Мемлекет басшысы айтқандай, расымен ауыл шаруашылығындағы ең өткір мәселе – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Министр де саладағы көптеген мәселенің, соның ішінде өнімнің өзіндік құнының жоғары болуының негізі осында екенін айтып отыр.
– Қарызға берілетін қаржының тапшылығына байланысты фермерлер тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын тиісті мөлшерде пайдаланбайды, ескірген техникамен жұмыс істейді. Бұл – саладағы тиімділік пен өнімділіктің төмендігіне бірден-бір себеп. Қазір мәселені толығымен шешу үшін шаруашылықтарды өз уақытында қолжетімді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Біз Президент тапсырмасы бойынша биыл ауыл шаруашылығына қаражат тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізетін боламыз, – деді министр.
А.Сапаровтың айтуынша, бұған бюджет қаражаты ғана емес, басқа да көздер, соның ішінде екінші деңгейлі банктер арқылы несие қарастыру да көзделіп отыр. Нәтижесінде, жыл сайын көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына жеңілдетілген 1,5 трлн теңге несие бөлініп, бұл қаржы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Сондай-ақ 450 млрд теңге қаражат ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жөніндегі тапсырманы орындау үшін 8-10 пайызбен жеңілдетілген лизингке бағытталады. Ал инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 800 млрд теңге қажет.
Министр жоғарыда айтылған барлық қаражат қайтарымды екенін ескертіп өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамыту – ортақ міндет екенін әрі бұл бағытта жалғыз министрлік қана емес, облыс әкімдіктері де Президент тапсырмасын орындау үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барынша қолдау көрсету керектігін баса айтты. Жеңілдікпен несие алған, жалпы, мемлекеттік қолдауға ие болған фермерлер нақты нәтиже көрсетуге керек. Өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімнің құнын көтермеуі тиіс.
Брифингте жоғары өнім алу үшін биыл тыңайтқыштың үлесін 2 есе ұлғайтып, жалпы көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу туралы да айтылды. Бұл өнімділікті гектарына орташа 3-5 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Ауыл шаруашылығы саласының негізгі ресурстарының бірі – минералды тыңайтқыштар. Мысалы, Еуропа елдерінде әр гектарға 250 килодан астам минералды тыңайтқыш қажет болады, бұл көрсеткіш Беларусьте – 120 кило, Ресейде 55-60 кило аралығын қамтыса, біздің елде мұндай қоректік заттар гектарына орта есеппен 10 килоға да жетпейтін көрінеді. Сондай-ақ республика бойынша тыңайтқыштарды енгізу көлемі әр аймақта әртүрлі. Былтыр жыл аяғында 5,6 миллион гектар егістік алқабын құрайтын Қостанай облысы небәрі 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланған. Қостанайға қарағанда егіс көлемі 1,2 миллион гектарға аз Солтүстік Қазақстан облысы 190 мың тонна тыңайтқыш жаратыпты.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі сұраныстың артуы кезінде тыңайтқыштар бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін жұмыс істейміз дейді. Тағы бір жаңалық, субсидиялар агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің орнына отандық өндіруші зауыттар мен қаржы институттарына («ҚазАгроҚаржы» АҚ) алдын ала тікелей төленеді. Мұнда импорттық тыңайтқыштарды таңдаған фермерлерге Үкіметтен қолдау жоқ емес және олар үшін субсидиялау шарттары мен мемлекеттік қолдау алу форматы бұрынғыдай болып қала береді.