Фото: dknews.kz
Мемлекет басшысы 2022 жылы облысқа келген сапарында облыс әкіміне үш жыл ішінде апатты 15 көпірге күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді, сонымен қатар Балқаш көліне дейінгі автомобиль жолдарын жөндеу жұмысын аяқтауды тапсырған еді.
«Былтыр облыстық маңызы бар автожолдардың бойына орналасқан 5 көпірге күрделі жөндеу жұмысы басталып, 2 көпір пайдалануға берілсе, 3-еуі биыл қолданысқа беріледі. 10 көпірдің құжатына қайта түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.
Сол сапарында Мемлекет басшысы облыстың туристік кластерін дамыту мақсатында іске асырылатын Балқаш көлінің жағасына апаратын 137 шақырым автожолды қайта жаңарту жұмысына да назар аударған. «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының құрылысын «Жол» ЖШС, «Лепсі – Балқаш көлі» автожолының құрылысын «Қазстройцентр» ЖШС жүргізіп жатыр. Бүгінде асфальт-бетон жабынын төсеу толығымен аяқталып, жол бойын абаттандыру жұмысы басталды. Биылғы шомылу маусымына дейін жол құрылысы толығымен аяқталады деп күтіліп отыр.
Автожолдарды қысқы күтіп ұстау да – өзекті мәселе. Былтыр жергілікті бюджеттен қомақты қаржы қарастырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті 8 мекеме, 84 мердігер ұйым жұмыс атқарды. Облыстың маршруттық желісі 72 автобус бағытын қамтиды. Оған 18 тасымалдаушы, 330 жылжымалы құрам қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 31 әлеуметтік маңызы бар қатынас тиесілі. Олардың бәрі жергілікті кәсіпкерлік нысандары арқылы жүзеге асады.
Осы тұста қоғамдық көлікте көпбалалы аналарға жеңілдік берілгенін, студенттер мен оқушылардың облыс орталығының қалаішілік бағыттарында тегін жол жүретінін де айта кетейік. Көру және есту қабілеті бұзылған I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға, ауған-тәжік соғысының және Таулы Қарабақ соғысының ардагерлеріне өткен жылы 600 тегін жол жүру билеті үлестірілсе, биыл 735 билет ұсынылды. Бұл да отандық кәсіпкерлердің тұрғындарға көрсеткен үлкен қолдауы. «Алматы – Үшарал – Алматы», «Астана – Үшарал – Астана», «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағытындағы әуе жолдарында «Скат», «Қазақ Эйр» сияқты отандық компаниялар жолаушыларды тасымалдайды.
Былтырдан бері «Мойынты – Достық» теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталды. Облыс аумағынан өтетін учаскенің ұзындығы – 451 шақырым. Инвестиция көлемі 293 млрд теңгені құрайды. Осы жобаның құрылыс жұмысын отандық компаниялар атқарса, жұмысшылары – жергілікті тұрғындар. Пайдалануға берілген соң да жерлестеріміз жұмысқа орналаспақ.
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратынша, облыстық маңызы бар автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмысына «ЖОЛ» ЖШС, «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС, «Алакөл жолдары» ЖШС, «Талдықорған жолдары» ЖШС, «Қазқұрылысорталығы» ЖШС, «Гордорстрой» ЖШС және басқа да жергілікті компаниялар атсалысады. Жол құрылысына отандық кәсіпорындар өндірген материалдар қолданылады.
«Мердігер ұйымдардың орындайтын жұмыс сапасын бақылау басқарма, мердігер мекеме, техникалық қадағалау, авторлық бақылау және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының қатысуымен жүзеге асады. Өткен жылдан бастап орташа жөндеу жұмысына техникалық қадағалау ұйымдары қатыстырылды. Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелердің техникалық құжаттамасы Ұлттық сапа жол активтері орталығы арқылы тексерістен өтіп, ведомстволық сараптаманың қорытындысын алады. Бұл өз кезегінде жобаның негізсіз қымбаттауының жолын кеседі», дейді Ғ.Дәрібаев
Жетісу облысы