Тарих • 21 Мамыр, 2024

Ұлттық қасірет ұмытылмайды

3274 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1897 жылы Ресей империясы тұңғыш халық санағын өткізді. Осы санақ қоры­тын­дысы бойынша қырғыздар – 200 мың, тәжіктер – 350 мың, түрікпендер – 280 мың, өзбектер – 726 мың, сарттар – 968 мың, қарақалпақтар – 104 мың, қазақтар 4 млн 84 мың адам деп көрсетілді. Осында көрсетілген Орталық Азия халықтары, яғни біздің көршілеріміз, арадан 120 жыл өткенде өз табиғи өсімімен, бүгіндері, бірі 26 есе, бірі ­28 есе, бірі 30 есе көбейіпті.

Ұлттық қасірет ұмытылмайды

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Тек бүгінге дейін қазақтар ғана елімізде небәрі 3 еседен сәл асыпты. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем» демекші, Қазақстанның сорына Сталин жіберген Голощекин тап болмағанда біз де бүгінде табиғи өсімімізбен не 26, не 28 есе көбейіп жалпы санымыз 100 миллионнан асқан алып ел болып отырады екенбіз. Бұл – қарапайым арифметика. Мұны есептеу үшін демограф болу міндетті емес. Тек көбейту кестесін білсеңіз болды.

Қазақстанның тұңғыш астана­сы Орын­бор­да құрылған тарих инс­­ти­­тутының тұңғыш директоры А.Чулошников 1921 жылы жарыққа шыққан «Очерки историй киргиз-кайсацкого народа» атты кітабында ста­тистикаға сүйене отырып, Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының саны 8,5 млн адам болғанын жазды.

1919 жылы өткен кеңестердің бір съезінде Тұрар Рысқұлов азамат соғысы жылдары, яғни 1918-1919 жылдары, қазақ ауылы ақ пен қызылдардың тонауына ұшырап, салдарынан 1 млн 214 мың қазақ аштан қырылды деп мәлімдеді.

Ал азамат соғысынан кейін 1920-1922 жылдары шыққан «продразверстка» «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан!» деп тонауды заңдастырып, шаруаның алдындағы малын, қолындағы нанын тартып алды. Мақсат – біреу. Қаладағы кеңес өкіметін асырау. Ауыл не болса о болсын. Бұл сұрқия саясат салдарынан ауыл тағы апатқа ұшырады. Алашорда атынан аштықпен күрес комиссиясын басқарған жас Мұхтар Әуезов 1922 жыл аяғында жасаған баяндамасында бұл екінші аштықтан 1 млн 700 мың қазақ қырылды деді.

Ал Голощекин тұсындағы үшінші аштыққа келер болсақ, бұл қазақтың басына орнаған нағыз ғалиматия болды. Бұл аштықтың шығуына тарих алдында екі басшы жауапкер. Сталин мен Голощекин. Екеуінің де ұлты орыс емес. Бұл екі басшы Қазақстанда «Кіші Октябрь» деген дозақты орнатты. Ауқатты шаруалардың қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Халықты бай-кедей деп екіге бөлді. Ауқатты шаруаларды тап ретінде жоюға кірісті. Бұған Сталиннің 1930 жылғы «Кулактарды тап ретінде жою» жөніндегі әйгілі жарлығы жол ашты. 1928 жылы басталған осынау топалаңнан Қазақстандағы мал саны ­40 миллион­нан қысқарып 4 миллионға бір-ақ түсті. Халықтың малы ет болып­ Мәскеу, Ленинград, Куйбышев тәрізді Ресей шаһарларына жөнелтілді. Қазақ­стан қалаларына таратылды.

Малшы халықтың малын алу жанын алумен бірдей еді. Кеңестерге қарсы 360-тан астам көтеріліс болды. Шаруалар Қазақстанда, Волга бойында, Украинада қара шыбындай қырылды. Қазақстанда сол 1931-1932 жылдардағы аштықтан 2 млн 300 мың қазақ, 200 мың орыс шаруа­сы қырылды.

Қазақстан жазушысы Валерий Михайлов: «Өткен ғасыр басында небәрі 15 жыл ішінде аштықтан қазақ жарты халқынан айырылды. Бұндай трагедия тарихта бұрын-соңды болған емес. Бұны әрбір қазақ білуге тиіс!» деп жазды.

Қазақстанды большевиктер бас­қар­ған 15 жыл ішінде, 3 аштық салдарынан 5 миллиондай қазақ қырылды. Нақақтан-нақақ. Иманы үйірілмей, жаназасы оқылмай, сүйегі ен далада шашылып қалды. Тарих алдындағы осынау орны толмас қылмысын компартия 70 жыл бойы жасырды. Ал шындықты айтқандарды ауызға ұрды. Тарихы оқулық, баспасөз тілін тістеумен отырды. Тек КСРО құлағаннан кейін, Тәуелсіздік тұсында ғана аштық, репрессия туралы әңгіме басталды. 1992 жылы құрылған мемлекеттік комиссия 300 мыңнан астам жазықсыз жапа шеккенді ақтады. Халықтың өлгені тіріліп, өшкені жанды.

Қазақстан Президентінің Жарлы­ғымен 1997 жылдан бастап 31 мамыр «Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні» болып жарияланды. Дұрысы «Аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болуы керек еді. Жарлықта «аштық» сөзі болмады. Осы сөзден үркетін санамыздағы кеңестік идеология салқыны болса керек. Аштық – қазақтың тең жартысын жалмаған ұлттың ұлы қасіреті. Бұл жалпыұлттық қасірет ұлықталар күн 31 мамырдың отандық тарихтағы орны тіптен бөлек. Ендеше, бұл күн атауында «аштық» сөзінің болуы әділетті де әлеуетті тарих талабы деп білеміз.

Өткен жылы Қазақстан Парламенті ғасыр толған ұлттық қасіретімізге тұңғыш рет орындарынан тұрып бір минут үнсіз тағзым етті. Бұл Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов бастамасымен аруақтар рухына арналған өткен тұнғыш парламенттік ресми тағзым еді. Бұл іс-шара 31 мамыр күні парламенттік деңгейде тағы да болатыны белгілі. Яғни Қазақстан халқы, ұлттың ұлы қасіретін бір атаның баласындай ұйысып жоғары денгейде ұлықтауды жалғастыратыны белгілі. Өйткені 31 мамыр – ұлтына қарамастан Қазақстан халқын ұйыстыратын күн. Жалпы ұлт болып аштық, репрессия құрбандарын еске алатын күн.

Алайда 1992 жылдан бастап архив материалдарын жинау мен жарыққа шығару жұмыстары басталып кеткен болатын. Бұл сауапты қозғалыс содан бері тоқтамады. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевқа аштық және қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау және тақы­рыпқа қатысты архив мате­риал­­дарын толық жинау, жариялау жөнінде тапсырма беріп, бұл қоғалысқа тың серпін берді.

Нәтижесінде, Сенат төр­ағасы М.Әшім­баев­тың бас­шы­лығымен аштық және сая­си қуғын-сүргін мате­риал­дарының көп­томдығы жария­лана бастады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияға Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин тікелей басшылық етті. Тарихшылардың маңдай тер, табан етінің арқасында бүгінде қолымызға 30 томдық қыруар архив материалдары тиіп отыр. Соның арқасында бүгінде Қазақстан тарихы қайта жазыла бастады. Яғни біз кеңестік идео­логия салқынынан арыла бастадық. Сол кеңестік идеология салқынынан арыла бастаған сайын жарты ұлтты жалмаған аштық және саяси-қуғын сүргін құрбандарын ұлықтау да жаңара түспек, жаңғыра түспек.

Алайда бұл салада кезек күтіп тұр­ған тағы бір жұмыс бар. Ол – Қазақ­стан­дағы аштық пен саяси қуғын-сүргін тақы­рыбын шетелде насихаттау. Бірлі-жарым шетел зерттеуші­лері тиіп-қашып болса да бұл тақырып­та там-тұмдап жазып келеді. Ал кейінгі жылдары шетелдік екі ғалым Қазақ­стандағы аштық және қуғын-сүргін құрбандарына екі үлкен монография арнады. Оның бірі, америкалық тарихшы – Сара Камерон. Оның «Ашыққан дала» атты монографиясы АҚШ-та 2020 жылы шықты. Екіншісі – түрік ғалымы Джемиле Кінаджы. Оның «Қазақстандағы саяси репрессия» атты докторлық монографиясы Анкарада өткен жылы шықты.

Бірақ кітаптың аты – кітап. Таралымы шектеулі. Аштық және репрессия тақырыбын таратуда осы тақырыпқа арналған көркем фильмдердің орны бөлек. Ендеше, бұл тақырыпқа арналған көркем фильмдерді шетелдік БАҚ өкілдеріне, тарихшыларға көрсетуді Қазақстанның шетелдегі елшіліктері қолға алуына әбден болар еді. Сонда, осыдан жүз жыл бұрын большевиктер билігі тұсында қазақ халқына жасалынған қаралы қиянаттан әлем хабардар болар еді. Екіншіден, бүгінгі жер басып жүрген ұрпақтың, яғни біздің, кәлимасы қайырылмай, жаназасы оқылмай кеткен жарты халық рухы алдында жүзіміз жарқын бола бастар еді. Перзенттік тарихи парызымыз өтеле бастар еді. Бұны жасай алмасақ – елдігімізге сын.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

Қазақстан Халық жазушысы