Сатира • 11 Сәуір, 2024

Қисынды қылық

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мен сияқты құрметті демалысқа шыққан біреу: «Қол босады, қызмет деп жүріп бір-ақ кітап бітіріп едім, енді қомақты біреуін бітірмесем» дегенде, құрбысы: «Ой, сіз не, кітап жазушы ма едіңіз?» деп таңғалады: «Е, жоқ-а, қайдағы жазған, ғұмырымда бір кітап оқыған­мын, енді екіншісін оқысам дегенім ғой» дегендей, бізде жазушы болмасақ та, журналист болып біраз қағаз-қалам шимайлағанбыз. Қол босады, ғұмырымда жазғандарды топтап-іріктеп, сұрыптап бітір­генмін. Ондағы ойым, мен де бір кітап шығарсам деп едім.

Қисынды қылық

Осындайда Оңғақ құданың бір айтқаны еске түседі. Оңекең ғұмыры ауылда тұрды демесең, жазғандары жалпақ жұртқа жағып, есімі елге белгілі жазушы болып та алған. Сол Оңекең егде тартып елуге тақа­ғанда жазған әңгімелерін біріктіріп бір кітап шығара қояйын деп, «Алғашқы кітапты «Жалын» баспасы шығарады» деген нұсқаумен сол баспаның табалдырығын аттамай ма. Ондағылар Оңекеңді аса ілти­патпен қабылдап, келген бұ­йымтайын біліп: «Сіздің шығармашылығыңызға айтарымыз жоқ, тек біз «Жалын» баспасы болғандықтан, тек жалындаған жастардың ғана кітабын шығарамыз, сіздің барар жеріңіз «Қаламгер» бас­пасы деп шығарып салыпты.

Содан Оңекең «Қаламгер» баспасына бас сұқпай ма. Он­дағыларда аса ілтипатпен қарсы алып, шығармашылығына құл­дық ұра отырып: «Бізден тек бұрын бірнеше кітабы шыққан, есімі кітаптарымен көпшілікке танымал тарланбоздар ғана ке­лесі кітабын шығара алады» деп шығарып салыпты...

Неде болса деп, жазған­да­рымның жарамдысын бірік­тіріп белін буып, ғұмыр бойы шаруашылықтың пұшпағын илегендіктен, осы игілікті шаруаға ие болып отырған «Қа­зақстан» баспасы «Шаруа» бөлімінің есігіне тақап едім, бөлім бастығы қызметкері болса керек, біреуге бұрқ-сарқ зекіп жатыр.

«Қанша айтамын, қазір жазғыштар көп, әкелген шимай-шатпағын еш алып қалушы болма. Не көп, сылтау көп, қайтсең де қолжазба қабылдамай қай­тар», деп төпелеп-ақ жатыр екен, саңлауым бар саққұлақ емес­пін бе, әлгіні «келінім, саған айтамын, қызым, сен тыңда» деп қабылдап, ақыры келіп қалған екенмін, жығылсаң нардан құла деп, дөйінің өзіне бір-ақ тарттым.

Қабылдауындағы қызы жоқ, кідірмей өзіне кіріп барып едім, телефонмен сөйлесіп отыр, отыруымды ымдады.

Қалқан құлағымды қайшы­лап амалсыз тыңдап отыр­мын.

«Жарайды, болады, аға, – дегенге қарағанда, ар жақтағы осал болмады. – Жа­тып қалғанын білеміз, ұятты да болып жүр едік, кітабыңыз міндетті түрде шығады аға?» деп телефон тұтқасын қойып кіжініп отырып: «Оттаған неме, қайдағы шимай-шатпағын кітап етіп шығармақ!» деп, бөлмесінде мен барына кібіртіктеп барып: «Кеп қапсыз, шаруа айтыңыз, аға...» дейді.

Ләм-лимсіз үндемей кері қайттым.

 

Берік САДЫР