Отбасы • 08 Наурыз, 2024

Алып бәйтерек

171 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ әйелі – алып бәйтерек. Ұлтымызды ұйыстырып, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қазақ әйелінің қанында тектілік, жанында ізгілік тұнып тұр. Кешегі әже-апаларымыз бен бүгінгі аналардың арасын жалғап тұрған жасампаз сабақтастық ұлтымыздың болашағына деген берік сенімді нығайта түседі.

Алып бәйтерек

Менің шешем Балажан Әбілқызы – қазақтың қарапайым әйелі. Оның бойынан қазақ әйеліне ортақ барлық құндылықты көремін. Жарықтық аз бейнет көрген жоқ. Аналық парызын адал әрі абыроймен асыра орындаған шешемнің келін болып түскен жері қызыл империяның солақай саясаты ойрандаған шаңырақ еді. Қайын атасы, яғни атамыз Мейірбек анам келін болып түспей тұрып «халық жауы» ретінде ұсталып, көп өтпей атылып кеткен. Тарата айтсам, ишан-молдаларды қынадай қырған зауалды, яғни Қазан төңкерісінен кейінгі қатыгез заманның зардабын тартқан әулетіміздің үлкендері текті жандар болған деседі көз көргендер. Кейін барлығына қанықтық, анық-қанығына көз жеткіздік. Мейірбек атамның әкесі Сатқан қалпе атанған. Созақ өңіріне, қала берді оңтүстік өлкесіне белгілі діни қайраткер Сатқан бабамыз мешіт ашып, медресе ұстап, айналасына білім нұрын шашқан шапағатты жан болыпты.

Балаларын да Ислам жолымен тәр­бие­лейді. Мейірбек атамыз да бала оқытып, молда болып, тақуалық жолды ұстанған. Содан нақақтан жала жабылып, 1937 жылдың нәубетінде қаза табады.

Сатқан қажының төрт баласы болған. Ең үлкенi – Бақтай, екiншiсi – Нығмет, үшiншiсi – Түсiпбек, төртiншiсi – елді ізгілікке үндеген, жоқ-жiтiкке қайырымы мол Мейiрбек молда. Ағайынды төртеуi де туған-туысқанға қолы ашық, елге сыйлы азаматтар болыпты. Сол тар заманда Сатқан қажының әулетінде ұрпақ жалғаспай қалу қаупі туындайды. Жан алқымға тіреледі. Нақтылай айтқанда, ағайынды төртеуден еркек кіндікті Қуаннан басқа ешкім қалмайды. Сол қиын кезеңде әлі отау көтермеген Қуан көкемізге де бас сауғалауға тура келеді. Ол амалсыз елден бой тасалап, Қызылқұм iшiн паналайды. Елге қайта оралған соң да, тыныштық көрмейді. Міне, осы тұста Қуан Мейірбекұлы мен Балажан Әбілқызы бас қосып, отау құрады. Құрдымға кету алдында тұрған әулеттің үміті оянады.

Ұрпақ жалғасты деген осы...

Әкеміз Қуан Мейірбекұлы – адал еңбегімен ғұмыр кешкен соғыс ардагері еді. Соғыстан жаралы болып оралған әкеміз Созақ ауданының орталығы Шолаққорғандағы нан зауытында ұзақ жыл жұмысшы болып, маңдай терiн төгіп, тырбанып еңбек етті. Ешкімнің ала жiбiн аттамаған әкеміз бізді – балаларын жеткiзем деп жүрiп жетпiс жасында дүние салды. Жатқан жерi жарық болғай.

Марқұм үнемi «Байлығым да, ба­қытым да – осы балаларым, осылар ержетiп, азамат болса, одан үлкен тiлек бар ма?» деп ағынан жарылып отырушы едi жарықтық.

Анамыз Балажан Әбілқызы – атақ­ты академик Ісмет Кеңесбаевтың қарын­дасы. Ертеде Тілеу Ботбайұлы деген белгілі би, ел ағасы болған. Осы Тілекеңнің бір немересі Кеңесбай ата, Нұрымбет деген баласынан немересі – Балажан апа. Анам Созақ жеріндегі Жыныс ата деген қасиетті жерде туып-өсіп, жастық шағын сонда өткізіпті. Бірақ балалық бақытты күндері ұзаққа бармай, өз анасы Зәуреден тоғыз жасында жетім қалып, Мәуті әжесінің тәрбиесінде болады.

Заманның тар кезінде тұрмыстың ауырт­палығын тартып, аштық, жоқ­шылықты да бастан кешірген, соғыс жылдарында танаптан масақ теріп, тал­шық еткен шешем отағасы дүние салған соң, үйдiң бар тірлігін қолына алды. Топшысы бекiмеген перзенттерін асырап-бағу, оқытып, бiлiм беру жалғызілікті анаға оңай болсын ба?.. Тынбай еңбек етті, қаражат жинап, балаларын тарықтырмай, беттен қақпай өсірді. Біз үшін анамыз рухани ұлы ұстаз бола білді. Білім алуға үндеді, адам болуға шақырды. Атақты қалпенің ұрпағы деген атқа лайықты болып өсуімізді талап етті. Жақсының ұрпағына түсетін жауапкершілік сал­мағын ұғындырды.

Санамызға сәуле түсіріп, қатардан қалмаудың қамын жеуді түйсін­дірді.

Біз анамыздан барлық қазақ әйеліне тән қасиетті түсіндік, ана деген ұлы ұғымның мәніне терең бойлай алдық. Ана атаулының өлшеусіз еңбегінің, ерлігінің қаншалықты құнды екенін бағамдадық. Анамыз арқылы мына жарық дүниеде адам болып өмір сүрудің парқына жеткендейміз.

Кезінде анамыздың жан дүниесін түсіне алдық па, әлде түсіне алмадық па, білмеймін. Бірақ бір білетінім, біздер – перзенттері анамыздың ішінде өзімен бірге кеткен дауасыз дертінің қан­шалықты ауыр болғанын жан дүние­мізбен сезіндік. Сол дерттің уыты әлі күнге біздің де жүрегімізге тамып, жан сарайымызды өртеп келеді.

Ата-анаға туған перзентінен айырылудан ауыр азап бар ма? Осындайда ата-ана үшін перзенттерінің алдында өмірден озудың өзі бір нығмет екен-ау дейсің лажсыздан. Әкем ұл-қыздарының алдында кетті. Ал анам өз перзенті, қызы Раяның жаназасын көрді. Ана үшін бұдан артық қасірет болмас.

Жарықтық туған қызының ерте солғанын көрсе де, Құдайға тіл тигізбеді. Құдай салды, біз көндік дегеннен аспады.  Ол бұл қазаға өле-өлгенше сене алмай кетті. Балапанын күтумен, әлде бір жақта қандайда бір шаруамен кідіріп жатқандай көріп, кез келген мезгілде үй есігін айқара ашып, ішке еніп келетіндей елеңдеп өтті. Ана жүрегінің тазалығы, құдіреті ғой бұл.

Раясы көлінің құрағы, жан дүниесінің тұнығы еді-ау. Тәрбиелі де тәртіпті, алғыр да зерек болып өскен бойжеткен, тұрмыс құрып, өзі қалап алған мұғалімдік мамандығын дөңгелетіп жүрген Раяға отыз жасында кенеттен кесел жабысып, бірер жылда өмірден озып кете барды. Баурымыз көп сөйлемейтін, іске тындырымды, талапты жас болатын. Талапты қыз Шымкент педагогика институтының математика факультетін қызыл дипломмен аяқтап, қатардағы мұғалім ғана емес, өзгелерге өнеге көрсетіп, жастай мектеп директорының орынбасары болып, абыройлы қызметін, қызықты күндерін де бастап еді. Анам көз жұмғанша қыршынынан кеткен Раяның ақжарқын сипатын үлгі етіп айтудан жалықпай өтті. Сүйікті қызының бірге өскен құрбы-құрдастарын көр­­генде анам жа­рық­тық олармен шүйіркелесіп, жандарынан кеткісі келмей ай­нал­соқтап қалатын-ды. Бәлкім, олардың бо­йынан Раясының ыстық жанының табын сезіне ме екен, кім білсін? Олармен қоштасарда кемсеңдеп қалатын. Осындай сәттерде анам: «Сыйлас адамдар бір-бірін ұмыт­пас болсайшы, дұғасынан тастамас болсайшы», дейтін күбірлеп.

Раяның қазасының қайғысы жүре­гінде беріш болып қатқан анамның ішін­де кеткен бұл дертінің салмағы өзге перзенттерінің қызығын көріп, немере, шөбере сүйіп мерейленсе де, бір мысқалға да кемімегені маған аян. Бұл Алланың бұйрығына мойын­сұн­бау­шылық емес, ана жүрегінің тазалығы мен құдіретінің өлшемі болса керек. Мен осылай түсіндім. Бірақ қалай десем де, өз басым анамның жан дүниесін ең болмаса жартылай болса да түсіне алдым деп айту қиын. Барлығы бір Аллаға белгілі.

Анам Алланың разылығы үшін, атақты Сатқан қалпеге, қайын атасы Мейірбек молдаға, оның бауырларына, ата-бабаларына, әкеміз Қуанға, өзінің сүйікті Раясына сауаптар жазылсын деп сексеннен өте Мекке-Мединеге сапарлап, қажы ана атанды.

Анам үш ұл, бес қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан Құдайдың берген немерелері мен шөберелерін көрді. Амал қанша, 2017 жылдың 28 тамызы күні тоқсан үш жасында алып жүрек кенеттен соғуын тоқтатты...

Анамды күн сайын еске аламын. Анам еске түскенде аспанға қараймын да, ақ бұлттарды іздеймін. Ақ бұлт көрсем, анамның ақ жаулығы елестейді. Біздің ақ бұлттар деп жүргеніміз, аналарымыздың ақжаулығы емес пе осы?

 

Бердібек МЕЙІРБЕКОВ

 

Түркістан облысы,

Созақ ауданы,

Жартытөбе аулы 

Соңғы жаңалықтар