«Қазақ мифтері мен ертегілерінің желісінде балалар спектаклін қоюға дайындалып жатқанымызда Бақыт Қайырбеков түрлі ауыртпашылық пен тағдыр талайына қарамастан барлық кедергіні еңсере білген Шүйгін шөп елінің От ханшайымы туралы сюжетті қысқа-нұсқа баяндап берген болатын. Осы әпсананың өзі халқымыздың бойындағы өмірлік күш-қуатын аңғартса керек», дейді қоюшы режиссер Мукарам Авахри.
Балет Шүйгін шөп елінде болған оқиғаны суреттейді. Мерген есімді жас жігіт пен От ханшайымы және оның ата-анасы – Күн құдайы Күнсұлу мен Тәңір бірлесіп жұмыр жерді топан су мен мәңгілік аяздан, аждаһа Жұттың қаһарынан құтқарып қалады. Кез келген ертегідегі сияқты мұнда да жақсылық зұлымдықты жеңіп, көрермен қауымға ізгілік пен ғажайыпқа толы әлемді паш етеді.
«От қыз» – композитор Карина Абдуллинаның театрымызда сахналанған екінші туындысы. Бұл жолы оған үлкен жауапкершілік жүктелді. Себебі болмысы сан қырлы кейіпкерлердің ғана емес, қойылым тақырыбын аша түсетін партитура шығаруы керек болатын. Балет музыкасы, расында да, өте әсерлі болды. Ырғағы ерекше, ұлттық нақыштағы әуендері құлаққа жағымды әрі бірден жадыңда жатталып қалады», дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Балетте От қызды – Дарина Қайрашева, Мергенді – Ерқанат Ермағамбет, Мерген суырды – Артемий Сеялов, Дауылды – Уэсли Карвальо, Айды – Риза Қанатқызы, Күнсұлуды Әйгерім Келемеденова бастаған актерлер ансамблі жоғары дәрежеде орындап шықты.
Сонымен қатар айтулы қойылымның сценографиясы да әсемдігімен көз тартады. Заманауи, түрлі техникалық және мультимедиалық шешімі де қызықты, ал костюмдері көркемдігімен көңіл баурайды. Туындының тағы бір маңызды ерекшелігі – хореографиясы. Көпшілік сахналар мен дуэттерде Мукарам Авахридің табысты ізденімпаздығы аңғарылды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін қимылдар әр кейіпкердің көркем бейнесін аша түскені сөзсіз.