Таным • 01 Сәуір, 2024

М.Әуезовтің «Көк қасқыр» аудармасы табылды

434 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2023 жылдың күз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Еркінгүл Солта­наева екеуміз ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын АР19679312 ­«Алаш қайраткерлерінің аударма еңбектеріндегі адамзатқа ортақ құнды­лық­тар» ғылыми жобасы аясында іссапармен Қырғызстан Республикасы­ның Мемлекеттік Орталық архивіне барып, аталған архивтен М.Әуезов­тің қырғыз тіліндегі латын әрпімен жазылған «Көк қасқыр» шығарма­сын кездестірген едік.

М.Әуезовтің «Көк қасқыр» аудармасы табылды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шығарма 1928 жылы Фрунзе қаласындағы «Кир­гос­издат» типография­сынан 10.000 данамен жарыққа шыққан екен. Көлемі – 35 бет. Кітаптың мұқа­басын­да «М.Ауезов. Серый волк. Детский рассказ. На киргизском языке» деп беріліпті. Кітаптың артына шығарманың қырғыз тіліндегі қолжазбасы бірге тір­келген. Бірақ қырғыз тіліне кімнің аудар­ғаны жазылмаған. Кітап қырғыз тілінде болғандықтан, асықпай танысуымыз керек болды. Басында бұл шығарманы М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасының қырғыз тіліндегі аудармасы деп ойладық. Кейін таныса келе, мүлде басқа шығарма екеніне көзіміз жетіп, М.Әуезовтің барлық шығар­масын қайта қарап шықтық.

«Көк қасқырдың» қолжазбасы немесе кітабы бар шығар деген оймен жазу­шының құнды жәдігерлері сақ­талған Алматыдағы М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институ­ты­ның «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орта­лығына хабарласқан едік. Орта­лықтың ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ермек Ханкей мырзадан төмендегідей жауап алдық.

«М.Әуезовтің қолжазба мұрасы, өмі­рі мен шығармашылық шежіресі, әр жыл­дары шыққан көптомдықтары мен библиографиялық көрсеткіштері, шығармаларының елу томдық толық жинағы, М.Әуезов энциклопедиясы, т.т. еңбектерін қайта қарап шығып, «Көк қас­қыр» туралы ешбір дерек кездес­тірмедік.

М.Әуезов шығармалары, соның ішін­де «Көксерек» қырғыз тіліне ауда­рылған. Жалпы, Мұхтар Әуезов және қыр­ғыз әдебиеті – жан-жақты зерт­телген сала. Нақты еңбектер бар. Тіп­ті қырғыз-қазақ әдеби байланысын зерт­теуші мамандар да (қырғыз да, қазақ та) бұл жайында ешқандай мәлімет бермепті. Бір болжам айтсақ, бұл әңгіме Қырғызстанда әр жылдары шыққан М.Әуезов шығармаларының қырғыз тіліндегі жинақтарына енуі мүмкін. Ал «Көк қасқыр» – бізде жарыққа шықпаған және бізге белгісіз әңгіме.

М.Әуезовтің Л.Толстойдан, А.Чехов­тан, Дж.Лондоннан аударған әңгімелері бар екені мәлім (иттер мен қасқырлар туралы). Бірақ бұлардың жариялануы «Көк қасқырдан» көп кейін және аударма болады. «Көк қасқыр» болса, «балалар әңгімесі» деп атап көрсетілген жазушының төл шығармасы екен. Сондай-ақ жазушы жиырмасыншы жыл­дардың соңында бірнеше оқулық жазған. Міне, солардың ішінде балаларға арнап жазған әңгімелері де бар. «Әдебиет тарихы» (1927), «Жеткіншек» (1930), 1929-1933 жылдары жазылған «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (6-класс)» еңбектерінде «Көк қасқыр» туралы мәлімет кездеспейді. Тек қана «Новый аул. Вторая книга для чтения по русскому языку для казахских детей школ І ступени» атты оқулығына «Волчонок», «Нападение волка на стадо» деген қасқырлар әлемі жайында жазылған әңгімелері енген. Бұның бәрі де мазмұндас, тақырыптас болғанымен, «Көк қасқырдан» кейін жазылып, жарыққа шыққанын атап айтамыз. Бір таңғаларлық жайт: 1928 жылы С.Сәдуақасовтың жазушылар­ға қойған 6 сұрағына берген жауабында осы шығармасы жөнінде М.Әуезов ештеңе айтпаған. «Өз жайым­нан мағ­лұмат» деп аталатын сол мақа­ласын­да жоғалған еңбектері туралы дерек береді. Біз білетін «Көксерек» повесі 1929 жылы жарияланған. Ал одан бұ­рын жазылған жазушының «Көк қас­қыр» атты шығармасы бар екенін және қырғыз тілінде жеке кітап болып басыл­ғаны туралы өз басым хабарым жоқ. М.Әуезов мұражайының директоры, белгілі әуезовтанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Диар Асқарұлы Қонаев та бұған дейін ондай мәліметке кездеспегенін айтты деді де, бұл шығарманы қазақ тілінде жариялау қажеттігін айтты. Жинақтап айтқанда, «Көксеректің» жазылу тарихына жаңа көзқарас әкелетін «Көк қасқыр» әңгімесі әуезовтану саласына қосылатын тың дүние деп есептеп, жариялануын асыға күтеміз», деп ниетін білдірген еді.

«Көк қасқыр» шығармасының қыс­қаша мазмұнына тоқтала кетейік. Шы­ғарма қырғыз тіліндегі латын әрпі бол­ғандықтан, мазмұнын түсінуде қинала қойған жоқпыз. Десек те кітап ескі бол­ғандықтан, кейбір беттерінің жазуы өше бастаған, тозған деуге болады. Сонда да оқуға тырыстық. Негізінен «Көк қасқыр» шығармасы төрт бөлімге бөлінген. 1-бөлім – «Қозыға қасқыр тиді», 2-бөлім – «Қасқырдың апанында», 3-бөлім – «Бөлтірік ер жетті», 4-бөлім «Көк қасқырдың ажалы» деп аталады. Атауларынан-ақ оқиғалардың қалай өрбитінін байқаймыз. Кейіпкерлері де көп емес, бала Асылбек, атасы Жақсылық, қас­қырдың күшігі Ұялас, Асылбектің достары төңірегінде айтылады. Малға тыныштық бермеген қас­­қырларды іздеуге шыққан ауыл адам­­дары қасқырдың апанына жолы­ғады. Апаннан жаңадан ту­ған, әлі кө­зін аш­па­ған жеті бөлтірікті кө­реді. Ше­ті­нен өлтіре бас­тағанда, Асыл­бек ата­сына өтініп, бір бөлтірікті асырайын­шы деп қиылады. Баланың көңілін қи­ма­ған атасы қойнына бөлтірікті салып береді. Ауылдастар ақылдаса отырып, Ұялас деп атын қояды. Кішкене бөл­тірік Асылбек пен оның достарының ерме­гіне айналады. Бөлтірік өскен соң қас­қырларға еріп кететіні, анда-санда ауылға бір соғып, бара-бара мүлде жоқ болып кеткені әсерлі суреттеледі. Шығарманың шарықтау шегінде оқу­дан келген Асылбекке ауылдастары қас­қырлардың ауылдағы малдарға ты­­ныштық бермей жатқанын айтады. Асылбек ауылдастарымен жоспар құ­рып, қасқырларды аңдып, қолға түсіріп, өлтіргені баяндалады. Атасы Жақсылық қасқырдың құлағындағы өзі салған енінен Асылбектің Ұяласы екенін таниды. Шығарма осылай аяқталады.

Кітаптың шыққан жылына қарап, жазушы «Көксерек» шығармасынан бұрын осы «Көк қасқыр» туындысын жазған деп ойлаймыз. Себебі «Көк­серек» нақты деректерде 1928 жыл­дың желтоқсаны мен 1929 жылдың қаң­тар айларында Ташкент қаласында жазыл­ғандығы айтылады. Нақты 1929 жылы жарыққа шығады. Ал «Көк қасқыр» қырғыз нұсқасында 1928 жыл деп көр­се­тіл­ген. Біздің пайымдауымызша, «Көк қас­қыр» шығармасы Көксеректің ал­ғашқы нұсқасы болуы мүмкін.

«Көк қасқыр» аудармасында да, «Көксерек» шығармасында да қасқыр­­дың інінен жеті бөлтірік шығады. Алтауын өлтіріп, ең кішісін балаға бе­реді. Көк­серек шығармасында: «Көзін ауылға кел­гесін екі күннен соң ашты. Жұрт асы­рауға көнеді десті. Кішкене Құрмаш Көк­серек деп ат қойып алды. Аттарын бі­леді. Шақырса келеді» деп сипатталады. Екі шы­ғармада да бөлтіріктің мойны­на жіп тағылды деп айтылады да, ержет­кен соң да ауыл иттерінің маңына жолай алмайды, бөлек жүреді, яғни жатсынады. Ұялас та, Көксерек те күндер­дің күнінде қойға шапқан қасқырларға ілесіп, кетіп қалғандығы, үш-төрт күннен соң қайта үсті-басы батпақ күйінде орал­ғаны, кейін мүлде жоқ болып кетіп, ауыл малдарына тыныштық берме­гені сурет­теледі. Тағы да бір ұқсастық – «Көк қас­қыр» шығармасында ауыл адамдары қой­ға шапқан қасқырларды аңдып, оларды өл­тіргені айтылады да, қасқырдың құлағына салған енінен оның Асылбектің қасқыры екенін таныса, Көксеректі де өлтіргеннен кейін құлағынан танып, Құрмаштың қасқыры екеніне көздері жетеді.

Мүмкін біздің мұрағаттардан, не болмаса кітапхана қорларынан шығарма­ның түпнұсқасы шығып қалар. Десек те қо­лымыздағы нұсқаны қазақ тіліне аударып, бастыру жоспарымызда бар. Қырғыз рес­публикасы Мемлекет­тік Орта­лық архи­вінен кітапты, тіпті аудар­­м­аның қол­жазбасын да алдырып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мем­лекеттік орталығына тапсырылса құнды болар еді. Бұл іске аталған инс­титут мұрындық болады деп ойлаймыз. Егер бұл шығарма туралы бізден де гөрі нақты мәлімет тауып, оның белгілі әңгіме екені жайында айтушылар болса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,

А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты