Тәуліктегі жағдай қалай?
Қазір су тасқынына байланысты елдегі ахуал тұрақталды деп айтуға келмейді. Бір аймақта тасқынның себеп-салдары, шығыны нақтыланса, екінші өңірдің тұрғындары өзен-көл, су қоймалары арнасынан аспай ма деп қауіптенеді. Өңірлерде қарғын су салдарын жоюмен қоса, тасқынға қарсы іс-шаралар, авариялық-құтқару жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Еріген қарды бұру, инертті материалға толған қаптарды төсеу, каналдардың жағаларын нығайту, арық жүйелерін тазалау, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау сынды жұмыстар өзекті. Бүгінде су астында қалған өңірлерден 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала құтқарылып, эвакуацияланған. 107 613 бас ірілі-ұсақ мал қауіпсіз аймаққа шығарылған.
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты мекемелерде еңбек ететін психологтер жедел желі арқылы шұғыл психологиялық көмек көрсетіп келеді. Су басқан аудандарда жұмыла, жедел әрекет еткен мамандар 9,5 млн текше метр суды арнайы құралдардың көмегімен шығарған.
Тасқынның алдын алу іс-шаралары кезінде 2,2 млн қап, 1,2 млн тонна инертті материал төселіпті. Осындай жедел жұмыстың нәтижесінде 3 511 тұрғын үй мен 2 157 аулаға тақаған су ашық аумаққа бұрылған. Тәулік ішінде жарияланған ақпаратқа назар аударсақ, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 414 жеке тұрғын үй, 1 617 аула, 2 035 саяжай үйлері су астында қалып отыр. Авариялық-құтқаруға, су тасқынына қарсы іс-шараларға 33 101 адам, 4 128 техника, 853 су сорғы құралы, 335 жүзуге арналған құрал, 10 тікұшақ жұмылдырылған.
Төтенше жағдайдағы әлеуметтік көмек
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан кейін тұрғындарды барынша қолдауға ниетті екенін байқатты. Мысалы, қазір елдегі ахуалға байланысты атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен мүгедектік тобын қайта куәландыру мерзімдері ұзарды. Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы келтірілген залалды өтеуге өтініш қалдыруға болады. Төтенше жағдай режімі жарияланған қала, аудандарда тұратын 5 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалған. Яғни олар мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ көмек алып отыр. Сондай-ақ төтенше жағдай балаларды қоса алғанда, 4 мыңға жуық адамға мүгедектікті қайта куәландыру мерзімі автоматты түрде ұзарған. Жергілікті атқарушы органдар өз қаражаты есебінен су тасқынынан зардап шеккен 2,3 мың отбасына 555,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсеткен. Су басқан аймақтардан 96 мүгедектігі бар адам эвакуацияланып, оларға қажетінше көмек көрсетіліпті.
Елде қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін барлық 118 орталық штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сауықтыру үшін республиканың 7 емдеу-сауықтыру шипажайына 164 орын бөлген.
Тәртіп сақшыларының табандылығы
Су тасқынына қарсы іс-шараларға Ұлттық ұланның 5 мыңнан аса сарбазы, әскери қызметшілер, Ішкі істер министрлігіне қарайтын оқу орындары курсанттары жұмылған. Сондай-ақ Полиция қызметінен 762 техника көмекке жөнелтілген. Төтенше жағдайдағы тәртіп сақшыларының қызметі жайында Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді.
– Біздің қызметкерлер 10 мың метр арық тазартып, 399 мың қап төседі. ІІМ күшімен 25 мың адам эвакуацияланды. Мысалы, Петропавлда полицейлер тасқынның ортасында қалған қарт күзетшіні құтқарды. Ағыны қатты сумен алысқан тұрғынды полиция майоры Жақсылық Байбосынов, полиция капитаны Азат Исаев, полиция сержанты Нұрлан Қоқабаевтар қайықпен сол маңға жедел жетіп, қала маңындағы тұрғынды аман алып қалды. Батыс Қазақстан облысында Зачаган полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Дидар Өтепов су басқан үйдің төбесіне шыққан адамды құтқарды. Ал Атырау облысының Құлсары қаласында полиция майоры Нұрлан Жангелов пен полиция лейтенанты Бауыржан Тасекенов су басқан аймақтан 4 баласы бар әйелді алып шыққан. Мұндай мысалды тізе берсек, көп. Су басқан өңірлерде тәулік бойына кезекшілік қойылған. Патрульдеуге полицияның атты әскер отряды да қатысады. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың су басу қаупі бар аймақта қалмауын қадағалап, кенттерде рейд жүргізіп жатыр. Полиция қызметкерлері қараусыз қалған мүлікті күзету үшін су тасқынынан зардап шеккен 56 елді мекенді қоршауға алды, – деп түйіндеді Ш.Алекешев.
Бүгінде Ішкі істер органдары 10 688 қараусыз қалған тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетеді. Төтенше жағдайда ұрлық-қарлыққа жол бермеген. Сонымен қатар полиция ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп, жалған ақпараттардың таралуына жол бермеуге тырысады.
Тасқынның алдын алуға тәжірибе керек
Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына толықтырулар енгізіледі. Елдегі тосын жағдайларға байланысты құжат су тасқынының алдын алу және одан келетін шығынды азайту жөніндегі кешенді іс-шаралармен толығады. Бұл үшін министрлік Қытай, Нидерланд сынды өзге де тасқынның алдын алу іс-шараларынан нәтиже шығарған елдердің тәжірибесін зерделеуге ниетті екенін білдірді. Министрліктің осы және өзге де жоба-жоспарлары туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева баспасөз мәслихатында хабарлады.
– Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы мен жергілікті әкімдік Жайық өзенінен келетін суды Каспий теңізіне бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалының 4 каналында тасыған суды қабылдау үшін бос орын дайындалуда. Атап айтқанда, Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарында суару кезеңіне жиналған су Каспийге жіберілді. Нәтижесінде, Соколок каналы – 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы – 3 млн текше метр, Бақсай каналы – 7 млн текше метр және Нарын каналы 4,5 млн текше метр су қабылдай алады. Қазір Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 100% толған. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, ахуал тұрақталды. Қараөткел кентін су басу қаупі сейілді. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100% толып, тасқын толастамай тұр. Екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істейді, бұзылу қаупі жоқ. Су тораптары көпфакторлы тексеруден өтті, нысандардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық, – дейді М.Әбдуалиева.