портреті биік парасатымен ойландырды, өзінің шексіз-шетсіз тұңғиығына бойлатты. Иә, оның әлемі көк­жиек­сіз кеңістік сияқты. Мың сан бояуды құбылту арқылы небір ащы шындықтарды батыл баяндады.

...Неге екенін кім білсін, Мағауия Аман­жолов өзінің әлемін көкжиекпен шекте­гісі келмепті. «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды», дейді екен үнемі. Сөйткен талант тағдырын да шексіздікке ұластырып, көкжиекке сіңіп жоқ болды. «Өлімді сезіну» деп өнер тудырған талант өзінің де өмірден ерте кетерін сезсе керек, Шоқан бейнесін шедевр деңгейіне көтеріп, өзінің де ізінен  аңыз ергізді. Ол жоғалған жоқ. Сурет болып ортамызда жүр. Ал Шоқаны – шын мәнінде, шедевр! Талассыз!