Бәрі ортаның тазалығынан басталады
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтап қалу – қазір әлемдік өзекті мәселенің бірегейі. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Экологиялық кодекс қабылданды. Осы құжатқа сәйкес Аралдың солтүстік бөлігін, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаштың су қорын молайту жұмыстары күшейді. Алдағы уақытта ірі энергетикалық компаниялардың қоршаған ортаны жауапсыз ластауына тосқауыл қойылады.
Әкеміз Нұрғали Сарыбеков экология саласына келген өткен ғасырдың 60-жылдардың басында «Экологиялық мәселелерді болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыруға болмайды!» деп алғаш рет ашық көтерген еді.
Экологиялық ғылымның негізін 1866 жылы неміс жаратылыстанушы ғалым Эрнст Геккель қалады. «Экология – адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым» деген анықтама беріп, экологияның үш негізгі заңын ашты.
Бірінші заң: «Табиғат бәрін жақсы біледі». Табиғат өзінің даму заңдылығын адамнан да жақсы біледі. Ал адам соларды зерттеп, табиғатпен қарым-қатынасын үйлестіре білуі керек.
Екінші заң: «Бәрі бәрімен байланысты». Табиғатта барлығы бір-бірімен байланысты. Өлі табиғат тірі табиғатпен байланысты. Табиғаттың бір бөлігінде адам жасаған ретсіз өзгеріс басқа жерден «бумеранг» болып қайтады.
Үшінші заң: «Бәрі де бір жерге лайықты бару керек». Адамның табиғатқа тастаған өндірістік немесе тұрмыстық қалдықтары ізсіз қалмайды, көп жылдан кейін қауіпті әсерін береді.
Міне, қарап отырсақ, 158 жыл бұрын айтылған экология ғылымының заңдары әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қайта өркениетті әлем елдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көшті. Қоршаған ортаны сақтау үшін әлемдік экологиялық жоғары стандарттарды экономиканың барлық салаларына енгізу қажеттілігі туды.
Экология – кешенді, бірнеше бағыты бар ғылым. Өнеркәсіптік, экономикалық, құқықтық, санитарлық-гигиеналық, әлеуметтік, т.б. аспектілері дамып келеді. Солардың ішінде экологиялық білім мен тәрбиені, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, яғни «экологиялық педагогика» ерекше мәртебеге ие.
Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін ғалым Нұрғали Сарыбеков бір күнде қалаған жоқ. Экологияның, табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың педагогикалық негізін орнықтыру оңайға түскен жоқ.
1968-1998 жылдары әкеміз Жамбыл педагогика институтында қызмет ете жүріп «Экология және табиғатты қорғау» ғылыми орталығын құрды. Оны 30 жыл үзіліссіз басқарды. Орталық институтта 10-нан астам республикалық, бүкілодақтық, халықаралық ғылыми форум ұйымдастырды. Осы жұмыстың нәтижесінде ғылыми қауымдастық Жамбыл педагогикалық институтын білетін болды.
Орталықтың тәлімін алған бір топ институт оқытушылары кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Ел ғалымдары Нұрғали Сарыбековтің ғылыми мектебін мойындап, оған жоғары баға берді.
Орталықтың оқушылар мен студенттерге экологиялық білім, тәрбие беру тәжірибесі Білім министрлігінде талқыланып, оның үлгісін барлық мектеп, колледжде, жоғары оқу орнында пайдалану ұсынылды.
Жалпы, экологиялық педагогика мәселесіне қатысты Нұрғали Сарыбеков 400-ге жуық ғылыми еңбек, танымдық мақала жазып, жарыққа шығарды. Яғни артына жақсы із, үлкен мұра қалдырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастық орнату, сол арқылы жастарға жаңашыл тәлім беру – саланың парызы.
Жалпы, ортаның тазалығы ұғымы табиғатпен бірге қоғамға да қатысты екені күн сайын дәлелденіп келеді. Әкеміз ғалым ретінде осыны жиі айтушы еді.
«Айналайын» – елдік мейірімнің сипаты
2014 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың «Айналайын» деп аталатын кітабы жарық көрді. (Ғалым, ұстаз, табиғат жанашыры Н.Сарыбеков туралы ой-толғау. – Тараз: Сенім, 2014. – 144 б).
Әкем «айналайын» деп үлкенге де, кішіге де қаратып айтатын жан еді. «Айналайын» деп басталатын сөзі оның өмірді сүйгенін, адамдарды қадірлегенін, дарқан жүрегін айқындап тұратын. Табиғатынан ұстаз, ғұмыр бойы табиғатты қадірлеп, оны зерттеу мен қорғауды тіршілігінің мәніне айналдырған адамның «айналайын» деген лебізі замандастарын, шәкірттерін жігерлендіретін.
Әкеміздің алғашқы шәкірті, кейінгі танымал ғалым Өміртай Танабайұлы былай деп жазады: «Табиғат соншалықты үйлестіріп мөлдірете құя салған сұлу сымбатты, сөйлескен адамның жан-дүниесіне ерекше бір жылылық құйып тұратын кіршіксіз адал қатынасы кез келген шәкіртті ерекше табындырып алатын. Ол құдірет ұстаз жиі қайталап айтатын «айналайын» деген сөздің өн бойында жата ма, әлде басқа сыр бар ма, ол жағы бізге жұмбақ еді. Осы бір «айналайын» деген сөзден ағайдың сүйкімді үні ғана емес, бүкіл адамгершілік бітімі, ұстаздың болмысы танылып тұратын. Осы қасиетті сөзді айтқан сәтте мейірімге толы мөлдіреген қос жанарынан жанға жайлы шуақ шашылып, балғын шәкірт жүрегін билеп алып, еріксіз өзіне баурап алатын. Оның досы әрі сырласына, рухани жетекшісіне, ақырында шәкірт жүрегіне берік орнаған нұрлы бейнеге айналып кете баратын».
Әкем ұрпағын да, шәкірттерін де «Жақсылық жасасаң, жақсылықпен қайтады» деген ұстаныммен тәрбиеледі. Сол себептен де болар, «айналайын» деген мейірімге толы сөзі әкемнің екінші есіміне, ұстаздық сипатына айналды.
Ұстаздың ұстанымдары
Әкеміздің соңында қалған жазба мұралары, әсіресе дәріс дәптерлері ұстаздық тәжірибенің ұстаханасы сынды. Өмір толғамдарын оқысақ, ұстаздың ішкі әлемі, жан сыры, бар болмыс-бітімі, дүниетанымы мен алдына қойған мақсат-мұрасы ашылады.
«Жаным – арымның садағасы» демекші, әкеміз – ар мен намысты бәрінен жоғары қойған тұлға. Осыған байланысты мынандай ойы хатқа түсіпті:
«Менің өмір сүру принципім: алдымда – арым, артымда (соңымда) – намысым, бойымда (болмысымда) – ата-анамның тәлімі жүреді. Осы үш асылға сүйеніп, Жаратқанға жалбарынып, еңбек етіп, табысқа жетемін. Бұл принцип мені өмір бойы алға жетелеп келеді».
Ұстаздың өмір сүру қағидаттары сөз жүзінде қалмай, тіршілікте іске асуымен құнды еді. Мұны бүкіл педагог, ғалым қауымы жақсы біледі. Ешкімнің алдында жалтақтаған жоқ, көпе-көрнеу біреуге жағымпазданбады, тек адал еңбегіне, ғылыми ізденісіне сенді. Сондықтан да ол өмірде етектен тартып, аяқтан шалғысы келгендердің алдында батыл да өткір сөйледі.
«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам...» демекші, әкемнің өмірінде қиын кезеңдер де болды. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?». Сол сияқты әкемнің сағын сындырамын дегендер кездесті. Өмірдің осындай қиын сәттерінен ол үлкен абыроймен өте білді. Осы жылдары ұстаздың адалдық, ашықтық, әділеттілік ұстанымдары айқын көрінді.
Ой-толғамдарының қорытындысы ретінде профессор Нұрғали Сарыбеков «өмір формуласын» былай жүйелепті: «Өмір формуласы: адам болу + маман болу + аман болу = өмір».
Мұндағы әрбір сөздің астарында терең мән бар деп білеміз. Бұл – долбармен көлденең тартқан ет пен терінің арасындағы желікпе сөз емес, тәжірибе мен біліктің сөзі.
Осы ой-толғамға қатысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Баймахан Ахметтің «Өмір формуласы» деп аталатын жыры бар. Рухани жағынан әкемізге шәкірт болып келетін ақын туындысында негізінен кез келген азаматтың адам, маман, аман болу тұжырымдамасы «Өмірлік темірқазығы» деп әдемі түйіндеген. Жекелеген адамға, белгілі топ өкілдеріне емес, көпшілікке бағытталған, тіршіліктің басты мәні – еңбекті әспеттегенде, адамдықты ардақтағанда, деннің саулығы мен елдің амандығын ойлағанда екені тамаша сипатталған. Туындыдағы:
«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам,
Мейлі қиын болсын жолым бұралаң.
Асылдарым, сендерді алып тірекке,
Аттарыңды ұрпақтарға қалдырам»,
деген жолдар ғылымда азат жолды бастаған тұлғасын дәл ашқан.
Бүкіл саналы ғұмырын табиғатты қорғауға арнаған әкемнің өмір жолы, ғылыми еңбектері, азаматтық ұстанымы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Халықтың келешегіне бағытталған жақсы істер, игі ойлар ешуақытта ескірмейді.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор