Сұхбат • 25 Сәуір, 2024

Мейір Байнеш: Отандық операның келешегі зор

116 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық операмыздағы Біржан, Төлеген, Айдар сынды кілең басты партияларды парасатты өнерімен өрге сүйреп жүрген Мерей Байнеш есімі бекзат өнердің талғампаз тыңдармандарына жақсы таныс. Күні кеше ғана «Астана опера» театры опера труппасының жетекшісі ретінде жауапты жұмысқа кіріскен танымал тенор һәм талантты әртіспен өрелі өнер турасында ой өрбіткен едік. Әнші еліміздегі опера өнерінің аяқ алысы, даму деңгейі туралы тұшымды әңгімесін бүкпесіз ортаға салды.

Мейір Байнеш: Отандық операның келешегі зор

– Қызметіңіз құтты болсын. Әйтсе де «өнер адамы үшін басшылық жұмыс шығар­ма­шылығын тұсайды, қарымын тежейді» деген пікір де жиі айтылады. Бұл жағы сізде қалай?

– Рахмет! Шынымды айтсам, маған бұл қызметті ұсынады деп тіпті де ойлаған жоқ едім. Театр директоры Ғалым Алғи­ұлы Ах­медияров сенім артып, ойлануға бір күн уақыт берді. Аталған қызметтің қыр-сырын, артықшылықтар мен кемшіліктерді ой елегінен өткізіп, «байқап көру қажет» деп шештім. Труппа толығымен қалыптасқан. Оның үстіне театрда 20 жылдан бері жұмыс істеп келемін, барлығы жаныма жақын дегендей. Осы істі қолға ала отырып, отандық опера өнерінің дамуына өз үлесімді қосқым келді. Сондықтан да ұсынысты қуана қабылдадым.

– Әртіс болу бір басқа. Ал жа­­ңа лауазымда, яғни опера труп­пасының директоры ретін­дегі жауапкершіліктің салмағы қан­дай екен? Сезініп үлгердіңіз бе?

– Әлбетте. Қызметке кіріскен күннен-ақ зор жауапкершілікті сезіндім, өйткені опера труппасында 11 Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының және көптеген халықаралық байқаулардың лау­реаттары еңбек етеді. Өздеріңіз түсінетіндей, мықтыларды басқару өте қиын. Сонымен қатар жаңа жұмыс ұйымдастыру мәселелеріне көп уақыт пен күш жұмсауды да талап етеді. Алайда мен әрдайым сахнамен байланысты үзбеуге және мүмкіндігінше сахнадағы өнер көрсетуімді жалғастыра беремін. Қызмет ауысқанымен, тәртіп қаз-қалпында қалды. Бұ­рынғыдай вокалмен айналысамын. Себебі біз де спортшылар сияқтымыз ғой, күнделікті дағды мен жаттығуларсыз өзіңді нағыз бабындағы кәсіби маман сезіну қиын. Сондықтан да барынша тепе-теңдікті сақтауға тырысып жүрмін. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Қазір мен көпшілікті жаңа есімдермен таныстыруды, дарынды жас әртістердің спектакльдерде сахнаға шығып, рөл ойнауы­на мүмкіндік беруді мақсат етіп отырмын. Жалпы, адам болған соң барлығымыз да асқақ мұраттарға талпынамыз ғой. Болашақта репертуарды одан әрі де мағыналы да мазмұнды спектакльдермен байы­тып, әншілерімізбен жан-жақты жұмыс істеу үшін вокал коуч­тарын тартқым келеді. Сонымен қатар халықаралық аудиториямен байланыстарды нығайту бойын­ша да жұмыс істеу ойымызда бар. Күн сайын қойылымдардың жоғары сапасын сақтау үшін талмай тер төгіп келеміз. Труппаның құрамына келетін болсақ, тү­бегейлі өзгертетіндей ештеңе де жоқ, солистердің барлығы да ең­бекқор, қарқынды режімде жұмыс істейді. Жас солистерге бағыт-бағдар беріп тұру қажет бола­ды: бір жерде мақтасақ, бір жерде ұрсып та аламыз, дегенмен бұл біздің әдеттегі жұмыс барысы ғой. Сондықтан да қалыпты тіршілігімізден алыстадық деп айта алмаймын.

– Опера өнерінде қандай өзекті мәселелер бар?

– Тұтас опера әлемі үшін өзекті тақырып – меццо-сопрано мен бас дауыстардың жетіспеушілігі. Труппамызда тамаша баритондар, керемет тенорлар, әлемдік деңгейдегі сопранолар бар, алайда барлық жердегідей меццо-сопрано мен бас секілді сирек дауыстар тапшы болатын. Бұл олқылықтың орнын жас буын әртістер жақсы толтырып жүр. Мені қуантатыны – жастар арасында өте талантты әншілер өсіп келе жатыр. Олардың алдында ұзақ жол тұр, әлбетте, жас­тарды өсіріп, барлық жағдайын жасау қажет.

– Бүгінде көрермендердің ықыласы классикалық опералық спектакльдерге басым ба әлде гала-бағ­дарламаларды тыңдау­шылар көп пе?

– Қанша адам болса, талғам да сонша ғой. Демек көрермендердің қызығушылығы сан алуан. Сон­дықтан аудиторияның түрлі тал­ғамын қанағаттандыру үшін клас­сикалық опералық туынды­ларды да, жарқын гала-бағ­дар­ламаларды да ұсыну маңызды. Әдетте гала-бағдарламаларда әрдайым жаңа нөмірлер, сирек орындалатын туындылар таныстырылады, сол себепті галаға әр кез қалың көрермен жиналады. Алғаш ашылған күннен бастап бүгінге дейінгі 11 театр маусымы бойы біз елорданың мәдени ортасын қалыптастыру жолында жұмыс істедік. Осы уақыт аралығында тұрақты көрермендеріміз пайда болды, олардың ұлттық классика жауһарлары – «Қыз Жібек», «Біржан – Сара», «Абай» тәрізді сүйікті спектакльдері бар. Айта кету керек, біз ұлттық репертуар­ды дамытуға зор көңіл бөлу­деміз және бұл қойылымдар біз­дің мақтанышымыз екені сөзсіз. Алайда көрермендердің белсен­ділігі олардың қалауларына ғана емес, басқа да көптеген фак­торға байланысты. Мәсе­лен, спектакль немесе гала-концерт көрсетілетін апта күні, орындаушылар құрамы және тағы басқалары да әсер етіп жатады. Сондықтан біз көрермендердің қандай қойылымға қуана билет сатып алатынына қарамастан, барлығын да орындауға тиіспіз.

– Осы театр маусымында операдағы ең өзекті әрі маңызды мәселе не?

– Біз жоғары сапалы және қызықты спектакльдерді ұсына отырып, көрермендер аудитория­сымен байланысты нығайтуды да үздіксіз жалғастырып келеміз. Сондай-ақ театрдың ұзақмер­зімді өркендеуі үшін оның қыз­метінің шығармашылық аспектілерін белсенді дамытуды да қолға алып жатырмыз, яғни театр өмірін мазмұнды ететін барлық шараларды – халықаралық фестивальдерді, гастрольдік сапарларды, оның ішінде әрине премьераларды ұйым­­дастыруға үлкен ма­ңыз берілуде. Он екінші

театр маусымы репертуар­да жаңа қойылмның, яғни С.Мұхамеджановтың «Ай­сұлу» операсының пайда болуымен атап өтілмекші. Спектакльдің барлық музы­калық бө­лігі – бұл шлягерлер. Қа­зір көбі мұның опера еке­ні­нен де бейхабар, оны халық музыкасы ретінде қа­был­дай­ды. Демек туынды ең жо­ғары баға – тыңдармандардың сүйіс­пеншілігіне ие болады деген сөз. Себебі халық музыкасы әр­дайым ұлттың жанына жақын. Премьера саз әлемінде жаңа­лық жасап, әсем де әсер­лі ұлттық музыканы дүниеге әкелген ұлы композитор Сы­дық Мұхамеджановтың 100 жыл­дық мерейтойына арналып қойыл­ғалы жатыр. Спектакль көпшілік көңілінен шығады деген сенімдімін.

– Жас әртістердің өнердегі аяқ алысын қалай бағалайсыз?

– Жалпы өнер жолы оңай емес десек, соның ішінде әсіресе операның салмағы зіл батпан. Себебі опера ісі тар шеңберде мамандандырылған сала саналады және әр 10-15 жыл сайы­н ғана «қан жаңарту» жүріп тұрады. Труппаның құрамы жақсы ба­ритон, сопрано, меццо-сопра­но, тенорлар мен бастардан құралады. Олар труппаны жиырма жыл бойы таныстыра ала­ды. Мәселен, Алматыдағы театр­дың 90 жылдық тарихы бар және осынау уақыт ішінде жұл­дыздардың негізгі құрамының 7 буыны ауысты. Біздің театрда іріктеу 2013 жылы өтті және орындаушылардың құрамы күні бүгінге дейін сақталған. Жанат Шыбықбаев, Медет Шотабаев, Айгүл Ниязова, Талғат Мұсабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ах­метова, Жаннат Бақтай, Бибігүл Жан­ұзақ, Айзада Қапонова, тағы басқалары сахнада жарқын өнер көрсетіп келеді. Қазір олардың шығармашылық қуаттары на­ғыз тасып тұрған кез. Десек те біз әртістердің келесі буы­нын да дайындап жатырмыз. Атап айтсақ, келешегінен зор үміт күт­тіретін операның жарық жұл­дызы Дінмұхамед Көшкінбаев, сондай-ақ Азат Мәлік, Әлихан Зейнолла, Ұлпан Әубәкірова, На­зым Сағынтай және тағы басқа да өнерлі жастар бар. Оларды қазірдің өзінде вокалдық тұрғыда ауыр болмайтын, күрделі емес спектакльдерге енгізіп жүрміз. Театр жанында дарындардың ұстанаханасына айналған «Astana opera» Халықаралық опера академиясы жұмыс істейтінін де атап өту керек. Академистер үшін бұл – үлкен мектеп. Кешегі консер­ватория түлектері оқуларын біз­дің академияда жалғастырды. Олардың еліміздегі опера жұл­дыздарымен бірге сахнаға шығуға, олар­мен қарым-қатынаста бо­луға, дайындықтарына баруға мүм­кіндіктері бар, яғни олар жұ­мыс атмосферасына қиналмай, баяу кіріседі. Мәселен, біз оқуды біті­ріп, театрға алғаш келгенімізде өзі­міздің бірінші маусымымыздың ішінде көптеген партияны орындап, дайын, қалыптасқан әртіс ретінде жұмыс істеуіміз қажет бол­ды. Сондықтан осы ретте академия тыңдаушыларының жолы болды деп санаймын. Олар мұнда барлығын үйренеді, атап айтсақ вокал, актерлік шеберлік, тілдерді меңгеріп, шетелдік коучтардың сабақтарына қатысады. Қазір жас­тарда шығармашылық тұрғыдан ізденіске барлық мүмкіндік бар, ең бастысы еңбектенсе болды. Сонда отандық операның келешегі зор болады деп нық сеніммен айтуға болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»