Тұлға • 04 Сәуір, 2024

Қазақ музыкасының қамқоры

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ән әлемін өмір бойы зерттеп-зерделей жүріп, «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», деп тебіренген Александр Затаевичтің ұлттық музыка өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мемлекеттік Орталық музейде дарынды композитордың туғанына 155 жыл то­луына арналған «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» атты мәдени кеш өтіп, мазмұнды іс-шара «Дала әуенінің ізімен» деп аталған танымдық көрмеге ұласты.

Қазақ музыкасының қамқоры

Фото: vecher.kz

Поляк халқының біртуар ұлы А.Затаевичтің терең ізде­ністерінің арқасында қазақ­тың көптеген әні мен аспап­тық музыкалық мұрасы қағазға түсті. Сол заманда естіген дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін, содан соң оны айнытпай орындап шығатын адам туралы аңыз халық арасында кең таралған еді. Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерін ұзақ аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.

«Дала әуенінің ізімен» көр­месінде көпшілік назарына музыкант, этнографтың жеке кешенінде сақталған фотомате­риалдар, мақалалар, жинақ­тар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылды. Олар­дың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаң­басы, «Қазақ халқының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қа­зақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттері ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик Ахмет Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.

Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Юзеф Тымановски, дара дарынның шығармашылық зерт­теулері қазақ музыкасы­на негізделгенін, ол қазақ хал­қы­ның жан-дүниесін, бол­мыс-бітімін әні арқылы жүре­гі­нен өткізгенін атап өтті. Музыкатанушы осыншама мә­дени мұраға бай халықтың рухани танымы да кең екеніне көз жеткізіп өткен.

Айтулы кеште «Вензь поляк мәдениетінің орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкіл­дері, Қазақстаннын еңбек сіңір­ген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман, Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутының «Музыкатану» бө­лімінің меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова, Қазақ ұлттық кон­серваториясының профес­соры Ақлима Омарова, Т.Жүр­генов атындағы Ұлт­тық өнер ака­демиясының «Дәс­түр­лі му­зыкалық өнер» кафед­ра­сы­ның меңгерушісі Нартай Бек­молдинов Затаевичтің шы­ғар­машылық мұралары ха­қында ой толғап, әсем кешті ән­мен тербеді. Сондай-ақ іс-шарада Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы­ның студенттері өнер көрсетіп, жас таланттар музыка зерттеуші­сінің өмір белестерінен сыр шертетін әсерлі қойылым ұсынды.

«А.Затаевич ұлт музы­ка­сының ішкі болмысын түсініп, халықтың түпсанасын тереңнен зерделеген, сол арқылы қазақ музыкасына тұңғыш ғылыми сипаттама берген қажырлы жан. Ғалым кез келген уақытта, орайы келген жерде қазақ әндерін жазып алуға қатты құмартып, аз да болса саз өнерінен хабары бар адамдарға да немқұрайды қарамай, солардың ұсынған дүниелерін де керегіне жарата білді. Оның есімі ұлттық өнеріміздің биігінен орын ал­ғаны анық», дейді композитор Бейбіт Дәлденбай.

 

АЛМАТЫ