Бәлки, бұл исландиялықтардың ауа райына, табиғатына һәм менталитетіне байланысты болар. Не десек те, Исландияда жыл сайын мыңға жуық кітап шығарылып, кемі жарты мыңнан басталып, он мыңдаған данаға дейінгі тиражбен жарық көреді. Бір қарағанда, аса көп болып көрінбегенімен, елдегі халық санының аздығын ескерсек, 1000 адамға 3 кітаптан айналады екен. Исландиялық баспагердің сөзінше, ондағы әр алтыншы тұрғын роман жазады. Тіпті бұл мемлекетте «Әр адамның жүрек түкпірінде жазылмаған кітап бар» деген мәтел де жатталып қалған. Алақандай елге тым жақсы нәтиже. Ал біздегі баспадан жарық көріп жатқан кітаптардың тираж саны мың данадан аспайтынына уақыт өте көзіміз үйреніп келеді.
Кейде планетадағы барша адам кітап оқуды сүйетіндей көрінеді: біреу – заманауи прозаны, енді біреу – фантастикалық шығарманы, біреу классиканы оқығанды ұнатады. Тіпті сүйіп оқымаса да, әйтеуір әріп танитыны хақ. Бірақ бұл ойымыз да қате екен. Сауатсыздық пен қара танымау – әлі де бәз баяғыдай түйткілді проблема қалпында. Өкінішке қарай, әлемдегі әр бесінші ересек адам оқи да, жаза да алмайды. Бұл статистика көбінесе Оңтүстік және Батыс Азия, сондай-ақ Сахара шөлінен оңтүстікке дейінгі Африка елдерінде көрінеді.
Ал Бразилия түрмелерінде сотталушыларды кітап оқуға ынталандыратын арнайы бағдарлама бар. Ереже бойынша, әр оқылған кітап жаза мерзімін 4 күнге азайтады. Сонда, ең көп дегенде, жазасын өтеуші кітап оқып, бір жылда жалпы мерзімнен 48 күнді қысқартып, бейбіт өмірге жоспардағыдан аз-кем ертерек шығуға мүмкіндігі бар. Мойындау керек, кейбір елдерде түрмедегі былай тұрсын, бостандықтағы халықты оқуға шақыруға, жалпы әдебиеттің, руханияттың дамуына ешқандай амал-шара жасалмайды. Сондықтан бразилиялықтардың бұл жобасы кімге де болса үлгі боларлық, қызығарлық бастама. «Жақсыдан үйрен» деген осы емес пе?