СУРЕТТЕ: Құдалыққа барғанда – ортада отырған Рұсланның сол жағында Болат Аманбекұлының әулеті. Айоко келіннен оңға қарай – Шоджи құда, Юмико құдағи және олардың ет-жақын ағайын-туыстары. Жапония, Киото қаласы. 2006 жыл
Құда өзіміз сияқты... ақжарқын, орта бойлы, қағілез ғана келген жан екен. Тойға жиналған көп қонақтан еш айырмасы да жоқ, тек қап-қара костюмінің етегі қарлығаштың құйрығы секілді екіге айырылып пішіліпті. Бір қарағанда, бейнеоркестр алдына шығып, дайындықта тұрған дирижерге де ұқсап кететін сияқты ма? Мойнындағы мата таспадан байланған қап-қара «көбелегі» де өзіне жарасып сән бергендей әдемі. Қимыл-харекеті мен жүріс-тұрысынан да өзгешелік байқамадық. Бір сөзбен айтқанда, бауырымыз Болаттың бел құдасы – Шоджи мырза осы кісі.
Өзіміз сияқты қарапайым, тек... қызметі болмаса, иә, қызметі болмаса... құда Киотодағы «Мицубиши корпорейшннің» вице-президенті!
* * *
Алматыдағы әсем мейрамхана «Палладиумның» есігінің алдындағы алаңда мың бұралған биші қыздарымыз дөңгелене айналып, дамыл таппады. Қылқобыздың қоңыр үнді сазы, домбыраның күмбірі – бәрі-бәрі Күншығыс елінен келген қадірменді құдаларға арналды. Сонымен көп кешікпей... белгіленген уақыттан бір жарым-ақ сағаттан соң, Жуалыдан жер апшысын қуырып жеткен ағайындарымыз «Палладиумның» табалдырығынан аттады-ау дегенде, тумысынан сабырлы Бөкең бауырымыз, оң қолын әнтек сермеді, той басталды...
Тойды дарынды жігітіміз кәдімгі Нұрлан Албан басқарды, ән айтуды халқымыздың сүйіктісі Роза Рымбаева бастады. Мына қызықты қараңыз, таяу арада өзі де концерттік гастрольмен Жапонияға сапар алдында тұр екен! Ән-паузада Розамыз – «құдаша-жұлдызымыз», өзімсіне жарқылдай сөйлеп «Құдалар!..» деп, аттарын атап тұрып оларды Киото сахнасында өтетін концертіне шақырды. Алдыңғы қатардан орын да ұсынып қойды! Құдалар жағы шексіз қуанышта, мәз-мейрам. Алақанға алақан жапсырып, онысын кеудесіне қойып, қайта-қайта бас изейді-ай кеп... Құдағидың кигені – үлкен қара-қызыл гүлді әппақ айшықты кимоно, арқасында балабақшанікі тәрізді кішкентай ғана сәнді қапшығы бар. Шашын дөңгелете бір жағына сәл ғана қисайтыңқырап түйіп алған. Табанында алақандай тақтайшаға екі шалып жіп байлаған аяқкиім. Ал құда бала мен құдаша еуропалықтарша киініпті: қара костюм, ақ жейде, қара көйлек, сұр жилет.
Нұрлан асаба түу алыстан сермеп, мақтау-мадағын жеткізіп, бас құдаға құрметпен сөз берді. Ду қол шапалақ!
Тура өзіміз сияқты: «Бұл қызымызды әлпештеп өсірдік. Күн тигізбедік, желге қақтырмадық. Бойжетіп, жақсы оқып Америкаға білімін жалғастыруға аттанғанда қатты қам жедік. Алыс жер. Қалай болар екен?» Аудармашы Айжан қыз да сөйлеушіге үлгеріп ілесіп, жапон тілінен қазақшаға аударғанда тәржіманың шынайылық тігісін жатқызып жібереді-ақ екен, сүйсінесің! «Содан, өздеріңіз білесіздер, әрбір ата-ананың арманы – қызым теңін тауып, бақытты болса екен дедік емес пе? Қазақ елінің Рұслан деген жігітімен көңіл жарастырыпты. Тағы мұңайдық... Ол қандай ел? Халқы қандай? Болашақ күйеу баланың әке-шешесі қандай кісілер болды екен?..» Тура қазақтар секілді ойлайды екен әрі өзіміз сияқты той үстінде көңілі босап, «шынын айтып, көп сөйлейді» екен бұл жапондарыңыз да!
Әлгі жоғарыдағы айтқандай ұлттық ишаратымен қайта-қайта құдағи-құдашаларға бас изеуден шаршамаған Айоко келіннің анасы Юмико құдағидың әрбір қимылын тойшы қауым оның Шоджи құданың сөзіне бек қосылуы деп ұққандай. Залдың тең жартысы (әрине, әйелдер қауымы) тік тұрып, құда мен құдағидың қимылын қаз-қалпында қайталап, бас изеп әлек. Екі жақтың да екі езуі екі құлағына жеткен.
Бір уақытта, иә, бір уақытта микрофонды қолға алып ортаға той иесі Болаттың аталас інісі Толымбек Әлімбекұлы шықсын! Үлкен-үлкен сахнаның шаңын қағып, теледидардың төрін бермей арындап жүрген, арқалы сатирик-ақын Толекеме «Палладиумның» тоқымдай ғана той алаңы «бұйым» боп па, тәйірі, жаңа түскен жас келінге арнап, ата салтымызға сай жыр оқып, құйындатып, құйқылжытып, төгілдіріп кетті-ай дерсің!
...Қаптың аузы бос тұр деп,
Құрт ұрлама, Айоко.
Өзің жатып байыңа
Тұр-тұрлама, Айоко.
Бір нәрсеге керісіп,
Сұңқылдама, Айоко.
Жалқау болса, жатқызба
Жұлқыла да Айоко.
Болғандарың игі емес
Екеуің де Айоко...
Қатар жүр де, қатар тұр,
Еріншектік – шегіншек,
Айналайын, Айоко!..
Толымбектің той үстіндегі бұл тапқырлығына жапон жағы ғана емес өз жағымыз да қатты риза болғаны сондайлық, жарыла қол соқты! Құдалар жағының сондағы көңіл күйін көрсеңіз. Ғажап-п! Сөзін түбірімен түсініп жатпаса да, ерекше екпінмен елітіп айтылған келінге арналған қазақи салт-дәстүр жырының әрбір қайырымындағы «Айоко» сөзінің қайталануы оларға әжептәуір әсермен дем берген секілді. Әсіресе құдаша мен құда бала Толымбек тоқтағанша шапалақ ұрып, бір орында секіріп, селкілдеп биледі де тұрды.
Әріптес ағамыз Сатымбек көкем шыдамай орнынан ұшып тұрып:
– Әй, Толымбек, мына айтқандарыңды қағазға түсіріп, Құдалардың қолына ұстат, қолына... Жапон тіліне тәржімалап оқысын! – деп айқайлады.
...Аспан айналып жерге түсердей, күн күркірегендей, дауыл соққандай жаңғырықпен той залын «төңкере» жаздап бұл келген Алматының «Фристайл» музыкалық тобы екен. Құлағымыз тұнып қалды. Қызыл-жасыл шам жанып, дүние астан-кестен болғандай әсердеміз. Жапон қонақтарды жапонның музыкалық аудиотехникасымен таңғалдырмақ ниеті-ау шамасы? Заманның ағымы. Заманның үні. Дұрыс та шығар... Нұрлан Албанның хабарлауынша бұл Күншығыс елінен келген құрметті қонақтарға, Болат пен Райханның Құдай қосқан құдасы мен құдағиына, құдаша мен құда балаға арналған отандық ерекше музыкалық ән-шашу екен! Дәстүр бойынша енді осы «ән-шашуға» жапон жағы жауап қайтаруға тиіс.
Үнсіздік басталды. Пауза. Шын айтам, шыбынның ызыңы естілді. Құдалар жақтың жапон тілінде өзара ақылдасып жатқаны шығар, сөздері құлаққа еміс-еміс жетті.
–Міне, міне... әп-бәрекелді, өзіміз де күткенбіз, қазақстандық «Фристайл» тобының ән-шашуына Жапон елінен Ханоко құдаша жауап беретін болды!
Асабаның дауысы соңғы екі минутта тыныштық жайлаған зәулім залды қайта жаңғыртты.
– Ханако құдаша сіңлісінің тойына құр келмепті. Қол шапалақтаңыздар, қадірменді қауым, қол шапалақтаңыздар...
Мини қара көйлекті, талдырмаш денелі сүйкімді құдашаның күлгенде күректей екі тісі бірден көзге түседі екен. Аузын алақанымен сыпайы ғана қайта-қайта көлегейлеп, сонымен... құдаша ортаға шықты. Тағы тыныштық орнады. Жұрттың екі көзі – құдашада.
Бір қолымен иығына түскен шашын салалы саусақтарымен сілки тарап, екінші қолымен аузын басып, күлімсіреп, бізден қол созым жерде құдаша тұр. Үнсіз. Бейне ой үстінде, төңіректі түгел ұмытып, қиял жетегіне берілгендей. Құдашаның музыканттарға өзінің саз жазылған минус-дискісін қай кезде беріп үлгергенін қайдам, кенет, үйдей-үйдей жапондық (!) аппараттар шоғырланған тұстан өзгеше бір әуезді музыка үні өте баяу сызылып шықты, оған теңіз толқынының жағалауға ұрып шашылған жалдарының шуы, шаңқылдаған шағаланың үні қосылды...
Бейтаныс қонақтың әрбір қимыл-қарекетін кірпік қақпай қадағалап тұрған «фристайлдық» өнерпаздың бірі жүгіріп барып, үлкен үстелдің үстінде иесіз жатқан микрофонды алып келді де құдашаға ұсынды. Құдашаның «рахмет» дегені шығар, басын үш рет изеп, микрофонды қолына алды. Алды да... музыка үні әлі де талмаусырап естіліп тұр, қызық болғанда, құдаша баяу басып барып, микрофонды әлгі жігіт әкелген үстелге қайта апарып қойды. Топқа қарап көзіміз үйрене бастаған жапонша ишаратпен... үш қайтара бас изеді. Тұрған орнына қайтып келді. Өзіміз сияқты... «микрофон керек емес» деп айтуына немесе «ым» жасауына да болатын еді-ау, құдашаның. Өйтпеді. Өйтпеді құдаша... Микрофонды өз қолымен асықпай қайтадан өз орнына апарып қойғанын айтсайшы: жапон болмысы, жапондық мінез, тіпті ұлт мәдениетінің үлгі-үзіктері дейікші, бізді таңдандырып, көз алдымызда осылайша көрініс берді. Бұл кезде әлгі тынысы бөлек сазды музыканың таңсық ырғағы еселеніп, бастапқы дауысы зорая түскен. Құдашамыз енді екі қолын иығының тұсына дейін баяу көтеріп, біздей биік өкшелі оң аяғын жаймен ғана алға созып, музыка ырғағына теңеле теңселіп, тербеліп тосын қимыл таныта бастады... Сондай биязы қозғалысқа түскен талдырмаш дене музыка сарынынан еш жаңылыспай, адаспай, бірдей қозғалғанда ғой, тамаша үйлесімділікті көріп, үніміз шықпай қалды. «Ее-е, құдаша ән айтпайды екен, билейтін болып шықты ғой... Қаламсаптай ұзын, жіңішке өкшемен бе?»
Музыка екпіндеп, үсті-үстіне үдейе берді. Әлгі жағалауға жаймен соққан толқын үйіріліп, енді біресе алыс айдынға, біресе көкке құлаш сермеп, жұлқына ұмтылатындай... Құдаша бәрімізге елес берген осынау тосын динамикалық ырғақтан бір елі қалыс қалмай теңіз бетіндегі құйынмен бірге шыр айналды. Грациялық сымбатты қимыл-қозғалысқа түскен күллі дене қимылынан мін табылар емес. Па-шіркін!..
Тойшы қауым орнынан тұрып алған. Кенет... сонау қиырдан шыр айналып құйындап жеткен тау-толқын биік жағалауға бар екпінімен келіп соқты... соқты да, шашылып түсті! Әуелеп, арындап шегіне жеткен музыка үні де сол сәтте «солқ» етті де, сап тыйылды, бір мезетте өшті...
Ес жиып үлгерсек, дәл қасымызда, екі-ақ қадам жерде, әлгі музыкалық әсердегі құйынмен бірге шыр айналған құдаша екі аяғын екі жаққа сымдай тартып, бейне балет тобының прима-бишісіндей дәл қасымызда... «шпагатта» отыр!.. О, тоба!
Төр жақтан, басқұданың туған ағасы Естемес көкемнің «Астапыр-алла...» деген таныс дауысы талып шықты. Делебесі әбден қозған жастарымыз әрең тұр екен, күллі залды басына көтерді... Жаны бір өнерлі жандар емес пе, «Фристайл» дауылпазын түбі түскенше сабалап, соло гитараның соңғы пернесіндегі шикі-дауыс құйқа-шашымызды шымырлатып «шыңғырды-ай!..»
–Бәрекелді, бәре-кел-ді! Құдашаға құрмет, құдашаға құрмет, не деген талант! Не деген өнер! – деген асаба Нұрлан Албан билікті қайта қолына алды...
Бұл кезде екі қарыс жіңішке өкшесімен әлгіндегі сәтте көз ілеспес жылдамдықпен қалай тез отырса, солай жеңіл орнынан тұрған құдаша, әдеттегідей бір қолымен иығын жапқан қолаң шашын артқа сілкіп, екінші қолымен аузын сипай жауып, күлімсіреген күйі төрге, құдалар жаққа озып бара жатты... Қас пен көздің арасында аяқталған бидің мәрелік сәтін ой орбитасында «қорыта алмай» аң-таң күйде біз отырмыз, аузымыз ашылып...
Ханоко құдаша орындаған, жапон болмысының жәдігеріндей болған сол бір, иә, сол бір жапондық «Тулаған теңіз» биі есімізде ұмытылмастай сақталып қалды...
* * *
Киотодан Айоко келін түскелі де арада 18 жылдай уақыт өтіпті.
Болат Аманбекұлы таяуда 70 жасқа толу мерейтойын атап өтті. Институт қабырғасынан қаржы саласына ат басын бұрып, маңдай тері, табан ақысын адал жеген білікті қаржыгердің бұл тойына да ағайын-туған тайлы-таяғы қалмай түгел жиналды. Той дәл уақытысында басталды... Сексеннің сеңгіріндегі Естемес көкем туған бауырының тойына бұл жолы Астанадан ат терлетіп жетіпті. «Жуалының боранының жанында Астананың бораны жай ойыншық екен» деп қояды, күлімсіреп. Зейнеткер көкеміз Арқаға әбден жерсініпті. Риза.
«Уақыт – жүйрік» деген, Киотодан келген Айоко келіннің аяғы құтты болып, ата-енесіне Әликен, Айриш (қыз), Әлихан есімді бір қыз, екі ұл сыйлады. Олар отбасымен бір жыл Қазақстанда – Алматыда, бір жыл Жапонияда – Киотода қызмет етеді. Жастардың бизнес-жоспарлары солай құрылған. Немерелер екі жақтың да білім нәрінен сусындап, қатарларынан еш қалыс қалмай, тең дәрежелі дәріс алып жүр. Екі жақ та талай-талай құдалық сапарда бір-біріне өзара теңдей «жорға жүгіртіп», балалардың өсіп өркендегендеріне көңілдері көншіп отыр. Ең қызығы, Бөкең айтқандай, екі елде де құдалар дастарқан басына жиналғанда кәдімгі өзіміз сияқты... кілемге төселген құрақ көрпенің үстінде жастыққа жантайып-жатып, малдасқұрып отырады екен, сенесіз бе?
Мерейтой үстіндегі жерсеріктік бейнебайланыста той иесі Бөкеңді, оның жан-жары Райханды, Айоконың туған қайнағасы Рауаннан тараған ұрпақты Күншығыс еліндегі жақындары жапа-тармағай құттықтады. Тілі жаңадан шыққан немерелеріне дейін «Ата! Туған күн мерейтойыңыз құтты болсын!» деді қазақша былдырлап...
Скандинав таяқшаларына сүйеніп жүріп-ақ осы тойдың үстінде «твист»-бидің түбін түсіріп билеген «сексенге кандидат» – Сатымбек көкем «Оу, бейнебайланыстан Ханоко құдашамызды көрмедік қой...» деп қалды. Жауапты да тез алдық: туризм білгірі Ханоко құдаша іссапармен Кю-Сю аралында жүр екен.
Шоджи құда мен Юмико құдағи – екеуі де еш өзгермепті... Шешек атқан сакураның саясында тұрып, Алматыдағы құдасы мен құдағиына жүрекжарды ыстық сәлемдерін жолдады. Киотодан келін түскен сол күздегі той әлі күнге көз алдымызда, фрак костюм киген құда мен кимоно киген құдағидың сөзі де құлағымызда – «Күншығыс елінен ат арылтып келгендегі бар арман-мақсатымыз – осы қызымыз бақытты болса екен, жақсы жандармен құда болсақ екен...» деп жиналған тойшы қауымға аманат жүктегендей еді-ау сонда олар. Армандарына жетіпті! Әумин дейік!.. «Құйрық бауыр асасып, беттеріне ұн жаққан» жапон құдалар жүздерінен иманы төгіліп, жарқырап-жадырап, өзіміз сияқты... «ұзақ сөйлеп, шынын айтып, сырын ашып» ақжарылқап көңілдерін білдіріп жатты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері
Алматы