Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Мақпал Мырзабай (кейіпкердің қалауымен аты-жөні өзгертілді) Қазақстандағы беделді жоғары оқу орнының бірінде докторантураны былтыр бітірген. Бірақ әлі докторлық дәрежесін қорғамады. Оған бірнеше себеп бар екенін жеткізді.
«Докторантурада 9 адам оқып бітірдік, бірақ әлі ешкім қорғамады. Оған бірнеше себеп бар. Академиялық жазу, ғылыми әдіснама негіздерін бакалавриат, магистратурада меңгеруге мүмкіндік жасалып, докторантурада бұл білім тереңдей түссе, құба-құп. Бірақ бізде олай емес. Кітапхана қоры мен түрлі шетелдік базаның қолжетімді болмауы да қиындық тудырады. Тақырып таңдау кезінде нақты бір мәселеден гөрі, зерттеуге жалпылама сипат көбірек беріледі. Оның үстіне отандық ғалымдардың жұмысын жинақтаған ортақ бір базаға да сұраныс бар», деді М.Мырзабай.
Ал докторанттарды даярлап жүрген химия ғылымдарының (PhD) докторы Жексен Тоқтарбай дәрежені қорғай алмауды докторантураға түсудің тым оңайлығымен байланыстырады.
«Ең бастысы, бізде докторантураға түсу – өте оңай, конкурс жоқ деуге болады. Себебі докторантураға бөлінетін грант саны тым көп. Жаз болғаннан бастап университеттер докторант іздейді. Университеттерге берілген мемлекеттік тапсырысты игермесе, келесі жылы берілмей қояды деп жанталасады. Ағылшын тілі емтиханынан өтсе болды, соны алуға дайын, оның ғылыми ізденісі, ғылымға ұмтылысына мән берілмейді. Сондықтан докторантураға ағылшыншасы тәуір, магистр дәрежесі бар екінің бірі жақсы стипендиясы үшін түсіп алады. Үш жыл оқып шыққаны жеткілікті, докторлық дәрежені қорғамай қоя салады, оның келіп-кетері жоқ. Докторантураны оқып, докторлық дәрежені қорғаған, докторанттарды даярлап жүрген адам ретінде айтайын, докторантурада оқып жүргендердің көбі бакалавриат пен магистратурада ғылыми жұмыспен айналыспаған, ғылыми мақала жазуды білмейді. Сол себепті ондайлар ғылыми жетекшісінен үміт күтеді. Ал жетекшісінің өзі халықаралық журналдарға мақала жаза алмайды. Сөйтіп, қорғай алмайды», дейді Ж.Тоқтарбай.
Ал аты-жөнін ашық көрсеткісі келмеген кейіпкеріміз докторанттардың ғылыми сапалы мақала жаза алмауына оқыту сапасының әлсіздігі себеп екенін жеткізді. Оның ойынша, отандық университеттерде оқытылатын пәндер мен ғылыми әдіснама көп жағдайда халықаралық ғылыми журналдар талабына сай зерттеу жүргізіп, мақала әзірлеуге көмектеспейді. Халықаралық базаларда тіркелген журналдар көбіне ғылыми әдіснамаға қатаң талап қояды, теориядан гөрі практикалық зерттеуге негізделген жұмыстарға басымдық береді. Отандық докторанттарға мақаласын «Scopus» және «Web of Science» базаларында индекстелетін журналдарда жариялау үшін ғылыми әдіснама негіздерінен білім мен біліктілік жетіспейді. Университеттерде оқытылатын пәндер бүгінгі зерттеу жұмыстарына қойылатын халықаралық талаптарға сай келмейді. Сол себепті шетелдік журналдарда зерттеу нәтижесін жариялау күрделі үдеріске айналады. Оның үстіне бұл жағдай мақала жариялауға көмектесетін делдалдардың көбеюіне алып келді.
Жақында вице-премьерге сауал жолдаған депутаттар да (Қ.Тастекеев пен Т.Жүнісов) халықаралық дерекқорларға кіретін ғылыми басылымдарда мақала жазу талабын докторлық дәрежені қорғаудағы негізгі қиындық ретінде атады. Депутаттық сауалда: «Кейінгі жылдардағы деректерді талдау негізінде докторанттардың едәуір бөлігі «Scopus» халықаралық дерекқорында жариялауда қиындықтарға тап болғаны анықталды, бұл олардың диссертация қорғауын қиындатады. Мысалы, 2011 жылдан 2022 жылға дейін докторантурада 10276 адам білім алды, ал қорғағандар саны – 4497, бұл докторантурада оқығандардың 44%-ын құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Олардың көпшілігі халықаралық рецензияланатын ғылыми басылымдарда мақаланың болмауына байланысты қорғай алмады. Бұдан басқа, 9616 адам мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оқыды, бұл докторантурада оқитындардың жалпы санының 93,5%-ын құрайды. Бұдан шығатыны, біз докторанттарды мемлекеттік бюджет есебінен оқытамыз, бұл ретте олардың одан әрі дамуы мен докторлық дәрежесін алуына кедергі келтіретін арнайы қағидалар белгілейміз», делінген. Бұл жерде депутаттар докторлық дәрежені қорғауға халықаралық дерекқорлардағы ғылыми басылымдарда мақала жариялау талабының 2011 жылы енгізілгенімен, дерекқорларға кіруге, оны қолдануға тек 2018 жылдан бастап мемлекеттік бюджет есебінен қаражат бөліп, жағдай жасалғанын меңзеп отыр. Бірақ, бір қызығы, мемлекеттен жағдай жасалса да, нәтиже керісінше кері кеткен. Мысалы, 2018 жылы 4323 мақала жарияланса, 2022 жылы тек 3853 мақала жарияланды. Ал ең сорақысы, сол 2018–2022 жылдар аралығында жарияланған 2644 мақала «жыртқыш журналда» (яғни жалған ғылыми журналдарда) жариялағаны үшін жарамсыз деп танылды.
Негізі гуманитарлық бағыттағы ғалымдар үшін осы талапты мүлдем алып тастауды ұсынатындар көп. Олар «Шетелге біздің тарихымыз, ұлттық құндылықтарымыз, тіліміз туралы материал қызық емес, қажетсіз» деген уәжді алға тартады. Алайда бұған қарсылық білдіріп жүрген дәл сол гуманитарлық-әлеуметтік саланың мамандары да бар. Соның бірі – білім беру саласы бойынша PhD, Zhubanov University ректоры Лаура Қарабасова.
«Web of Science», «Scopus» дерекқорларында индекстелетін журналдарда мақала жариялау талабын әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы докторанттар үшін толығымен алып тастауды ұсынып жүргендер бар. Бұл – негізгі мәселенің шешімі емес. Жоғарыдағы кейіпкеріңіз айтқандай, басты мәселе докторанттардың әдіснамалық дайындығының жеткіліксіздігінде болып тұр. Мұны 2021 жылы жүргізілген зерттеуіміз де анық көрсетті. Батыстың ғылыми журналдары заманауи бағыттарда жұмыс істейді, ал бізде әлі күнге дейін кеңес кезіндегі әдістер қолданылады. Одақ тұсында әлеуметтік ғылымдарға басымдық берілмеді. Халықаралық жарияланымдар, әрине, ғылымның негізгі нәтижесі саналмайды, бірақ бүкіл әлемде зерттеу нәтижелерін таратудың және бар білім көкжиегін кеңейтудің қуатты әдісі ретінде қарастырылады. Докторлық дәреже алып, ғылыми ұйымдарда, университетте жұмысқа тұратын докторант бәрібір халықаралық журналдарда мақала жазуға міндетті болады. Сол себепті оларды әуелден, докторантурада оқып жүрген кезінен-ақ халықаралық журналдарда жариялауға лайықты мақалалар жазуға үйретуіміз керек», дейді Л.Қарабасова. Ол өзі басшылық ететін университетте бұл жұмысты жүйелі жүргізудің жолдарын да енгізіпті. Айталық, шетелдерде докторантураны бітіріп келген Zhubanov University докторанттарына зерттеу әдістерін үйретуге «Болашақ» түлектерін тартқан. Өйткені докторанттардан 1-курсты бітіргенде мақала және диссертация жазуға дайын болуын талап етеді екен. Соған сай әдістемемен де қамтамасыз етіп отыр, 2022 жылы әріптестерімен бірге докторанттар мен олардың жетекшілеріне арналған «Білім беру зерттеулеріне кіріспе: теория, әдістер және тәжірибелер» монографиясын шығаруы – соның көрінісі.
Ал жоғарыдағы сарапшымыз Жексен Тоқтарбай докторанттардың докторлық дәрежесін қорғамау себептері тек мақаламен, мәселе тек соның айналасындағы түйткілдерді шешумен шектелмейтінін айтады. Өйткені докторлық дәрежені тек әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғана емес, жаратылыстану салалары бойынша даярланған докторанттар да қорғамаған, қорғай алмай жүр.
«Химия, физика, биология ғылымдарында зерттеу жасау үшін заманауи құралдармен жабдықталған зертхана керек. Соңғы үлгідегі микроскоптар, заттардың құрамын, сапасын анықтайтын жабдықтар секілді зерттеу құралдары елімізде тапшы. Сондықтан докторанттар ғылыми тәжірибе жасай алмайды. Тәжірибе жасай алмаған зерттеуші мақала да жаза алмайды, жариялай да алмайды. Біздің ғылымдағы ең үлкен мәселенің бірі осы. Қайтпек керек? Саннан сапаға көшу керек. Докторанттардың санын арттыра бергеннен отандық ғылым дамып кетпейді. Одан да бәсекелестік қалыптастырса, мықтылар түседі әрі докторанттарды тым көп даярлауға кеткен қаражатты зертхана жасақтауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге жағдай жасауға жұмсаған жөн. Мысалы, біздің зерттеулерге өте көп химикат қажет, елімізде өндірілмейтіндіктен оны шетелдерден алдырамыз. Соның себебінен оның бағасы қымбат, осыдан да химия саласы бойынша зерттеушілерге тәжірибе жасау, нәтиже шығару қиындау. Сондықтан отандық ғылымды дамытамыз десек, ғалымдарды сапалы даярлауға көңіл бөлу және жеткілікті жағдай жасау қажет», дейді Ж.Тоқтарбай.
P.S. «Себеп неде?» дедік. Талап қойылғанымен, оны орындауға жағдай жасалмағанында екен. Өйткені мақала барысында баяндалғандай, халықаралық журналдарда мақала жазу талабы қойылған, бірақ оны орындау үшін дерекқорларды қолдануға 7 жылдан кейін ғана мүмкіндік берілген. Ғылыми мақала жазуды міндеттегенімен, оны қалай дұрыс жазу керегін үйрету жағы жөнді жолға қойылмаған. Ғылыми зерттеу жасауды талап етеді, алайда зерттеу жүргізетін зертхана жасақталмаған. Балаға жүзуді үйретпей тұрып, өзенге жібере салғанмен бірдей немесе балға бермей, шеге қағуды сұраған секілді тірлік. Одан қандай нәтиже болсын... Сөз басында «Шешім қандай?» дедік. Оның бір парасын мәселенің мәнісін іштен білетіндер айтты. Түпкілікті шешімді жауапты органдардан күтеміз.