Таным • 16 Мамыр, 2024

Қазақ есімдері: астарлы ақиқат

173 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Есім – адамды атайтын тілдік құрал. Күнделікті өмірде оны жеке иесінен гөрі, сырттайғы адам көбірек қолданады. Психологиялық басымдыққа ие, сондықтан «жақсы есім – жан тынысы» десек қателік болмайды. Жақсы есімді айтқанда айтушы да, тыңдаушы (есім иесі) да сүйсінеді. «Жақсы» десе жан семіреді» демекші, тілде жақсы есімнің бар болуының өзі адамға сүйініш сыйлайды.

Қазақ есімдері: астарлы ақиқат

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Есімде де мінез бар

Қазіргі қолданыста ортамызға қайта оралған немесе қайта жаңғырған Ахмет, Әлихан, Әли, Әмір, Алдияр, Ерасыл, Мағжан, Мирас, Нұрасыл, Рамазан, Сан­жар; Айару, Айзере, Ақнұр, т.б. секілді есімдер жеке адамдардың ғана емес, барша көпшіліктің көңілінен шығып әрі тарихымызды қайта жаңғыртқаны белгілі. Мұндай есімдер тілімізде көптеп саналады, олар халқымыздың ғасырлар бойғы ат қою шығармашылығының, көркемдік ізденістерінің нәтижесі. Сондықтан есім жеке адам үшін де, қоғам үшін де өте маңызды.

Осы орайда екі мәселе өзіне арнайы назар аудартады: бірі – есімдер пси­хологиясы, екіншісі – есімдер құ­қығы. «Есімдер психологиясы» деп қо­ғамдағы психологиялық жағдайлардың кейбір кісі аттарының пайда болуына ықпалын, есімнің мағынасындағы психологиялық ақпараттарды айтамыз. Мысалы, бала тоқтамағанда қойылған Итбай, Итемген, Сасықбай, Ошақбай, Та­уыпалды, Сатыпалды, Тоқтар, Тұ­рар, Амандық секілді көптеген есім­ ат қоюшының ғана емес, бүтін бір әулеттің көңіл күйі тұрғаны анық, екін­­шіден, есімдер мағынасынан осы психологиялық жағдайдың (сұрау, тілеу) сапалық даму эволюциясы көрінеді. Яғни ат қою дәстүрін сақтай отырып, жаңа сапалы есімдер қойыла бастады. Дүниеге келген сәбидің аман қалуы – аталған есімдердің барлығына ортақ тілек (мағына), алайда Итбай мен Тұрар немесе т.б. мәдени сапасы бір-бірінен алшақ. Есім мағынасы тұтынушы мен қолданушыға түрлі (жақсы, жаман, бейтарап) әсер береді. Қазіргі зерттеушілер есімдерді психологиялық жағынан бір­неше топқа бөліп қарастырады, олар­дың қатарына дәстүрлі есімдер, сән-есім­дер, патриоттық есімдер, ерекше есімдер, ақылға қонымсыз есімдер, т.б. жа­тады. Бұл есімдер өз мағынасымен қатар, ат қоюшының ойлау қабілеті мен эмоциялық күйінен де ақпараттар береді. Қоғамда болып жатқан өзгерістің барлығы есімдер мағынасынан орын алады, өйткені адамның психологиясына көбірек әсер еткен немесе ойында тұрған арман-тілек ат қояр кезде тілге алдымен оралады. Қазіргі кезде қойылып жатқан есімдердің мағынасынан ұлттың өзіне оралуы, яғни тарихын тануы; сырт­қы ықпалға еліктеуі, шығармашылық ізденістері көрініс тапқан. Бұның барлығы ертеден бар, әлемнің басқа елдерінде де бар психологиялық құбылыс.

Ат қоюдың өзі адамның өмірге ке­луімен тікелей байланысты. Ол жаңалық жақын жандарды түрлі эмоцияға толы әсерге бөлейді, екіншіден сәбиге ат қою міндетін жүктейді. Әлем елдерінің басым көпшілігінде, дүние есігін ашқан жаңа адамға ұзаққа созбай есім беру дәстүрі орныққан. Сондықтан көп жағдайда эмоциялық күйден айықпай жатып есім ойлап табуға немесе таңдауға тура келеді. Ерекше, ақылға қонымсыз есімдердің пайда болуы осындайдан туындайтын секілді, ол түрлі жағдайда көрініс бе­реді. Мысалы, адамның эмоциялық жағдайында, белгілі бір тұлғаға деген құрметі жағдайында, қоғамдық көзқарастың ықпалы жағ­дайында, т.б. Ондай есімдер төл сөздерден, кірме есімдерден болуы мүмкін. Кірме есім­дердің енуі, белгілі бір уақытта, әлеу­меттік топтар арасында белсенділікке ие болуы бұрын да болған, болашақта да бола бермек.

Әріге бармай-ақ ХХ ғасырдың басынан бергі тарихымызға үңілсек, қоғамда болған саяси, мәдени, экономикалық, технологиялық өзгерістің барлығы кісі есімдерінің құрамынан орын алған екен. Адгонбай, Армия, Большевик, Буденный, Бригад, Бюллетень, Водокачка, Виссарион, Артек, Березняк, Архимед, Байрон, Берлин, Газет, Гелий, Дыты, Жандарал, Жанполь, Искра, Ленмар, Маркс, Медаль, Мотор, Мытыс, Облысбек, Поручик, Рабфак, Салют, Самолет, Союз, Сталин, Фронтбек, Целина, Шо­фер, Электрификация, Экскаватор – сол кезеңде өмірге келген сәбилерге қойылған есімдер. Тізімді әрі қарай соза беруге болады, алайда сол кездегі көптеген жағдайды еске алуға осының өзі жеткілікті. Бұл есімдердің шығу уәждері мен мағынасында адамдардың сол жү­йеге, соның элементтеріне деген сенімі, келер күнге деген үміті көрініс береді. Біртұтас алып қарағанда, мұнда социализм дәуіріндегі қоғамдық көзқарастың картинасы бейнеленген.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде де сырттан енген есімдер саны саябырлаған жоқ. Әлем елдерімен арадағы байланыс, ақпараттар тасқыны қоғамдық санаға екінші жағынан әсер етті. Түрлі бағыттағы ақпарат пен шетелдік фильмдердің қо­ғамдық санаға ықпалы соның бір көрінісі еді. Қазақ есімдерінің арасына сыналап кіре бастаған Моника, Круз, Том, Анжелика, Джорж, т.б. сол ақ­параттар тасқынының нәтижесі. Елі­міз­дің аймақтарында Саддам, Бен Ла­ден, Буш, Билклинтонбек секілді көшбасшылардың есімдері де байқалып қалды. Қоғамдық пікір мен көзқарастар жеке адамдарға ықпал етпей тұрмайды, сонымен қатар ат қоярдағы жеке адам эмо­циясы да үнемі құрықтауға көне бер­мейді. Есімдер психологиясы дегенде мынандай екі мәселе айтылады: бірі – есімдердің өзін тұтынушыға әсері, екіншісі – қоғамдық көзқарастардың есімдерге ықпалы.

Ілгерідегі есімдермен аталған сәбилер достарының ортасында өзін қалай сезінеді? Оның тосын есімін қоғам қалай қабылдайды? Ұлттық дәстүр, ментали­тет, діл мен танымға жат есімдердің тілге үйлесуі мен үйлесімі қалай жүзеге асады? Әсіресе кісі есімі адамның діні мен діліне сәйкестікті қажет етеді. Өткен тарихымызға тағы бір көз жіберсек, сырт­тан енген есімдердің дені араб пен парсы тілдерінен екен. Кеңес заманында сол тұтастыққа үлкен сызат түсті. Ал енді дініміз еркіндік алып, жұртшылық оның ұлттық ерекшелігімізбен сабақтас дәстүрлеріне ден қоя бастағанда, Алла­ның есімін айтып, азан шақырып тұрып, діні бөлек қауымның есімін қою кө­рініс бере бастады. Ал адам дүниеден өткен сәт ше. Оған осы есімімен жаназа оқы­ла ма, аруаққа бағыштап құран оқығанда Иванға немесе Иванұлы Бәленбайға деп бағыштау қаншалықты көңілге қонымды? (Әсіре­дін­шілдіктен туған, қазақ есім деуге келмейтін жаңа тұрпатты есімдер өз алдына жеке әңгіме).

Кісі есімдерінің құрамы уақыт талабымен бірге өзгеріп, жаңғырып отырады. Сондықтан ілгеріде аталған есімдер жекелеген адамдарға қойылғанмен, сөз­дік қорда сақталып қалмауы да мүмкін. Екіншіден, кірме есімдердің тілімізге енуі мен тұрақтап қалу тарихында белгілі бір шарттар бар. Тілдің заңдарына сәйкес бейімделу, діни сенім мен ұлттық дәстүр бірлігі, ұлттық мүдде мен қоғамдық көз­қарас уәжінің сәйкестігі т.б. осы шарт­тардың құрамды бөлігі. Қазақ есімдерінің қазіргі жағдайында осы шарттардың тұтастығы мен беріктігі аса маңызды. Бұл мәселе алдағы күндерде өз шешімін табатыны рас, алайда қалай табады: ұлттық есімдер өзінің тұтастығын сақтап, мағынасы жат есімдерді ығыстырып шығара ма, әлде қорғанысы сетінеп, «кім болса сол» кіріп шыға беретін ала-шұ­бар тізімге айнала ма? Қоғамда есім­­сіз адам болмайды және осы есім­дердің тұтастығы – ұлттың, сол ұлт құ­рып отырған қоғамның тұтастығы. Қо­ғамдық сананың есімдерге, есімдердің адамға ықпалы өзара тығыз байланыс­ты, айналып келіп тұратын үздіксіз үдеріс. Ол адам, есім, қоғам үшеуінің бірлігін құрайды, азаматтардың ұлттық көзқарасы мен қоғамның ұлттық бейнесін айғақтайды. Сондықтан тілдегі кірме есімдердің қойылу жиілігі әлеуметтік пси­хологияның да бір көрсеткіші. Сәбиге қойылған кез келген есім ресми тіркеліп, құжатқа түскен соң ұлттық тілдің мүддесі мен заңдарына сәйкес келсе де, келмесе де «нормаға» айналады. Алайда қазақ есімдерінің дамуында варварлық үрдіске жол берілмеуге тиіс. Ат қою психологиясына тікелей ықпал ететін тарихи-мәдени, саяси-экономикалық, діни-идеологиялық, т.б. факторлар жоғары маңыздылыққа ие, әсіресе, қазақ есімдерінің тұтастығы үшін, алайда қазіргі кезде өте қолайсыз тұстары да аз емес. Егер тиісті талаптарға сай ере­желері белгіленсе, оларды құқықтық және лингвистикалық тұрғыдан нор­малаудың тетіктері айқындалар еді.

 

Есімдер құқығы туралы не білесіз?

Есімдер психологиясы мен есімдер құқығы өзара сабақтас, біріншісі екін­шісіне ықпал етіп отырады. «Есімдер құқығын» екіжақты қарауға болады. Бірінші – ұлттық есімдердің өмір сүру құқығы, екіншісі – азаматтардың есім иелену құқығы. Ілгеріде ұлттық есімдер – халқымыздың ғасырлар бойғы ат қою шығармашылығының жемісі екенін айттық. Демек оның мәдени мұра ретінде қорғалуы шарт. Өзінің ұлттық болмысын сақтау үшін дұрыс таңбалануға тиіс  (Канат емес Қанат немесе Скендір емес, Ескендір, т.б.); қазақ есімі не оның компоненттері кері тәжірибеге пайдаланылмауға тиіс (Байдбэкспо, Акпантокпантураркожа, т.б.); итке немесе т.б. жануарларға қойыл­мауға тиіс және арнайы құқықтық нормалары белгіленуге тиіс. Мысалы, ат қойғанда баланың намысына тиетін, ұлттық құндылыққа қайшы мағынадағы сөздерді таңдауға, қазақ халқына опат әкел­ген адамдардың есімін, бірнеше сөз­ден тұратын айтылуы да, жазылуы да тым ұзақ, қолайсыз есімдер қоюға тыйым салу. Азаматтардың есім иелену құқығы Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексте қарастырылған, енді осы құжатты ұлттық мүддеге сәйкес жетілдіру қажет. Бұндай шаралар арқылы қазақ есімдерінің проблемаларын толық ше­шіп бере алмайтынымыз белгілі, алайда белгілі дәрежеде шектен шығудың (Бекертуған, Дүлдібек, Арег, Лимон, Елка, Плов в коробке) алдын алуға болады.

Ілгерідегі есімдер дүниеге жаңа келген кішкентай азаматтардың есім иелену құқығының қаншалықты бұзылатынын көрсете алады. Сәбидің өз құқығын қорғай алмайтын жасында қойылған кездейсоқ есімдер кейін оның болашағына, өмірден өз орнын иелену бәсекесінде көп кедергі болуы мүмкін. Соған бір мы­сал – соңғы жылдары елімізде өткен үлкен шаралардың атауы кісі есімдеріне айналғанын білеміз. Осыған байланысты Азия, Азияда, Самит, Самитта, Самитхан, т.б. секілді есімдер пайда болып, біршама ба­лаға қойылды. Телеарналарда сол сәби­лерді ата-анасымен шақырып алып, талай талқыладық. Осы талқылаулар жалпы көп­шілік үшін қаншалықты маңызды болды, қаншалықты сабақ ала алдық – алдағы күндер тәжірибесі көрсетеді. Кездейсоқ қойылып қалған есім үшін ата-ана да артынан өкінген болуы мүмкін. Бір есте қалғаны: Азияда есімді қыздың анасының «Бала өскен соң, Азияда алауы жанған сәтте оның шыр етіп өмірге келгенін, осыған байланысты осы есімді қойғанымызды түсіндіреміз» деген сөзі. Бұл ата-ана үшін жеңіл, өйткені бір-ақ балаға түсіндіреді, ал бала кездейсоқ есі­мін өмірінде танысқан мыңдаған адам­дардың бәріне түсіндіріп отыра ма? Көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Ата-ананың бір сәттік эмоциясы бала есімін мақтаныш емес, арқалап жүретін проблемаға айналдырып отыр. Бұл сәтсіз қойылған есімдердің барлығына қатысты мәселе. Қазақ жаңбыр жауып тұрғанда туған балаға – Жаңбырбай, желді күні – Желдібай, Дауылбай, аптаның күндеріне байланысты Дүйсенбай, Сейсенбай, т.б. есімдер қойған. Арғы жағы туған таби­ғатпен үйлесім табу философиясына жалғасатын көне замандардан жеткен дәстүр – ол кездегі қоғам үшін бұл норма еді. Ата дәстүрімізді ардақтағанымыз дұрыс, алайда уақыт талаптарымен де санасуымыз керек. Тілімізде «балам аман болсын!» деген тілекпен ырымдап қойылған ыңғайсыз есімдер болғанын, алайда кейін олар жаңа формалармен алмастырылғаны жөнінде ілгеріде айттық. «Итбайдан» «Тұрарға» дейін қоғамымыз үлкен мәдени эволюцияны басынан кешірді. Қойылу мақсаты мен мағынасы ортақ, алайда мәдени сапасы әртүрлі есімдер уақыт талаптарына сай жаңаша шешімдерін осылай тапқан. Қазақ есімдерінің эволюциясында мұндай сәтті өзгерістер көп және ол алдағы даму бағыттарын айқындау үшін арнайы зерттеуді әрі бүгінгі күннің тәжірибесіне пайдалануды қажет етеді. Бүгінгі азаматтарымыз қуаныш пен ақ тілекке толы таза көңілін сәбиінің есімі арқылы беруді жөн санағанда, кішкентай есім иесінің ертеңгі көңіл күйін де ойдан шығармауға тиіс. Халқымыздың ат қою дәстүрі де осыны меңзейді.

Біртұтас қазақ есімдерінің қоры – халқымыздың ат қою мәдениетінің айнасы. Бұл айна өзінің тазалығымен, ұлттық негізінің терең әрі беріктігімен ерекшеленуге тиіс, солай болғанда жеке адамды өзгелерден даралау­мен қатар, тұтастай ұлтты айшықтау әрі тәрбиелеу құралына айналады. Есім – адамның өзі, өмірде бар екенінің айғағы, өзгелермен байланыстырушы құрал, ол сәбиді өзінің ұлттық әле­мімен жалғастыруға қабілетті болуға тиіс. Олай болмағанда сәбиді «неге сен өз ұлтыңды сүймейсің» деп кінәлауға бола ма? немесе «мынау сенің бабаңнан қалған мұра, оны құрметтеуге тиіссің»,  деген сөздің оған қаншалықты пәрмені болмақ? Бола қалғанда да, туған дәстүрге тумысынан жат ұл-қызды исіндіре алар ма екенбіз?

Қазақ есімі кішкентай азаматқа қазақ қоғамның бір мүшесі ретінде сіңісіп кетуіне, өз ұлтының толыққанды өкілі ретінде өзгелермен байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Ешкімге ұқсамайтын ерекше есім бергісі келетін ата-аналар бар, бірақ кейде асыра сілтейді. Мәжіліс, Джорж, Круз, Клинтон, Том секілді есім­дердің қойылуында да осы әсіре­сілтеу­шіліктің іздері жатыр.

Сөз соңында қазіргі жағдайға шамалап болжам жасау үшін мына бір статистикалық мәліметке жүгініп көрелік. 2023 жылы оқуға түскен талапкерлердің тізімінде қойылу жиілігі мынандай шетел есімдері кездеседі: Альбина (Ал­бина) – 161, Артур – 16, Венера – 3, Данел (Даниел, Даниэль, Даниял) – 132, Диа­на – 500, Диля (Диляр,  Диляра) – 116, Екатерина – 2, Индира – 69, Карина – 146, Лаура – 79, Максим – 4, Самира – 22, Янина – 1. Бұл қазақ балаларына қойылған есімдер (аты-жөндері бойынша болжам жасалды). Қарастырылғандардың ішінде бір­ша­масының шығу тегі еуропалықтар мен азиялықтарға немесе Ислам мен Христиан діндеріне ортақ есімдер екені байқалады. Мысалы, Адэль – 7 (Аделя – 34, Адэля – 6) француз (мызғымас, берік) және араб (әділ, әділетті), Альбина Анел – 588 (Анель – 402, Анеля – 63, Әнел – 82), көне грек (жарық, нұрлы), араб (жолы болғыш), қазақ (ән тербеткен ел), Рамина – 21 парсы (нәзіктік) және италия­н (римдік, Римде туған), Зарина – 209 көне славян (царь+ица – патша), Шри-Ланка (әйел құдай), латын (император), сақ елінің императоры. Ал «нағыз ер, батыл, ержүрек» мағынасындағы Арсен есімі армян, белорусс, болгар, мажар, грек, грузин, испан, италиян, латын, неміс, поляк, тіпті қытай мен жапон тілдерінде қойылып, әлем елдеріне ке­ңінен таралған екен, ал қазақ тілінде бұл есімді «арыңа сен» деген мағынада да қоятындар бар. Арсен 2011-2015 жылдары жиі қойылатын он есімнің қатарынан көрінді. Есімдердің бұлайша кеңінен таралуын жаһанданудың ықпалымен бай­ланыстыруға болады. Көне еврей, латын, грек, т.б. тілдерінде пайда болған көне есімдер мәдениет пен дін арқылы белгілі бір елдерге келіп тұрақтаған болатын. Ұлттық таным-түсініктер мен діни сенімдерге байланысты сол елдерде олар дәстүрлі есімдер ретінде орнығып та қалды. Алайда мемлекеттік шекараға бағынбайтын қазіргі ақпараттық заманда, көне тұлғалы болғанмен «модаға» айналған ондай есімдер, дін мен дәстүрге қарамай, қанатын кеңге жаюда. Олардың кең таралуына тарихи және қазіргі танымал тұлғалар туралы ақпараттар, есімнің дыбыстық тұлғасы (ерекше айтылуы), әсіресе, әлемдік мәдениеттер бәсекесіндегі ба­сымдықтар, жоғары жарнамалық мүм­кін­діктер, т.б. қолайлы жағдай тудырып отыр.

Жаңа заманда кірген шетелдік есімдер жұртшылық арасында төл есім ретінде қабылданып кеткен секілді. Оған аты-жөнін толық қазақшалаған азаматтардың арасында Альберт, Альбина, Анель, Артур, Индира, Даяна, Диля, Диляра, т.б. есім­ді иеленгендерді мысалға келтіруге болады. Тіпті Альберт есімінің алдына нұр­ды қойып, Нұральберт секілді жаңа есім жасау да кездеседі. Сонымен қатар Анель, Анеля, Арсен, Адина, Дильназ, Дильнура, т.б. қазақшалап Әнел, Әрсен, Әдина, Ділназ, Ділнұр формаларында жазуға да назар аударыла бастаған.

Статистикалық мәліметтерден аңға­ра­тынымыз: біріншіден, жаһандану үдерістерінің қазақ есімдеріне де ықпал ете бастауы, екіншіден, еліміз халқына ортақ есімдердің жалпы белгілері көрініс бере бастауы, үшіншіден, ұзақ уақыт бойы орыс тілінің заңдарына бейімделіп жазылып келген ұлттық есімдеріміз өзінің ұлттық болмысына орала бастауы, төртіншіден, шетел есімдерінің қазақ тілінің заңдарына бейімделіп жазыла бастауы.  Осы бастау көздердің әрі қарай даму қарқыны елдегі тілдік саясат пен әлеуметтік-экономикалық жағдайға тікелей байланысты өрбиді деп ойлаймыз. Кісі есімі – қоғамдық сананың, ел азаматтарының көңіл күйінен хабар береді. Көңіл күй қайда бұрылса, сол жақтан есім таңдалады. Жекелеген таң­даулар қашанда құбылып тұрады, ал дәс­түрлі есімдер өзінің тұрақтылығын сақ­тайды. Алайда бүгінгі жағдай басқаша. Әлем елдерімен тығыз ақпараттық байланыста отырған қоғамның көңіл күйін болжау қиын...

Біз сөз етіп отырған тіл мен дәстүрге жат шетел есімдерінің жекелей алғанда саны аз болғанымен, жиынтық саны өткен жылы оқуға түскен талапкерлер тізімінің елеулі бөлігін құрайды. Ойландыратын мәселе. Бұған ең бірінші қазақ қоғамының әрбір мүшесі жауапты, екіншіден, балаға ат қою мен оны рәсімдеу тәртібі құқықтық-нормативтік тұрғыдан тиісті шешімін табуға тиіс.

 

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы