Тарих • 07 Наурыз, 2024

Жазушының шығармашылық қазынасы

269 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көрнекті ақын, жазушы, драматург, публицист, педагог, психолог, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Айма­уы­тұлы 1889 жылы 8 наурызда Семей губер­ниясына қарасты Кереку уезінің Қы­зыл­тау болысын­дағы №1 аулында (қазіргі Павлодар облысының Баян­ауыл ауда­нын­­­дағы Жүсіпбек Аймауыт атындағы ауыл) дүниеге келген. Жер­гілікті адамдардың айтуына қарағанда, әкесінің азан шақы­рып қойған аты Оймауыт екен. Жазушының өзі: «Мен Сиыр жы­лы­ның аяғында (1890 жыл­дар) Қызылтаудың баурындағы Қара­ның адыры деген жерде Дәндебай ау­лында тусам керек. Руым Сүйіндік, соның ішінде Күлік. Айдабол мен Күлік бір туы­сады. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы – Айдаболдан. Екеуміз сегі­­зін­ші атадан қосыламыз. Қазақтың фольклоршы публицисі, ше­жіреші ақыны Мәш­һүр-Жүсіп Көпейұлымен жетінші атадан қосы­ламыз. Кереку уезі, Семей губер­ниясы», дейді.

Жазушының шығармашылық қазынасы

Жүсіпбек Аймауытұлы және оның перзенттері Бектұр, Жанақ, Муза

1918 жылы Семейдегі мұға­лім­дер семинариясын Қаныш Сәтбаевпен бірге бітірген. 1919–1920 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» газетінің редакторы болып қызмет істеген. Сол жылы Орынбордағы Қазақ автономиялық республикасы Халық-ағарту халық комиссарының орынбасары, «Еңбек туы» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің редакторы, 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарған.

1922–1923 жылдары Қарқа­ралы­дағы қалалық мектепте, 1923–1924 жылдары Орынбор халық ағарту институтында, 1924–1925 жылдары Ташкенттегі қазақ-қыр­ғ­­ыз халық ағарту институтында, 1925–1926 жылдары Орынбор әскери мектебінде дәріс оқыған. Таш­кенттегі «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, «Сәуле», «Шаншар» әдеби журналдары­ның редакторы болған. Бірқатар газет-журналдарға әдеби-көркем шығар­малары мен мақалаларын бастырып тұрған. 1926–1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумы директорының орынбасары болып қызмет атқарған.

1929 жылы сол кездегі Қазақ­станның астанасы Қызылордаға ауы­сып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде қызмет істеуге барған. Бірақ көп кешікпей жалаға ұшырап, 14 мамыр күні ГПУ тарапынан тұтқындалған. «Рево­лю­ция­ға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген айып тағылып, 1931 жылы 21 сәуірде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылған. 1988 жылы 4 қарашада респуб­ли­каның Жоғарғы соты оны толық ақтады.

Жүсіпбек Аймауытұлы сыншы ретінде ақын Мағжан Жұма­баев­тың шығармашылығын талда­ғанда, «ақынның кім екеніне емес, ақындық күшінің неде екеніне үңілу қажет» десе, сыншының бұл пікірі жазушының қасаң, тұрпайы тұжырымымен ымыраға келе алмағанын көрсетеді.

Жүсіпбек Аймауытұлы «Сұл­тан­­­махмұт Торайғырұлының сөз­дерін жинау науқанына атсалысыңдар» («Еңбек­ші қазақ», 19 қараша, 1926 жыл), «Сұлтанмахмұт Торай­ғырұлының жиналған сөздері» («Еңбекші қазақ», 18 қаңтар, 1927 жыл) деп ата­латын ашық хаттар жазған. Оның толық мәтіндері 1996–1999 жылдары жарық көр­ген бес­томдық шығармалар жина­ғы­ның бесінші томының 233–237 беттерінде жарияланған. 1933 жылы жарық көрген Сұлтан­махмұт Торайғыровтың шығар­ма­лар жинағына алғысөз жазған.

ХХ ғасырдың 20-жылдары­ның аяғында кеңестік мемлекет, саяси, мәде­ниет қай­рат­кері Смағұл Сәдуа­қа­сұлы сол тұстағы қалам қайрат­ке­рлері­не бір­неше сұрақ беріп (ан­кета түрінде), олардың өмірі, еңбек­тері туралы мағлұмат жинау­ды мақсат етіпті. Солардың бір­сы­пырасы Мұхтар Әуезовтің архивінде сақ­талып қалған. Жүсіп­бек Айма­уытұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов өзі­­нің өмірбаяндық («Өз жа­йым­­нан мағлұмат» деп аталады) қолжазбаларын бір кезде Смағұл Сәдуақасұлының зайы­бы Елизавета Әлиханқызы Бөкей­ха­нова Мұхаңа табыс еткен екен. Жүсіпбек Аймауытұлының қай­тар­ған жауабын сол архивтен алып, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жыл­ғы 23 желтоқсандағы санында жа­рия­лаған – ғалым Талапбек Әкімов.

«Қартқожа» (Қызылорда – Ташкент, 1926), «Ақбілек» (Ташкент, 1926) романдары қазақ ұлттық әдебиетінің кең тыныс­ты реалистік романға бет алған тұсының елеулі туын­ды­лары болып саналады. Аталған ро­ма­н­ның бастапқы нұсқасы «Жұл­дыз» журналының 1989 жылғы №6, 7, 8, 9 сандарында Бей­сен­бай Байғалиев пен Марат Хаса­наевтың әзірлеуімен жарық көрген. Сонымен қатар сол жылы «Жазу­шы» баспасынан шыққан біртом­дық шығармаларына енді (роман нұсқасын әзірлеген – Хасен Өзденбаев).

Сыншы ретінде «Абайдан соңғы ақындар» (1918, Мұхтар Әуе­зов­пен бірігіп жазған), «Мағ­жан­ның ақындығы туралы» (1923), «Аударма туралы», Максим Горькийдің шығармашылығына арна­ған «Сұңқар жыры» (1925) деп аталатын еңбектері – автор­дың әдебиет жөніндегі, оның ерек­шеліктері туралы, қаламгер шығар­машылығын түсіну­дің қағидаттары туралы ұғым-түсіні­гін, көзқарасын көрсететін елеулі туын­дылар. Сонымен қатар Жүсіпбек Ай­мауыт­ұлының театр, музыка, өнер тарихына қатыс­ты жазғандары да баршы­лық.

Ғалым, педагог, психолог ре­тінде ол «Тәрбиеге жетек­ші» (Бала оқытушыларға, Орын­бор, Қырғыз мемлекеттік бас­па­сы, 1924), «Психология» (Қызылорда – Ташкент, 1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау» (Мәскеу, Қазақстан мемлекеттік баспасының Күншығыс бөлімі, 1926) ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, «Сабақтың ком­плекстік жүйесінің әдістері» («Комплексті оқыту жолдары», мұғалімдерге, қайталама курстарға, тәрбие техникумдарына көмек, Қызылорда, Қазақ баспасы, 1929), «Жаңа ауыл» (1930) атты зерттеулер мен оқу­лықтардың авторы.

Жүсіпбек Ай­мауыт­ұлы­ның аудармалары қаламгер шығарма­шы­лығында елеулі орын алады. Ол – тәржіме табиғатын терең түсініп, аударма өнерінің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан айрықша дарын иесі. Әлем классиктерінің 30-ға­ тарта шығармасын кәсіби шеберлікпен аударған. 1925 жылы қазақ оқыған­да­рының арасында алғаш болып «Аударма туралы» арнайы мақала жазған. Қаламгер-аудармашының тілі өте шұрайлы да бай. Ол  түпнұсқа авторларына тән жеке стильдік ерекшелікті барынша сақтауға ұмтылған. Бұл талапты аударма жасау барысында ұстанатын негізгі өлшемшарт ретінде таныған қаламгер.

Ол келесі әдеби көркем шы­ғар­­­ма­ларды қазақ тіліне аудар­ған: орыс ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Пушкиннің «Ску­пой рыцарь» («Сараң сері»), «Каменный гость» («Тас мейман») шағын трагедияларын; орыс жазушысы, драматург Нико­лай Гогольдің «Ревизор» («Бақы­лаушы») комедиясын; орыс жазушысы, драматург Максим Горькийдің әңгімелері мен «Песня о Соколе» («Өлең сұң­қарға») өлеңін; орыс жазу­шысы Антон Чеховтың «Ко­маж­нек» («Күмәжиек»), тағы бас­қа бірқатар әңгімесін; Қыр­ғыз­станнан шыққан орыс кеңес кескіндемешісі Семен Чуй­ковтың «Тау еліндегі оқиға»; аме­рикалық жазушы, әскери жур­н­алист Джек Лондонның «Сила сильных» («Күштілердің күші»), «Неслыханное нашес­твие» («Теңіз, телегей атта­ныс»); үндінің ұлы ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Рабин­дранат Тагордың «Шубха» («Бал­жан»); француз жазушысы Ферди­нанд Дюшеннің «Тамилла» («Дәмелі»); француз жазушысы, ақын Виктор Гюгоның «Отверженные» («Бейшаралар»); француз жазушысы Ги де Мопас­сан­ның «На реке» («Су жүзінде»); француз жазушысы Александр Дюманың бірқатар туындысын; Румыниядан шыққан америкалық новеллашы, сценарийші Конрад Берковичтің «Әкесі мен бала­сы», «Заң білместің зары», «Өр­бике», «Мұрда», «Мұр­да­ның өлі­мі», «Тұқым»; пар­сы­лық ұс­таз, аты әлемге әйгілі сопы ақын Жала­ладдин Руми­­дің «Сказ­­ки Мулли Ирамэ» («Мол­да Ира­­мидің кітап жазуға қалай кіріс­­кені туралы»); орыс ерте­гісі «Паранджа» («Перде»); Қабар­да ерте­­гісі «Әйелдер»; «Интер­на­цио­­нал» ән­ұра­нын; тағы басқа шы­­ғар­­ма­лар­ды қазақ тіліне тәржі­­мелеген.

Осылардың ішінен Семен Афанасье­вич Чуйковтың «Тау ішіндегі оқиға» шығармасы 1925 жылы Ташкентте жеке кітапша болып шыққан.

Академик Серік Қирабаевтың «Жүсіпбек Аймауытов», «Көр­кем шығарма шебері» атты кітап­тары­нан көп мағлұмат алуға болады.

1926–1929 жылдары Жүсіп­бек Аймауытұлының Шым­­кент­тегі педагоги­калық техникумда директор болып қызмет істегенін жоғарыда тілге тиек еттік. Ол қаланың ескі орталығындағы Қошқарата өзеніне жақын маңдағы Крегер көшесі, №8 мекенжайындағы бірқабатты үйде тұрған екен. Өкінішке қарай, бұл үй 2000 жылдары бұзылып, орнына көпқабатты тұрғын үй салынып кеткен. Осылайша, оны музейге айналдыру жұмыстары аяқсыз қалған.

Бір жұбанарлық жайт, Павлодар облыстық қазақ му­зы­­­­калық драма театры­на, Астана, Алматы, Семей, Пав­лодар, Көкшетау қала­ла­рын­дағы көшелерге Жүсіпбек Аймауытұлының есімі берілген. Керекудегі облыстық театр ғима­ра­тының алдына ескерткіші, ал Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ғимаратының алдына кеудемүсіні орнатыл­ған. Егемен еліміздің үшінші мега­полисінде Жүсіпбек Аймауыт­ұлы атындағы көше, мектеп, колледж бар. Қаладағы №64 мектеп-гимназиясы мен Өзбекәлі Жәнібек атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің құра­мын­дағы педаго­ги­калық колледжге оның есімі берілген. Жүсіпбек Аймауытұлы туралы 1994 жылы «Қазақтелефильм» студиясы «Алаш туралы сөз», 2009 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студия­сы «Алашорда» атты деректі фильмдер түсірген. Режиссері Қалила Умаров. Жазушы туралы Герольд Бельгер «Аймауытов айшықтары» деп аталатын еңбек­ жазды.

Қалам­гер «Ақбілек» романын, «Паранджа» («Перде») атты орыс ертегісінің аудармасын Шымкентте жазған екен. Бұдан бөлек биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық «Ońtústik Qazaqstan» газетінің бастауындағы басылым­дар­ға да етене араласқан. Олар­­дың бәрін зерттеп-зерделеу алда­ғы уақыт еншісінде деп санаймыз.

 

Әбдісаттар ӘЛІП,

журналист, ақын, аудармашы

 

Шымкент