Әлем • 20 Мамыр, 2024

Иран Президенті тікұшақ апатынан көз жұмғаны рас па?

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Иранның Қызыл Жарты ай қоғамы президент Ибрахим Раисидің тікұшағы табылғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz ресейлік ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. 

Иран Президенті тікұшақ апатынан көз жұмғаны рас па?

Фото: Ирна агенттігі

Іздеу-құтқару жасағы Иран Президенті Ибрахим Раисидің апатты жағдайда қонған тікұшағын тапты. Бұл туралы Иран Қызыл Жарты ай қоғамының басшысы Хосейн Коливанд хабарлаған.

Еске салайық, кеше, 19 мамыр күні Иран Президенті мінген тікұшақ апатқа ұшырады. 

Иран вице-президенті Мохсен Мансури Ибрахим Раиси мінген тікұшақ апатты жағдайда қонғаннан кейін қасындағы екі адам бірнеше рет байланысқа шыққанын айтты.

Раиси Шығыс Әзербайжан провинциясына бет алған еді. Мемлекеттік теледидар бұл оқиға Иранның астанасы Тегераннан солтүстік-батысқа қарай 600 шақырым жерде, Әзербайжан шекарасында орналасқан Джульфа қаласының маңында болғанын хабарлады.

Түркия мемлекеті оқиға орнына 32 альпинист пен тікұшақ жіберді.

Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

«Біз Иран Президенті мен сыртқы істер министрі мінген тікұшақтың күтпеген жерден қонуға мәжбүр болған оқиғаны бақылап отырмыз. Олардың жағдайы әлі белгісіз», деп жазды Шарль Мишель X әлеуметтік желісінде.

Сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин апатты жағдайда қонған тікұшақты іздеуге көмектесу мақсатында оқиға орнына 50 құтқарушыны, екі ұшақ пен бір тікұшақ жіберді.