Құқық • 03 Мамыр, 2024

Қатаң жазаның құзыреті

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы отбасы институтын, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды. Негізгі өзгерістердің бірі – бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде танылған ұрып-соғу және отбасылық зорлық-зомбылық бұдан былай ауыр қылмысқа теңестірілмек. Бұл дегеніміз заңға қай­шы әрекеттерді жасаған адамдар қылмыстық жауап­кершілікке және қатаң жазаға тартылады.

Қатаң жазаның құзыреті

Фото: gov.kz

Тұрмыста орын алатын аса ауыр қылмыстарға жауап­кер­ші­лік күшейтілді. «Үй тирандарын» шаңырағынан 30 күнге оқшау­лау, жәбірленушімен байланысқа тыйым салу мүмкіндігі енгізілді.

Заңнамалық жаңалықтардың бір бөлігі кәмелетке тол­мағандарға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды қамтиды. Қазақстан қоғамы күткен маңызды норма Қылмыстық кодексте көзделген ең ауыр жаза – педофилдер мен балаларды өлтірген қылмыскерлерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды енгізу.

Заңда кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап, ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың барлық түрі айқындалды және сараланды. Мұндай қылмыстар үшін татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі алынып тасталды. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық пен суицидке көмектесу фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды қорлау және кибербуллинг жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылды. Оған сыныптастарын қорлаған жасөспірімдердің ата-аналары мен қамқоршылары да тартылады.

Ішкі істер министрлігінде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті осы бағыттағы мемлекеттік отбасылық саясатқа жауапты болады. Қазіргі отбасын қолдау орталықтары қайта құрылады.

Бұл іс-шаралардың барлығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғап, қолдауға және жалпы зорлық-зомбылыққа төзімділіктің нөлдік деңгейіне жетуге бағытталған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы аталған заңды қабылдағаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді. Бұл гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық нысанын жою жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтіп, аталған заңды тиімді енгізу және қолдану жөніндегі күш-жігерді жалғастыруға шақырды.

 

Игорь ТАРАСЕНКО,

Адам құқықтары жөнінде уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі