Аймақтар • 16 Мамыр, 2024

Жалынды жылдар жаңғырығы

179 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қай қала, қандай аудан орталығына барсаңыз да, Жеңіс саябағы бар. Қанқұйлы соғыста қан төккен, жандарын қиған, тылда күндіз-түні бел шешпей еңбек еткен аға ұрпаққа деген кейінгілердің ұлы құрметінің белгісі бұл. Мұндай саябақ Сәтбаев қаласында да бар.

Жалынды жылдар жаңғырығы

Осыдан бірер жыл бұрын саябақ түбегейлі жаңартылды. Ескірген, күтім­сіздікке ұшыраған ағаштар оталды. Алаңы кеңейтілді. Балалар алаңдары салынды. Субұрқақ орнатылды. Яғни халықтың демалысына барынша қолайлы жағдай жасалды. Бірақ ең бастысы бұл да емес. Бұл саябақты аралаған кісі  Жеңіске қазақтың, ел азаматтарының қосқан үлесінен мол мағлұмат алып шығады. Қалай?

Бұрын мұнда «Батыр қалалардың» атаулары жазылған бір-бір тақтайша орнатылған тұғырлар тұратын. Қазір сол тұғырларға басқаша тақтайшалар қойылды. Әрине, мұндағы жазулар да  өзгертілді. Мысалы, «Екінші дүниежүзілік соғысқа  Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам қатысты, соның 601 мыңы туған жерге қайта оралған жоқ. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар,  4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 5-ке жуық жеке полк, батальондар жасақталды» деген тақтайшадағы  жазуды оқыған адам  соғысқа еліміздің әскери тұрғыдан қаншалықты үлес қосқанына назар аударады. «Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасынынан құйылды. Жезқазған-Қарсақбайдың  мысы,  Қоңыраттың молибдені, Жездінің марганеці  майданды  қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың басшылығымен небәрі 38 күнде Жезді марганец  кеніші іске қосылды» деген жазу Жеңіске қосқан үлесімізді одан әрі нықтап, нығарлай түсетіні сөзсіз. Бірнеше тақтайшалар еліміздің ұл-қыздарының ерлік жолдарынан сыр шертеді. Егер бір тақтайшада «Қазақстандық генерал Иван Васильевич Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясы ерліктің ғаламат үлгісін танытты. Мәскеуді  қорғау кезіндегі  28 панфиловшы-жауынгердің ерлігі әлемге аңыз болып тарады» деп жазылса, келесідегі жазудан  «Даңқты  панфиловшы Бауыржан Момышұлы туралы  жазушы Александр Бек 1942-1944 жылдары «Арпалыс»  кітабын жазды. Кітаптың алғашқы үзінділері «Знамя» журналында 1943 жылы жарияланды. Жауынгерлер  жаумен шайқаса жүріп, бұл кітапты қолдан-қолға тигізбей оқыды. Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы 1990 жылы қайтыс болған соң ғана берілді» деген жолдарды оқисыз. 

Ал тағы бір тақтайшаға жазылған «Соғыстағы ерлігі үшін 520 қазақстандық, соның ішінде 100 қазақ жауынгері  Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Иван Павлов  бұл атақты екі мәрте иеленді. Жезқазған-Ұлытау өңірінен 5 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Олар: Николай Колбасов, Николай Григорьев, Анатолий Живов, Аркадий Зенковский, Федор Иванишко» деген жазу елімізден және жергілікті жерден шыққан батырлар туралы дерек көрсетуімен  құнды.

Сонымен қатар «Ел басына күн туған сындарлы шақта  Отан қорғаудан қазақ қыздары да тартынып қалған жоқ. Олардың арасынан Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова  300 рет әуе шайқасына қатысты. 2004 жылы Хиуаз Доспановаға Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы берілді» деген арнайы жазу қазақтың жігіттері ғана емес, қыздарының да батырлығын әйгілеп тұр.

Жеңісті Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев сынды ағаларсыз елестету мүмкін емес. Ол кісілердің ерлігі де саябақтағы тақтайшаларға   «Партизан барлаушы Қасым Қайсеновті әріптестері «Вася» деп атайтын. Барлаушы болғандықтан ол соғысқа «Булатов Василий Михайлович» деген  құжатпен жіберілген. Ерліктің ерен үлгісін танытқан Қасым Қайсенов КСРО-ның көптеген орден, медальдарымен марапатталды. 1995 жылғы 9 мамырда «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы берілді. Украинаның Карпат тауының ұшар биігінде оның ерлігін дәріптейтін ескерткіш орнатылған» және  «Қазақ жауынгері Рахымжан Қошқарбаев 1945 жылғы 30 сәуірде, 14 сағат 25 минутта Рейхстаг төбесіне Жеңіс жалауын қадады. 1999 жылы Рахымжан Қошқарбаевқа «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы берілді» деген жазулар арқылы  бедерленген.

Соғыс уақытында Ж.Жабаевтың «Ленин­град­тық өренім» толғауы қоршау­да қалған қаланың тұрғындарына, қаланы жаудан азат ету үшін  арпалысып жатқан жауынгерлерге қандай керемет рух бергені туралы талай рет айтылып, жазылды. Саябақтағы бір тақтайшада «Қазақ ақыны Жамбыл Жабаев 1941 жылы қыркүйек айында «Ленинградтық өренім» өлеңін жазды. Өлең қала көшелеріне плакат болып  ілінді, қаланың әрбір тұрғынына, жауынгерлерге таратылды. Құрсауда қалған ленинградтықтарға жүз жастағы Жамбылдың арнау жыры күш-қуат, қайрат-жігер  берді» деп жазылған. Сол арқылы ақынның өзіне де, өлеңіне де  лайықты құрмет көрсетілген.

Қазақ халқының майдандағы көзсіз батырлығын досы түгілі дұшпаны мойын­дағанын атақты жазушы, публицист Илья Эренбург 1942 жылғы 18 қазан­дағы «Красная Звезда» газетіндегі «Қазақтар» деп аталатын очеркінде әйгілеген болатын. Сол очерктен алынған «Маған бір фриц: «Біздің қарсыластарымыз ештеңеден тайсалмайтын, қорқып-үркуді білмейтін  жауынгерлер болып шықты. Оларды ешқандай оқ тоқтата алмады. Біз адамдар осыншама  батыр, өжет болады деп ойламаған едік.  Сөйтсек, олар қазақтар екен. Бұрын мұндай халықтың бар екенін білмеген де едім», деді» деген жолдар да бір тақтайшадан орын алған.

«Жеңіс маршалы» атанған Георгий Константинович Жуковтың «Есімдегілер» кітабындағы «1945 жылғы 29 сәуірде Берлиндегі Рейхстагтан кейінгі маңызды нысан Ратуша үшін кескілескен шайқас болды. Ратушаға  бірінші болып 225-атқыштар дивизиясынан лейтенант Кенжебай Мәденовтің  взводы енді» деген сүйіспеншілікпен жазған естелігінің тарихи дерек ретінде арнайы бір тақтайшаға жазылып қойылғанына қалайша сүйсінбеске!

Мұндағы тақтайшалардан жергілікті аймақтың, өңірдің де соғысқа қосқан үлесі туралы  жақсы мәліметтер берілгені байқалады. Мысалы, «Соғыс уақытында ерен еңбектің үлесін танытқан Жезқазған-Қарсақбай кеншілері КСРО Мемлекет­тік қорғаныс комитетінің Ауыспалы Қызыл туын 16 рет жеңіп алды. Бұл ту  кейін Жезқазған тау-кен комбинатына  мәңгілік сақтауға қалдырылды» немесе «Екінші дүниежүзілік соғысқа Жезқазған-Ұлытау өңірінен 15 мыңға жуық адам қатысты, соның 10 мыңнан астамы туған жеріне қайтып оралмаған, 8 343-і із-түссіз жоғалып кеткен. Сәтбаев қаласының 2 мыңға жуық тыл ардагері Жеңіске жетуге өз үлестерін қосты. Жерлестеріміз Жақсымбек Үншібаев, Виктор Константинович Курьятов «Даңқ» орденінің толық иегерлері атанды. Бұл азаматтар – Сәтбаев қаласының мақтаныш­тары, оларға қаланың «Құрметті азаматы» атағы берілген. Қаладағы екі көше қос батырдың есімдерімен аталады» деген  жазулар әсіресе, қалаға сырттан келген қонақтар үшін өңірдің, қаланың  тарихынан сәл де болса мәлімет алып кетуіне оң әсерін тигізетіні анық.

Соғыстың оты өшіп, бейбітшіліктің таңы атқалы сексен жылға жуықтады. Бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақ бейбіт өмірдің қаді­рін білуге, ұғуға тиіс. Бұл ретте жауынгер-публицист Баубек Бұлқышевтің «Кейін­гі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жандарсыңдыр! Сендер соғыс дегенді білмей өтетін боласыңдар. Біз жастығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік. Сендер бейбіт өмірде  бақытты ғұмыр сүретін боласыңдар!» деген сөзі аға ұрпақтың кейінге қалдырып кеткен өсиет-аманаты деп түсінген абзал. Б.Бұлқышевтің осы сөзі де саябақтағы тұғырларға орнатылған тақтайшалардың бірінде жазулы тұр.

Сәтбаев қаласында Қазақстан Жазу­шылар одағының  мүшесі, ақын Мұса Тілеуов есімді ақсақал тұрады. Ақын ақсақалдың тақтайшалардың біріне қашалып жазылған:

«Азат күн, ұлы Жеңіс көксегені,

Әрқайсы бір-бір құрыш семсер еді.

Ел үшін құрбан болған қыршындардың,

Үркердей биікте тұр еңселері.

Аманат  өшпес даңқы ұланыма,

Ұлы ерлік, ұлы Жеңіс ұранымда.

Ынтымақ, ырыс қонып ұлысымды,

Бөлей бер, бейбіт күннің шуағына», деген өлең жолдары бүгінгі баршамыздың  ой-ниетіміз, арман-тілегіміз іспетті.

Бұл тақтайшалар қалай орнатылды? Бастама қайдан шықты? Міне, осындай сұрақты қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы Өтеш Ахметовке қойған едік.

– Соғыс шарпымаған ел жоқ, күйзелмеген шаңырақ жоқ. Сондықтан осы саябақ жаңартылатын кезде, қалалық Ақсақалдар алқасы мен қаладағы мәдениет, өнер адамдарының басын біріктіретін «Шындық»  қоғамдық бір­лестігінің мүшелері өзара ақыл­даса отырып, сол кездегі қала басшы­лығына саябақтың тұжырымдамасын өзгерту туралы ұсыныс жасадық. Ұсыныс қолдау тапты. Еліміздегі кез келген Жеңіс саябағы сол  Жеңіске өзіміздің қосқан үлесімізді, ерлігімізді көрсетіп тұру керек. Бұл орайда біздің қаладағы Жеңіс саябағын еліміздің ерлігін ерекшелеген  саябақ десек артығы болмайды, – деді ағамыз.

Шынында да, тақтайшадағы жазулар «Жеңіс біздікі!» деп тұрғандай.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы