Өткен аптада Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық кеңесінде өңірлік білім басқармалары, ведомстволық бағынысты ұйымдар және әдістемелік кабинет басшыларының қатысуымен «Жаз-2024» балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Аппарат жиналысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәселеге қатысты: «Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру – маңызды іс-шаралардың бірі. Балалардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, жазғы демалысты өткізу мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл бағытта қажетті әдістемелер әзірленіп жатыр, осы бойынша ата-аналарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Сондықтан әріптестер балаларды қорғау шараларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейтуге тиіс. Жауапты мамандарға тиісті әдістемелік құралдар мен алгоритмдер жолданды», деді. Министрдің айтуынша, Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру орталығы департаменті Білім басқармаларымен бірлесіп оқушылардың жазғы демалысын өткізу бойынша жергілікті штабта демалыс орнындарының дайындығын пысықтауға міндетті.
«Екіншіден, оқушылардың демалысы сапалы және қауіпсіз жағдайда, жоғары деңгейде ұйымдастырылуға тиіс. Жазғы демалыс кезінде еңбекпен қамтылатын балаларға арналған әдістемелік нұсқаулықтар басшылыққа алынсын. Еңбек етуге ынталы оқушылардың базасы әзірленсін. «Жаздық жолдама» ауыл балаларына арналған жоба аясында демалатын 20 мың баланың сауықтыру кестелері пысықталсын. Ал балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда білім басқармаларының басшыларына жеке жауапкершілік жүктеймін», деді министр Ғ.Бейсембаев.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жазда барлығы 3,1 млн баланы, яғни оқушылардың 88,2%-ын демалыспен қамту жоспарланып отыр. Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова: «Бүгінгі таңда 11 мыңнан аса лагерь балаларды қабылдауға әзір тұр. Балалар мен олардың ата-аналары үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпарат қамтылған «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті дайындалды. Сонымен қатар өңірлерде жаңадан 5 сауықтыру орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, 2026 жылға дейін 50 жаңа орталық пайдалануға беріледі», деді.
Аталған министрлік Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп заңнамалық нормаларды, бағдарламаларды, сондай-ақ мониторинг пен бақылауды қамтитын іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған қоса биыл бірінші рет лагерьлер үшін бірыңғай талаптар әзірленді, қосымша білім беру саласындағы еріктілер мен педагогтер жұмысқа тартылды, лагерьлерді қабылдау мен нұсқама өткізудің республикалық мониторингі құрылды. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдары бекіткен балаларды сауықтыру орталықтарының тізілімі жолданды.