Таным • 15 Мамыр, 2024

Екі қоғам, үш мысал

303 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеңес заманы адамды аяу дегенді білмеді, тарихтың дүрбелең тартысына салып, қатал сындардан өткізе отырып, адам тағдырын ойыншық етті.

Академик Серік Қирабаев

Екі қоғам, үш мысал

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай Голливудтың соғыстың дауылды жылдарын арқау еткен «Спасение рядового Райана» атты тамаша фильмі экрандарға шыққаны жұрттың есінде болар...

Көрерменнің жүрегін шымырлатып, алуан түрлі ой салған бұл фильм бес мәрте Оскар сыйлығын алғанын есті­ген­біз. Фильмнің бұлайша қалың елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, сонша­лық­ты әсерлі шығуы – оның сценарийінің жалаң қиялдан өрілмей, өмірде нақты болған оқиғаны негіз етіп алғанынан дейді мамандар. Расында, адамзат баласына деген ізгі махаббат, достыққа адал ниет, ұлағатты гуманизм рухында түсірілген бұл фильм қандай да бір мықты марапат пен мақтауға лайық шығарма екені даусыз!

Жалпы, фильмнің қысқаша мазмұны мынаған саяды.

Соғыс жылдарында көнторғай тірлік кешкен америкалық қарапайым отбасыдан ағайынды төрт жігіт қатарымен әскерге шақырылыпты. Сол төртеудің алғашқы үшеуі майдан даласында қаза табады.

Қаза болған солдаттардың бәріне «қаралы қағаз» толтырып жатқан маши­нистка қыз үш бірдей баласынан ай­рылған әлдебір кейуанаға өзінің үш мәрте хат жазғанын байқап қалады. Қайыра тексеріп жіберсе – расында үшеуі де бір шаңырақтың түлектері, аймүйіз ағайынды жандар болып шы­ға­ды.

Машинистка сирек кездесетін бұл жағдайды өзінің тікелей сержант басты­ғына жеткізеді. Сержант – кіші офицерге, кіші офицер үлкеніне, үлкені барып генералға, генерал одан жоғарыға баян етеді. Алдымен арыстай үш ұлының қазасын анасына қалай жеткізу жөнінде ақыл­дасады. Үш бірдей айбозынан ай­рыл­ған ана жүрегі зілбатпан мұндай сал­мақты көтере алар ма екен?

Соңынан ананың төртінші ұлы – кенже баласы бары, ол да ағалары сияқты майданда жүргені анықталады.

Мұны естіген қолбасшы дереу кенже ұлды майданнан алып, аман-есенінде үйіне қайтару жайында бұйрық береді. Сөйтіп бір бөлімше – оншақты солдат артынып-тартынып кенже ұл Райанды іздеуге шығады. Асты-үстіне шыққан майдан даласы, өртенген үйлер, шаңы бұрқырап қираған көше, әйтеуір соғыса жүріп, көп қиындықтармен бөлімше өрімтал кенже ұлды ақыры табады ғой.

Фильмнің финалында жалғыз жауын­герді іздеп шыққан әлгі бөлімше жаумен айқаса жүріп, түгелдей қазаға ұшы­райды. Өздері қаза болса да кенже ұл­дың аман-есен еліне қайтуына олар бар мүмкіндікті жасап кетеді.

Фильмнің негізгі оқиға желісі осындай қиян-кескі соғыс жағдайында, кенже ұлды іздеу төңірегінде өрбиді.

Біздің айтайын дегеніміз – оқырманға фильмнің мазмұнын тәптіштеп баяндау емес. Мәселе – өзіміз бастан кешкен коммунистік қоғамның соншалықты тасбауыр, қатыгездігін бірер мысалмен салыстыра қарап, жетелі жұртқа ой тас­тауда болмақ.

* * *

Анау бір жылдары «Шындығатай» атты жолжазбамызда біз Катонқарағай ауданында орын алған, осы Райанға ұқсас бір ахуалды жазғанымыз бар.

Аудан орталығының іргесіндегі Қабырға дейтін ауылдың иығында Социалистік Еңбек Ері, шежіреші қария Бошай Кітапбаевтың пәрменімен орнатылған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған обелиск жарқырап әлі тұр. Оның мәрмәр тақтасына аудан бойынша қаза болғандардың қалың тізімі ойып жазылған. Сол тізімнің орта тұсында Қабырғадан шыққан ағайынды төрт азаматтың аты да жазылыпты:

Тұмарбаев Қалым,

Тұмарбаев Қабанбай,

Тұмарбаев Түсіп,

Тұмарбаев Құсайын.

Мінеки, бір түтіннен төрт бірдей азамат майданнан қайтпай қалыпты.

Осылайша, бір отбасының шаңырағы опырылып ортасына түсіпті.

Осылайша, үлкен бір әулеттің тұқымы мынау жалғаннан жалғасын таба алмай, мәңгіге үзіліп кетіпті.

Мәрмәр тақтадағы бұл тізімді көрген Ғафу Қайыр­беков ағамыз «Қа­зақ­­тың қасіре­тінің өлшеміндей, қайт­пап­ты төрт баласы Тұмар­байдың» деп егіле отырып өлең жазған екен.

Осыны ойлағанда «Апырмай» деп қа­радай опынады екен­сің... Анау атасы бө­тен шетел секілді, біздің қолбасшылар да қазақ­тың бір кенже баласын неге үйі­не қайтармады екен?

* * *

Кеңес заманында Расул Ғамзатовтың сөзіне жазылған Ян Френкельдің «Журавли» дейтін әнін бәрі білуші еді.

Бұл ән көнеден жеткен көмбелі хикая іспетті алабөтен шығарма, дара туынды, жүрек қылын шерткен нәзік лирика. Тыңдаған жанды ешқашан бейжай қалдырмайтын, көзге шым-шымдап жас үйіретін асқақ рухты, шабытты, серпінді ән-реквием. Ең ғажабы – бұл ән өмірде нақты болған оқиға желісінде жазылыпты.

1963 жылы Солтүстік Осетияның тау баурайындағы бір ауылда соғыс құбандарына ескерткіш орнатылады. Ескерткіште ұшып бара жатқан жеті құс пен оның түбінде қайғыға батқан қартаң Ана бейнеленеді. Бұл – майданда жеті бірдей азаматынан айрылған Газдановтар әулетіне арналған өксікті барқын болатын.

Иә, шындығы да солай екен... Осы ауылдан шыққан Газдановтардың арыс­тандай жеті ұлы – Магомед, Махарбек, Қажысымал, Хасанбек, Жарамет, Созыр­ке, Шәміл – бәрі де майдан даласынан қайтпай қалыпты.

Алдымен майданға аттан­ған үлкен ұл –  1941 жылы Мәскеу түбінде қаза табады.

Екінші ұл Севастополь қаласын қорғау кезінде 1942 жылы оққа ұшады.

Үшінші ұлдың да қаза болған хабарын естіген сәтте ауылдағы анасы қайғыдан қайысып, ақыры дүние салады.

Қалған үш ұл да, бірі – Новороссийс­кіде, екіншісі – Киев түбінде, үшіншісі Белоруссия ормандарында қаза табады.

Әскерге екі жыл бұрын ғана шақы­рылған Газданов­тың жетінші ұлы – жиырмаға жаңа толған көгенкөз кенже бала екен. Ол соғыс аяқталып қалған шақта, 1945 жылдың көктемінде Берлин үшін ұрыста оққа ұшады.

Осы соңғы жетінші ұлдан «қаралы қағаз» келгенде, ауыл поштабайы оны әкейге апаруға дәті шыдамайды. Бұл жағдай тау баурайындағы шағын ауыл үшін атан түйенің белі кетердей ауыр қасірет еді. Ет пен сүйектен жаралған пенде баласы ондай қамырықты қайғыны қалай көтермек? Амал жоқ, қаза қан­ша­лықты қапалы болса да хабарды жа­сырып қала алмайды ғой, бәрібір әке­сіне естірту міндет. Сол үшін ауыл ақсақалдары жиналып, мәслихат құрады. Сөйтіп, ертеңінде күн шыға беттің арын белбеуге түйіп, Газдановтардың үйіне қарай тобымен жылжиды ғой.

Бұл кезде Газданов-әкейдің алты бозда­ғынан бірдей айрылып, оған қоса бәйбішесін де жер қойнына тапсырып, қайғыдан қамығып, ойдан торығып жүрген шағы ғой... Соның өзінде ол тағдырдың тәлкегіне мойынсынбай, қо­лындағы жалғыз немере қызын медет еткен қаражон мықты кісі болыпты. Ауылдың ақсақалдары мен қарасақалдары үйді бетке алған кезде ол кішкентай неме­ресін ойнатып, есік алдындағы сәкіде жайбарақат отырады. Өзіне келе жатқан топты көрген бетте, опасыз жалған-ай десеңші, әкейдің онсыз да күпті жүрегі бәрін сезіп қойыпты. Сол отырған же­рінде тілге келмей, жүрегі жарылып өліп кетіпті.

Адамның басына салмас шерлі әңгі­менің ұзын-ырғасы осы!

Ел аузындағы аңыз­­ға қарағанда, аға­йын­ды Газда­нов­тар­ға ор­натылған ескерт­кішті сол жылдары Расул Ғамзатов келіп көріп, қайғы мен мұңға толы әлгі оқиғаны естіп, қатты тебіренсе керек. Соның әсерімен күңірене отырып, қала­мын қанға малғандай күй кешіп, «Журавли» дейтін өлең­ді жазыпты.

Іле Расул ақынның шандоз жетеуге ар­налған бұл өлеңі Наум Гребневтің орыс тілін­дегі аудармасымен «Новый мир» журналында басылады. Соңынан ол журнал әйгілі әнші Марк Бернестің көзіне түседі. Бернестің өзі де соғыстың не екенін жақсы білетін, оның тауқыметі мен азабын бір кісідей тартқан жан екен. Ол өзіне соншалықты ұнаған Расулдың әлгі өлеңіне ән жазып беруді өтініп, сырлас досы, композитор Ян Френкельге ұсыныспен шығады.

Арада екі ай өткен соң әннің алғашқы нұсқасы дайын болғанын айтып, Френ­кель Бернеске хабар береді. Бернес ауы­рып жүрсе де өзге шаруаның бәрін тас­тап, дереу композитордың үйіне же­теді.

Жалпы, Бернес мінезі қатты, күйреуік сезімге, аяушылық ахуалға беріле қоя­тындай адамдар сойынан емес екен. Бірақ тыңдаған жанның көкейінде бүр жарғызған Френкельдің тұңғиық лирикасы – Расулдың жүрек қылын шерткендей алаулы сөздерімен ұласа мәйектелгенін ұғады. Ол соның алдында жеті азаматтың қаза болған оқиғасын да естіген екен. Сондықтан да өзінің іштей көксеген ойы мен образдың тұтаса шыққанын барша жан-тәнімен сезінеді. Әннің алғашқы нобайын Френкельдің айтуымен тыңдап отырған сәтте Бернес егіліп тұрып жылап жіберіпті.

Өкпесі қабынып, жазылмас жаман дертке ұшырған Бернес өмірінің тым аз қалғанын біледі екен. Сосын да ол бұл ән өзінің ақырғы демі, елімен қоштасу сазы боларын сезіп, достарын асықтыра түседі. Өзі де мазасыз толқу үстінде осы әнді жазуға дайындалады. Бұл кезде әншінің қуаты мүлдем әлсіреп, әзер қозғалатын жағдайда екен. Солай бола тұра, баласы оны қолтығынан сүйемелдеп, 1969 жылдың 8 шілдесінде музыка жазатын студияға алып барады.

Арқаны кеңге салып асықпай жүретін бұрынғыдай уақыт жоқ, өмір құрғыры сағаттың сыртылындай өлшеулі боп қалды, қайталап айтуға да, өңдеуге де шама келмейді. Сондықтан Бернес әнді жалғыз дубльмен жаздырып шығады.

Қазіргі теледидар мен әлеуметтік желіде Бернес айтып жүрген «Журавли» әні сол кезде жазылып алынып қалған жалғыз нұсқа екен.

Арада небәрі бір ай өткен­де – сол жылдың 16 тамы­­зында Бернес дүниеден өтеді. Жиналған жұрт сүйікті әншісін өзі айтқан осы соңғы әнімен ақырғы сапарына шығарып салады.

Кейінгі жылдары «Журав­лиді» біраз әншілер репертуарларына қосып, ел ішіне кеңінен таратып жібереді. Алайда барша бояуымен, нақышына келтіріп Марк Бернес шырқаған алғашқы нұсқасы кейінгі әншілерге эталон болып қалса керек.

Қазір де патриоттық алуан іс-шара кезінде бұл ән шарықтай қалса – жұрт қол шапалақтап, орындарынан тұрып құрмет көрсететіндеріне өзіміз де куә болғанбыз.                

* * *

Біз тілге тиек етіп отырған, өзекті өртегендей өкінішті осы үш жағдай да өмірде болған оқиғалар екенін жоғарыда оқырманға ескерттік.

Пенде болған соң – «анау америка­лық­тар секілді соңғы екі жағдайда біздің елде де кенже ұлдарды өбектеп аман алып қалса ғой шіркін» деп қиялдайды екенсің. Амал қанша, олай болмапты! Кеңестің керзі етікті кеңкелес идеологиясы үстемдік құрған біздің қоғамда ондай кісілік ойдың бірде-бір азаматтың басына келмегеніне қынжыласың да қоясың!

 

Әлібек АСҚАРОВ,

жазушы