Өнер • 05 Наурыз, 2024

Күйді де гитарамен тартады

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында гитаристердің жаңа тобы құрылды.

Күйді де гитарамен тартады

Квинтеттің көркемдік жетек­шісі – атақты гитарист, композитор, халықаралық байқаулардың лауреаты Бауыржан Жылқыбаев. Оның айтуынша, гитаристер квин­тетін ұйымдастыру көптен бері көңілде жүрген жоспар болған. Филармония басшылығының ұсы­ны­сынан соң, ойланбай іске кіріс­кен көрінеді.

Квинтет мүшелерінің қай-қай­сы болсын – қазақ өнерінде өзіндік орны, өз соқпағы бар жандар. Ақбар Қиарыстан – дарынды гитарист, әйгілі МузАРТ тобында жұмыс істеген кәсіби маман. Асан Нарбота мен Зәуре Нар­бота Темірбек Жүргенов атын­дағы өнер академиясын бітір­ген. Бір қызығы, квинтеттің әр мү­шесі бір-бірімен бұрыннан руха­ни, шығармашылық байланыс­та. Мысалы, Бауыржан Жылқыбаев пен белгілі ұстаз Геннадий Ким академияда Асан мен Зәуреге ұстаздық еткен. Топтың тағы бір тамаша музыканты – Гнесиндер атындағы Ресей музыка акаде­миясының түлегі, танымал ресей­лік әнші Андрей Губинмен 10 жыл бірге жұмыс істеген гитарист  Ұланбек Ахметов.

Топтың негізгі репертуары – фламенко румба стилін­де. Квин­тет қоржынында отан­дық ком­позиторлардың шығарма­сы­мен қатар, әлемдік гитарис­тер – «Романтикалық испан гита­ра­сының патшасы» атанған Джесси Кук пен «Жүз ұлы гитаристің» бірі саналатын Джеки Кингтің туындылары бар.

Бұған қоса квинтет қазақ күй­лерін де гитараға лайықтап, жаңа тыныс беріп, тыңдарман қауымға ұсынып отыр. Қазірдің өзінде топ жетекшісі Бауыржан Жылқыбаев – гитараға арналған алты күйдің ав­торы.

Квинтеттің тұсаукесер кон­цер­ті 20 наурыз күні Жамбыл атын­дағы Қазақ мемлекеттік ака­демия­лық филармониясының үлкен залында өтеді.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

Абай атындағы ҚазҰПУ студенті

 

Алматы

Соңғы жаңалықтар