16 Қаңтар, 2015

Арланмен алысқан Аманхан

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қасқыр Жақында Аягөз аудандық ауруханасына ауыр жарақаттанған Мыңбұлақ ауылының бірінші фермасында тұратын қос азамат түсті. Аманхан Әміров пен Озат Қырықбаев есімді мыңбұлақтық екі жігіт ауылға кіріп кеткен қасқырлармен арпалысқан нағыз ерлер болып шықты. Қасқырлар алдымен Озатқа шабуыл жасапты. Ол өз үйінің табалдырығында тұрғанда есік алдына келіп қалған қасқыр атылып, бетін жұлып алған. 50 жастағы жігіт ағасы үйіне жан-дәрмен кіріп үлгеріп, аман қалған екен. Ал 44 жастағы Аманхан Әміров таңға жуық ауыл ішіне бір топ аш қасқырдың кіргенін және еш сескенбестен еркін аралағанын айтады. Аманхан жұбайы Гүлзира Дулатованың өтінішімен таңға жуық аулаға шыққан екен. Сол кезде алыстан қараң-құраң еткен бірдеңені байқап, оны алғашқыда үйдің маңайында жүретін көк тазы екен деп ойлайды. – Қасқыр екенін жақын келгенде көрдім. Тайыншадай бөрі әйеліме қарай келе жатты. Бірден атылдым. Құшақтаған күйі домаладық. Жан ұшырғанда, қасқырды тамағынан ала түсіппін. Бөрінің аузына басымда жүрген фонарь ілініп, қатты пластмасса материалдан жасалған шамды ызалана шайнап жатқанын сездім. Қылғындырып, алысып жүріп желке жағына шығып алдым. Даланың тағысы ғой, күшті екен. Тіпті, бой берер емес. Демде қолдарымды шайнап тастады. Сұқ саусағым қасқырдың аузында кетті. Тағы бір аунап, арқа жағына шығып, қатты қылғындыра бастаған едім, басын шығарып алған қасқыр сан етімді жұлып алды. Одан кейін екінші қолым қасқырдың аузына ілініп кетті. Бүйірінен керзі етікпен тепкілеп отырып, қолымды жыртқыштың аузынан әрең шығардым. Бір сәтте қолым қасқырдың алқымына ілінді. Жанұшыра қимылдағаннан ба, есімде де қалмапты. Әйтеуір, жанталасып жүріп, екі қолмен қылғындыра бастадым. Үстіне мініп алып, бар салмағыммен жаншып, тұншықтыруға тырыстым. Сасқалақтаған әйелім пышақ әкеліп үлгерді. Кеуде тұсынан екі рет батырып едім, аш бөрі үнсіз қалды, – дейді ол. Қасқырдың қанды аузынан аман қалған қос азаматтың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Арланмен арпалыстан кейін санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері келіп, қасқырды Өскеменге тексеруге жіберген екен. Ал аурухана хирургі Ернар Сүлейменовтің айтуынша, Аманханның екі қолын да қасқар шайнап тастаған. Бір қолының сұқ саусағы жоқ. Сан етінде үлкен жарақат бар. Сонымен бірге, денесінің жоғары жақ бөлігінің көп жері жұлынған және тістелген. Озаттың оң жақ бетін қасқыр түгелдей жұлып кеткен. Арланмен арпалысқан ауыл тұрғындарына біраз уақыт ем-дом қабылдау қажет. Аманханның ағайыны Серік Байғалиев дала тағысымен шайқаста ерлік көрсеткен жігіттерге әлі операция жасалмағанын, дәрігерлер СЭС мамандарының қоры­тындысын күтіп отырғанын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы.