Сонымен қатар Президенттің төрағалығымен 2024 жылғы 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында қоғамды ұйыстыратын бастамалар күн тәртібіне шықты.
Жақында «Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу» тақырыбында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының V сессиясы өтті. Сессия отырысында ел болашағы жолында қызмет ететін «адал азаматтарды» тәрбиелеу мәселесі көтеріліп, ол үшін келесі шараларды қолға алу керектігі ұсынылды:
- Жастардың құқықтық, қаржылық, ақпараттық, діни сауаттылығын қалыптастыру.
- Жастарды ғылымға құштар, өнерге әуес, спортқа бейім етіп тәрбиелеу.
- Еліміздегі барлық ұлт өкілдері жастарына қазақ тілі мен қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау.
- Қазақ тілінде еркін сөйлеп, іскерлік қарым-қатынас орната білген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету.
Алқалы жиында аталған ұсыныстар бойынша кешенді жұмыс бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Сан қилы қиын кезеңдердің куәсі болған қазақ даласы – түбі бір түрік халықтарының атақонысы, ынтымақ пен татулықтың туы тігілген құтты мекен. Тарихта небір тар заманды басынан кешірген арғы бабаларымыздың тартқан ауыртпалығы аз емес. Сол алмағайып заманда да Күлтөбенің басында күнде кеңес құрған батыр бабаларымыз үшін ел бірлігі мен ынтымағы ауадай қажет болды. Сол себепті де, азат, бостан ел болуды аңсаған ата-бабаларымыздан «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәні терең сөз қалған.
1995 жылы негізі құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына келесі жылы 30 жыл толады. Ел тәуелсіздігімен етене осы аралықта әлемдік аренада өз орнын қалыптастыра білген жаңа Қазақстанның алдағы межесі – жаһандану жағдайындағы жарқын болашағын айқындау. Егеменді еліміздің жарқын болашағын қалыптастыратын ойы озық, қиялы ұшқыр, жалынды да жасампаз жас буын қалыптастыру.
Көңілі дарқан, пейілі кең, қазақ халқының табиғатында жөн сұраған жолаушыны «құтты қонақ» деп төр асыратын жақсы қасиет бар. Әу бастан атадан балаға жалғасып келе жатқан сол қонақжайлылық, бауырмалдық секілді асыл құндылықтарымыз еліміздегі этносаралық ынтымақ пен ауызбірлікті ұйыстырумен келеді. Алуан түрлі ұлт өкілдерінің қазақ даласында тату-тәтті де жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқандығы соның бірден-бір айғағы.
Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегеніндей, бізге ел ішіндегі рухы биік, санасы тұнық барлық этнос жастары қатарынан парасатты да адал азаматтарды тәрбиелеп шығару жауапкершілігі жүктеліп отыр. Бүгінде арманы асқақ, қиялы ұшқыр жасампаз жастар еліміздің жоғары оқу орындарында сапалы білім алумен қатар, жан-жақты тәрбиеленіп жатыр. Жоғары білім мен саналы тәрбие алып шыққан жастар қанатын еркін серпіп, үлкен өмірге сеніммен жол тартады. Балапанның ұяда не көрсе ұшқанда соны ілетіні заңдылық. Сондықтан жас ұрпақ алдындағы ұлы міндет ретінде «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, қазіргі заман қағидаларына сай Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесін құрып, жастарымыздың санасына «Адал адам», «Адал еңбек», «Адал табыс» ұстанымын сіңіре білуге тиіспіз.
Әл-Фараби бабамыз тәрбиені білімнің алдына қойған болса, дана халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп түйген. Ал хакім Абай өз заманында жастар тәрбиесіне орай, «Бес дұшпаның – білсеңіз, …бес асыл іс – көнсеңіз!» деп, «Толық адам» концепциясын өсиет етті. Мән берген адамға сол бес дұшпан бүгінгі күнде де жастардың жағасына жармасып, жарға жығып жатқаны белгілі. Оны Президент Қ.Тоқаев қазіргі жастарды тура жолдан адастырып отырған «5 кесел» деп атап өткен болатын. Абай атамыз айтқан бес дұшпан (нашақорлық, лудомания, вандализм, буллинг, ысырапшылдық) бүгінде бес кеселге айналып, жастарымызды аздырып отыр.
Қазіргі жаһандану жағдайында ұлт ретінде елдігімізді сақтап қалу үшін еліміздің жарқын болашағын құраушы жас буынның бойына рухани құндылықтарымызды сіңіру – мемлекеттік саясаттың басты бір межесі. Тәрбие отбасынан бастау алып, оқу орнында жалғасады. Халықтық, ұлттық педагогиканың негізгі мақсаты – болашақ ұрпақты адамгершілігі мол, қайырымды, мейірімді, ізгі қасиеттерді бойына сіңірген, өз ұлтын, халқын сүйетін азамат етіп тәрбиелеу. Бұл міндетті жүзеге асыру отбасы мен оқу орындарына тиеcілі. Сол тұрғыда тәлім-тәрбие жетілген сайын ұлттық ұлы мұраттарымыз жүзеге асатыны сөзсіз.
Ғалымжан БИТҰРСЫН,
Жұмабек Тәшенов атындағы университеттің проректоры