Саясат • 21 Наурыз, 2024

Ынтымақтастық игілігі

132 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің өкіл­дері Денсаулық сақтау министрлерінің жетінші кеңесінде бас қос­ты. Астанада өткен кездесуге Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пәкіс­тан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның денсаулық сақтау сала­сын­­дағы уәкілетті органдарының басшылары келді. Күн тәртібіне сәй­кес, саладағы өзекті мәселелердің шешімі қаралып, тараптар ынтымақтастықты нығайтатын екіжақты келісімге қол қойды.

Ынтымақтастық игілігі

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше мемлекеттер достық қарым-қатынасты нығайтуға, сан-саланы дамыту арқылы халықтың өмір сапасына әсер ететін бастамаларды бірлесіп іске асырып келеді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында тәжірибе алмасып, тұр­ғындардың өмірін ұзартуға септе­сетін ортақ мақсат-мұратқа талпынысы қуантады. Мұны форумда Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нұран Ниязалиев, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Еуропа­лық өңір­лік бюросының директоры доктор Ханс Клюге атап өтті.

– Шанхай ынтымақтастық ұйы­­­­мы­ның жылдан-жылға дамып келе жатқанын байқаймыз. Ұйым мүше­­лері көпжақты келісімдер арқылы аймақтың әлеуметтік-эко­номикалық әлеуетін нығайтуға күш салып жатыр. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар. ШЫҰ-ның стратегиялық жоспарларының әлеуеті жоғары. Соның ішінде сапалы медициналық қызметтің қол­жетімділігін арттыру, медицина саласын цифрландыру, медициналық туризмді дамыту, фармацевтикадағы байланысты ілгерілету, дәстүрлі медицинамен қатар төтенше жағ­дай­ларға қатысты шешімдерді кеңейтуге көңіл бөледі.

Ізінше Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ден­сау­лық сақтау саласындағы жетіс­тік­терді тізбектеп, ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттерге табыс тіледі.

– Осы сәтте Қазақстанның ден­сау­лық сақтау жүйесі, халықаралық тәжі­рибелер жайында хабарлағым келіп тұр. Бізде ауыл-аймақтарды сапа­лы медициналық көмекпен қам­ту үшін қашықтан қызмет көр­сету, көш­­пелі медициналық кешендер мен медициналық пойыздар іске қосылған. Ауылдық денсаулық сақ­тау саласын модернизациялау мақ­са­тында Ұлттық жоба бекітілген. Екі жылда алғашқы медициналық-са­ни­­тарлық көмек көрсететін 655 ны­­сан ашылады. Осыған қоса дәрі-дәр­­мектің қолжетімдігін арттыру мақ­сатында ішкі нарықта отан­­дық өндірістің үлесін 50%-ға жет­кізу көзделген. Бүгінгі кездесуге жиыл­ған әріптестердің осы ба­ғыт­тағы мол тәжірибесін ескере отырып, меди­циналық өнімдер мен құ­рал­дар­ды Қазақстан аумағында өн­ді­ру бойынша келісімдерге да­йын еке­­ні­мізді жеткізгім келеді, – деді А.Әлназарова.

Сонымен қатар Президенттің ғылым және инновациялық мәсе­ле­лер жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария коронавирус пандемиясы тұсында қабылданған жедел шешім­дерді еске салып, ғылымдағы жетіс­тік­терге, биологиялық қауіпсіздік бағытындағы ортақ мәселелерге тоқ­талды. Сөзін түйіндей келе ШЫҰ-ға­ мүше елдерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысын қолдауға шақырды. Аталған агенттік құрылса, халықаралық келісімдерді нығайта отырып, биофармацевтиканы дамы­туға ықпал етеді.

Кеңесте Ресей Федерациясы Ден­саулық сақтау министрінің орын­басары Андрей Плутницкий, Тәжікстан Денсаулық сақтау және әлеу­меттік қорғау министрінің орын­басары Амир Амирзода, Өзбек­стан Денсаулық сақтау минис­трінің міндетін атқарушы Асил­бек Худаяров, өзге де тұлға­лар саладағы жаңашылдықтар, халық­ара­лық тәжірибе жөнінде баяндады.

Осы күні ШЫҰ-ға мүше елдер­дің делегация басшыларымен екі­жақ­ты кездесу өтті. Мысалы, ДДҰ Еуро­­палық өңірлік бюросының директоры, доктор Ханс Клюгемен кездесу барысында кадр даярлау, МСАК-тің жаңа стандарттарын енгізу, дәрілік заттарды таңбалаумен қатар Арал бассейні аумағында халықтың денсаулығын зерттеу үшін техникалық және консультациялық қолдау көрсету жайы келісілді. Ал Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Асилбек Худаяровпен кездесуде денсаулық сақтау саласындағы әріптестік ынтымақтастықты жандандыру, медициналық білім және ғылым ұйымдарының арасында жұмыс тобын құру жоспары ұсы­нылды. Сондай-ақ тараптар меди­циналық кадрларды даярлау стандарттарын біріздендіру, бірлес­кен ғылыми жобалар жүргізу, заманауи технологияларды, ерте скри­нингтерді қолдану, импортты алмастыру бойынша тәжірибе алмасу туралы келісімге келген.