Сұлтанбек Қожанов ең алдымен әдебиеттің шын жанашыры болды, сондықтан да қандай қызметте жүрсе де әдебиеттану ғылымына, сынға шама-шарқынша үлес қосты. Бұл туралы белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы былай деп атап көрсетті: «Қазақ әдебиеті сынының өркендеуіне өз үлестерін қосқандар қатарына қоғам-әлеуметтік қайраткерлерін қоспау ағаттық болар еді. Олар өздерінің эстетикалық таным-білігі жағынан бірқыдыру биіктен көрінуі арқылы сын тарихында іздерін қалдырды және бір ғажабы, өнерпаздық дарындары жағынан ешбір профессионалдардан кем түспейтіндей деңгейде көрінді. Өнер жолына бел шешіп түскенде әдебиет тарихынан жарқырап көрінулері де мүмкін еді. Олар – Смағұл Сәдуақасұлы, Ыдырыс Мұстамбаев, Нәзір Төреқұлов, Ілияс Қабылов, Сұлтанбек Қожанов, Шәймерден Тоқжігітов сынды азаматтар. Бұлар көбінесе партия, мемлекет жұмысына ден қойғандықтан, сынға үнемі араласа бермеді». Иә, ғалым атап көрсеткендей, бұлардың дені мемлекет, партия жұмысында жүріп-ақ аз-кем болса да әдебиетке араласты. Солардың ішінде С.Қожановтың әдеби-сыншылдық өнері ерекше назар аударарлықтай. Көптеген дереккөзі, тарихи құжаттар қайраткер Қожановтың Алаш азаматтарына деген алабөтен сүйіспеншілігі болғанын аңғартады, тіпті, кейде Қожанов есімінің кешірек елге оралуына да осы «сүйіспеншілік» әсерін тигізген де болар. Алаштың ардақтысы Ахметке, ақиық ақыны Мағжанға деген қамқорлықтары шексіз болған оның «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деп аталатын еңбегінің мәні зор. Жаратылысында ақынжанды ол ұлы ақынды жан-тәнімен жақсы көріп, кеңес өкіметінің қаһарынан қорықпай 1923 жылы Мағжанның өлеңдер жинағын шығаруының өзі ерлікке пара-пар әрекет. Жинақты шығарып қана қоймай, әдемі, әдеби мәні зор алғысөз жазуы ардақты іс. «М.Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде үлкен орын алған деп санап, басып отырмыз», деп сөз бастаған сыншы өз ойын одан әрі жазба әдебиеті жаңа қалыптасып, әдеби тілі енді жетіліп келе жатқан кезеңде Мағжан сынды сөз маржанын терген сыршыл ақындардың рөлі зор екеніне баса мән береді, тілімізді менсінбей асқақ қарайтындарға тойтарыс береді. Соның дәлелі ретінде айтқан: «Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын, бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады», дейтін пікірлері қандай құнды, әлі күнге дейін маңызын жоймаған қанатты қағида десек қателеспейміз. Қаншама уақыт, тіпті ғасырға жуық өтсе де «жатық, таза, өткір, әдемі» тілімізді ресми қағаз жазуға жеге бермейтініміз жасырын емес, сондай тілімізді өнерге, өнегеге асыра білмейміз, өкінішті-ақ.
С.Қожановтың өз заманының үрдісінен өзгешелеу келетін келесі бір пікірі көңілге қонарлықтай, Мағжан өлеңдерінің саяси мәніне емес, әдеби маңызына назар аударуға, көбірек көңіл бөлуге шақырады. Өкінішке қарай, сыншының мұндай пікірі үнемі қолдау таба бермейді, араға жыл салып, яғни 1924 жылдың 24 қарашасында Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде өткен мәжілісте баяндама жасаған бір әріптесі: «Біреу айтады: саясат пен әдебиетті араластыруға болмайды дейді. Мағжан өлеңдері көбінесе осы пікірге сүйеніп басылған. Бұл қате», деп үзілді-кесілді кесім айтты, тіпті қатты кетіп, «саясат жағынан Мағжан кеңес топырағында отыратын адам емес. Мағжанның өлеңінде қазақтың шаруашылығына, әдебиетіне, саясатына үлкен қарсылығы бар» деп жазды.
Әлі де болса дүрбелеңді дәуірдің дауылы басылмай тұрған кезеңде, керісінше жұрттың бәрі, әсіресе сыншылар қауымы саясатшы болып бара жатқан тұста ақындық өнерді қадір тұтып:
Білмесем суреттеуді бар ма айлам,
Көз көрмей, көңілде жоқ сыршылдықты,
Керек қып іздегенмен табам қайдан, –
деп жыр жазатын Сұлтанбек Қожанов Мағжан Жұмабаевтың ең басты қасиеті – ақындығына айқын баға береді. «Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін марксизм дүниетануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына, суреттеу жағына көбірек көз салынуы керек, тарихи мәнісіне жете түсінуі керек», деп ұлы ақынның сыршылдығына, суреттеу сырына үңілді, «саяси қате» іздемеді, ақын жырларының тарихи мәнін түсіне білді.
С.Қожановтың пікірі тек қана қарсылыққа душар болған жоқ, оның ойларымен үндес, талантты танитын жандар жоқ емес-тін. Кереғар пікір айтатын, Мағжан шығармашылығын жоққа шығаратын жиыннан кейін араға жыл салып, 1925 жылы Жүсіпбек Аймауытұлы жазған көлемді зерттеуде Қожанов жазған еңбектегі өзекті ойлардың жаңғырығы бар еді. «Ол келешекті болжап, жұртты соңына ертетін пайғамбар ақын да емес, Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті. Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетте жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, школ (мектеп) ашқан, күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ», деп батыл байлам жасайтын Жүсіпбек Аймауытұлы мен Сұлтанбек Қожанов ойлары әсіресе, Мағжанның сыршылдық, суретшілдік өнері жөнінде тіпті өзектес. Сыншы Аймауытұлы ақын Мағжанды ұлы Абайдан кейінгі қатарға қойып, «шәкірт ертіп», «мектеп ашты» деп мақтанса, өз кезегінде Сұлтанбек Қожанов та Түркістан қазағына арнап: «Абайдан кейінгі екінші бастырып отырған кітабымыз осы Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері. Мағжан Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, әдебиеттану жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз», деп ұлы Абайдан кейінгі басылған еңбектің тіл, әдебиет жағынан алға апаратын рухани-мәдени күш екеніне сенеді, пайдасы мол деп санайды.
1920 жылдардың басында-ақ М.Жұмабаевтың жыр жинағына кіріспе сөз жазып, жинақтың жариялануына тікелей жәрдем берген Сұлтанбек Қожановтың сыншылдық қыры туралы белгілі қожановтанушы ғалым, профессор Амантай Шәріп былай деп ой сабақтайды: «Сұлтанбек Қожанов қазақ әдеби сынының қалыптасуына едәуір үлес қосты. Ол М.Дулатұлының «Балқия» драмасын баспасөз бетінде бірінші болып бағалады. «Жақындық па, жалақорлық па?» атты айтыс мақаласында Абай мен А.Байтұрсынұлын солақай социологиялық сыннан арашалағандардың бірі болды. Әдебиеттің тарихы, тілі мен терминологиясы туралы құнды пікірлер айтты».
Сұлтанбек Қожанов қазақ халқының ұлы ақындары жөнінде тек қана таптық сарынмен баға беріп, әсіресе алашордашылар дегенде тіпті теріс атқа мінетіндерге: «Қазақтар арасындағы революция туралы мәселе қозғалғанда Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсынұлын айналып өтуге болмайды. Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып табылады», деп жауап беріп, шәкірттік пейілмен сүйсіне жазды. Атақты Ақаңның 50 жасқа толу мерекесі қарсаңында «Ақ жол» газетінің 1923 жылдың 4 мамырында айтылған бұл пікірдің келесі бір жалғасы 1924 жылғы 3 сәуіріндегі «Жақындық па, жалақорлық па?» атты айтыс мақалада одан әрі жалғасын тапты. «Қазақ жазба әдебиетінің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа да аға бар ма? Бар болса кім?», деп сұрақ қойды. Ұлт әдебиетінің, ұлт мектебінің негізін қалаушы кемеңгерлер туралы айтқан қайраткер Қожанов пікірінің дұрыстығын уақыт кеш те болса дәлелдеді. Ол сол кездің өзінде-ақ «жоқты жазып, бар әдебиет маңайын былапыттайтындардың» жақындығы мен жалақорлығын аяусыз әшкереледі. Ұлтын сүйген тұлға Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиет пен мәдениеттің шын мәніндегі талғампаз жанашыры. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жайында: «тіл тазартуға тынбай еңбек қылып келе жатқан, амал мәселесін іс жүзінде шешіп, тіл құралдарын жазып, қазақтың ұлт мектебіне негіз қалап, ұлт мәдениетінің түп қазығын мықтап қағуына еңбегімен себеп болған, қазақ ұлт мәдениетінің бірінші қайраткері» деп жоғары баға берді («Ақ жол», 1924 жыл, 3 сәуір).
Осы аралықта сол дәуірдегі кеңесшіл бағытта қалам тербеген жазушы Сәбит Мұқановтың Сұлтанбек туралы жазған пікірлері де көп жайтты аңғартады. Мысалы: «Кеңес өкіметіне қарсы өлең-жыр жазудан тынбай келе жатқан алашордашыл ақын – Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында бастырды да, өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады; «Алаш» лидері Ахмет Байтұрсынұлының 1923 жылдың күзінде Орынборда құлаған 50 жылдық мерейтойын Ташкентте өткізіп, Түркістан Республикасының басқарушы газеті – «Ақ жолда» Байтұрсынұлын мақтаған мақалалар бастырды, портретін жариялады...», деп жазуында жатқан «ақтаңдақтар» ақиқатына енді ғана көзіміз жетіп, ақ-қарасын айыра бастадық.
Осы жайттардан түйетініміз Сұлтанбек Қожанов сол бір аласапыран кездердің өзінде әдебиеттану ғылымының, соның ішінде Алаш ұранды әдебиеттің шын мәніндегі жанашыры болды. Сынды сыңаржақ социологиялық пікірден сақтап, салиқалы, салмақты, ең бастысы әділетті, туралықты ой айтты, сөз өнерінің қадір-қасиетін, туған елін тәрбиелеудің құралы ете білді. Бұл туралы Қожановтың өмірі мен шығармашылығын алғашқылардың бірі болып зерттеген әйгілі ғалым, профессор Темірбек Қожакеев өзінің «Түркістан түлегі» атты еңбегінде былай деп баға берді: «Оның бұл саладағы қадір-қасиетін арттырар ісі – Абай мен Ахметтің қазақ әдеби тілін жетілдірудегі еңбегін, Мағжан ақындығының деңгейін жұрттан бұрын танып асқан бағалағандығы». Ғалым атап көрсеткендей, үлкен жүректі азамат, ұлтын сүйген тұлға әдебиетті, сөз өнерін шексіз сүйді, әсіресе төл әдебиетіміздің көшбасында тұрған ұлы тұлғалар хакім Абай мен кемеңгер Ахметті, қазақ поэзиясының падишасы Мағжанды сүйді, олар замана дүмпуінен теперіш көре бастағанда алғашқылардың бірі болып, қолын созды, қорғап жазды. Әсіресе қазақ ұлтының бетіне шіркеу болатын әрекетіміз, дәлірек айтқанда, атақты Ақаңның 50 жасқа толу тойын Орынборда шіріген жұмыртқа лақтырып өткізбей қойған опасыздарға қас қылғандай Ташкенттің төрінде той өткізіп беруі бір Ақаң үшін ғана емес, барлық зиялы қауым үшін, соның ішінде Алаш ұранды әдебиетті ту етіп көтерген тұлғалар үшін уақытша болса да үлкен жеңіс болды, өкінішке қарай, осы әрекеттері үшін сан мәртебе соққы жеді, ақыры мерт болды.
С.Қожановтың ақындық өнері жайында ерте кездегі ескі көздердің өзі бағалап, мойындап, пікір айтқан. Тағы бір рет Сәбеңе жүгінелік. Жазушы өзінің «Есею жылдары» атты автобиографиялық кітабында: «Обкомдағы кабинетіне барған мені Сұлтанбек жылы шыраймен қарсы алып, шүйіркелесе, теңдесе сөйлесті. Оның да өлең жазатынын сонда ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналындағы «Тоқпақ» және «Замандас» – соның псевдонимі екен. Ол жалпы әдебиетті, оның ішінде қазақ баспасөзін көп оқитын адам екен», деп ағынан жарылады. Сол заманның теперішін көп көрген белгілі ғалымның бірі Әуелбек Қоңыратбаев «Керуен» атты естеліктер кітабында: «Ол – өткір тілді, тапқыр, кең тұлғалы кісі-тін. Қызыл тілге келгенде, мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дарқан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстан туған кемеңгер адам еді», деп Сұлтекеңнің шешен әрі суырыпсалма өнерге жақын сөйлейтін талантын аса жоғары бағалайды.
Сұлтанбек Қожанов көпқырлы қасиеті, таланты мол дара тұлға. Бүгінгі айтпағымыз ардақты тұлғаның қайраткер-сыншы, Алаш жанашыры екенін ғана айтуды қал-қадерімізше мақсат еттік. Ал сыншылық, ақындық өнерді адалдығымен, әділдігімен, ең бастысы, сөз өнерін түсініп, шын жүрегімен сүйетініне көзіміз жетті. Сөз өнеріне бола сыншы ретінде айтыс-тартысқа, таласқа барған, өлең жазып елшілдікті, жұртшылдықты тақырып еткен Қожанов есімі ардақты болып, қала береді. Әдебиет жанашыры – дәлірек айтқанда, Ақаң сынды ардақтыға ара түсіп, Мағжан жырларындағы сұлулықты сүйгені үшін көп жапа шеккен Сұлтанбек Қожанов тағылымы әлі талай ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие көзі бола бермек. Кезең келбетін көрсеткен Қожанов мұралары құндылығын жоймайтын қымбат еңбектер.
Ой қорытар тұста қожановтанушылардың бірі, белгілі қаламгер Бейбіт Қойшыбаевтың: «Қожанов – ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі. Рухы күшті, биік азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны үшін қарыз да парыз», деген пікірін еске түсіріп өткеннің артықтығы болмас.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты